Қазақстанда ұялы телефондарды бұғаттау ұсынылды
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, әр адамға шетелден тек екі ұялы телефон кіргізу жөнінде шектеу енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сөзінше, шекарадан кіргізілген ұялы телефондар саны асып кетсе, азамат мұны декларациялауы қажет. Ал тіркелмеген ұялы телефондарды байланыс операторлары бұғаттауы қажет дейді.
11 ақпанда Қазақстанда ұялы телефонды тіркеуге қатысты ереженің өзгергені белгілі болды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, 24 наурыздан бастап тіркелген ұялы телефондардың “ақ”, “сұр” және “қара” тізімі пайда болады.
Енді идентификациялық кодтар базасының операторы (БДИК) құрылғылардың ұялы байланыс желілерінде заңды түрде қолданылуын тексереді. Егер құрылғы ресми дүкеннен сатып алынып, барлық салықтар мен кедендік төлемдер төленсе, ол “ақ тізімге” енеді. Егер құрылғының шығу тегі күмән тудырса (мысалы, IMEI-код қайталанса), оны “сұр тізімге” енгізеді. Пайдаланушыға 30 күн ішінде мәселені шешуге уақыт беріледі. “Ақ тізімге” қосылу үшін заңды сатып алынғанын растайтын құжаттар ұсынылуы керек. Егер телефон қолдан жасалған немесе ұрланған болса, ол “қара тізімге” енгізіледі және байланыс желілеріне қосыла алмайды.
Ал 12 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында Екатерина Смышляева аталған мәселені көтерді. Мәжілісменнің сөзінше, “сұр” схема арқылы елге кіргізілген ұялы телефондардың үлесі жалпы нарықтың 64%-на тең. Тек қосылған құн салығының өзінен мемлекет 100 миллиард теңгеге жуық қаржыдан қағылған.
Депутаттың сөзінше, кейінгі жылдары дүкендер алдымен салық төлеп, кейін тауарды елден шығарғандай қайта рәсімдейді екен. Осылайша олар төленген салықты қайтарып алады. Ал телефон ел ішінде қалып, заңсыз сатылатын көрінеді.
Сондықтан Amanat фракциясының депутаттары келесі ұсыныстарын енгізді:
Гаджетті заңсыз алып келгенін және салықтың төленгенін тексеру үшін IMEI жүйесін кеден деректерімен байланыстыруды қамтамасыз ету;
IMEI мен Интеллектуалды меншік нысандарының кедендік тізімін автоматты түрде салыстыруды қамтамасыз ету;
Кедендік процедуралардан заңды түрде өткен құрылғылардың “ақ” тізімін дайындау керек. Сондай-ақ тұтынушы сатып алар кезде мұны тексере алуы қажет.
Шектеу енгізу, жылына екі құрылғыдан артық кіргізбеу. Егер саны одан асып кетсе, құрылғыларды декларациялауы қажет.
Құрылғыларды автоматты түрде тексеруді қамтамасыз еткеннен кейін ғана байланыс операторының желісіндегі заңсыз телефондардың бұғатталуын тұрақты негізде қамтамасыз ету. Бұл ретте ережелер шыққанға дейін елге әкелінген құрылғылар қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін заңдастырылуы және айналымнан табиғи түрде шығарылуға тиіс. Өйткені,азаматтар оларды түпнұсқалығын тексере алмай сатып алды.
Мобильді құрылғылардың көлеңкелі нарығын бақылауды заңнамалық реттеу бөлігінде фракцияның ұсыныстары бойынша үкіметтің қорытындысын дайындауды жеделдету.
Ұсынылған шаралар заңсыз импортты азайтады, тұтынушыны қорғайды және импорттаушыларға әділ салық салуды қалпына келтіреді.