Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірді деп айыпталған әйел ұсталды
Түркістанда жалдамалы пәтерлердің бірінде екі баласын өлтірді деп күдікке ілінген келіншек Шымкенттен табылды. Күдіктіні іздеу жұмыстарына полиция департаментінің және көршілес аудандар мен қала полициясының жеке құрамы жұмылдырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
“Жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің тергеуі менің жеке бақылауымда”, – деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов.
Күдікті қамауға алынды. Бұған дейін Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылғаны туралы жазған едік. Кейін күдіктінің Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде мектепке дейінгі сыныпта тәрбиеші болып жұмыс істегені белгілі болды.