Қарттар үйіндегі екі зейнеткер шаңырақ көтерді
№10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушы екі қарттың көңілі жарасып, бас құрады. Қос ардагердің қуанышына орай демеушілер өз қаржысына той жасап берген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 72 жастағы Рақымқұл Бегалыұлы мен 62 жастағы Найла Мұхаммедқызы осы қарттар үйінде танысып, бас қосқан. Екеуі де №10 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 2023 жылдың маусым айында келген. Жыл соңына қарай қос ардагер үйленуге шешім қабылдап, 23 қазанда заңды некеге тұрған. Бүгін қоғам белсендісі Самат Бекебаев демеушілердің есебінен дүбірлетіп тойын ұйымдастырып берді.
Тойға қарттар үйінің қызметкерлері, жұбайлардың замандас-құрдастары қатысты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қуаныш иелерін үйлену тойымен құттықтап, деніне саулық тіледі.
Тойды ұйымдастыруда басы-қасында жүрген белсенді құттықтау сөзінде Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандарға, жетім балалар мен өмірлік қиын жағдайға түскен әйелдерге және қарттарға жақсы жағдай жасалғанын тілге тиек етті.