"Насвай қосылған Cola": газдалған сусынның ішінен белгісіз зат тауып алынды

1 523

Фото: threads.com/@horombaevaaaСемей қаласындағы мейрамханалардың бірінде қонақтар тапсырыс берген бөтелкеленген газды сусынның ішінен белгісіз зат тауып алды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға туралы ақпарат Threads желісінде тарады. Карина есімді қолданушы танысының Boho Melnitsa мейрамханасында  Coca-Cola-ның ішінен насвайға ұқсас зат көргенін жазған. Оның айтуынша, мейрамхана әкімшілігі бұл жағдай үшін жауапкершілік алмайтынын айтқан.

Зардап шеккен әйел сусынның қалдықтары әртүрлі ашылған бөтелкелерден құйылып, кейін оған насвай түсуі мүмкін деп болжайды.

— “Официант бөтелкенің майысқанын байқапты, яғни ол бұрын ашылған сияқты. Әкімші бізді бөтелкені тексермегеніміз үшін кінәлай бастады. Бірақ қонақ мейрамханаға келгенде асқа да, барға да сенуі керек. Біз мейрамхананың ішкі процестерін бақылауға міндетті емеспіз”, — деді ол.

Boho Melnitsa мейрамханасы Instagram парақшасында ресми мәлімдеме жариялап, болған жағдай үшін кешірім сұрады. Олар 10 жылдық жұмысында мұндай оқиғаның алғаш тіркеліп отырғанын атап өтті. Дегенмен мейрамхана бөтелкеленген өнімнің сапасына жауапты еместігін хабарлады.

— “Біз өндірмейтін бөтелкеленген өнімдер үшін жауап бермейміз. Бөтелке қонаққа берілген кезде жабық болған, қонақ оны өзі ашты. Қазіргі уақытта жеткізушілермен тексеру жүргізіліп жатыр. Егер бөтелке алдын ала ашылған болса, газдың жоқтығы бірден байқалуы керек еді”, — делінген хабарламада.

Мейрамхана өкілдері оқиға болған күні барда тек қыздар жұмыс істегенін және бөтелкені қонақ ашқан соң оған біреудің жақындап бірдеңе қосып үлгерген-үлгермегенін анықтау үшін ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Boho Melnitsa иесі Мадина Мальтекбаева да Instagram желісінде жағдайға түсініктеме берді. Ол бұл жайтты "күлкілі" деп атап, мейрамхананың тағамдарына жауап беретінін, бірақ жеткізілетін фирмалық сусындардың сапасы үшін жауап бере алмайтынын айтты.

— “Кола кеше ғана жеткізілген. Бізде жарамдылық мерзімі өткен өнімдер болмайды. Егер бөтелке бастапқыда ашық болған болса, оны бірден айту қажет еді”, — деді Мальтекбаева.

Оқиға бойынша тексеріс жалғасып жатыр.