Елімізде 326 лото клубтың қызметі тоқтатылды
Жалпы ел бойынша 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда шамамен құмар ойындарына салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды.
13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды. Ең ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды.
Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Нәтижесінде елде барлығы 326 лото клуб қызметінің жолы кесілді. Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растады.