Сырдария өнерпаздарының Қызылорда қаласы тұрғындарына мерекелік тартуы

1 481

Сырдария өнерпаздары Қызылорданың 100 жылдығына арналған мерекелік шарада ерекше өнер көрсетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Қызылорда қаласының астана мәртебесін алғанына биыл 100 жыл. Айтулы тарихи оқиғаға орай өңірде түрлі мәдени, рухани іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда. Осы орайда Қызылорда қаласының орталық алаңында өткен «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы аясында Сырдария ауданының өнерпаздары ауқымды мерекелік концерт қойып, қала халқы мен меймандарының ыстық ықыласына бөленді.


Мәдениет пен руханият тоғысқан кеш

Алаңда өткен салтанатты шара «Адал адам» тұжырымдамасының жеті бағыты негізінде ұйымдастырылып, көрмелер мен мәдени бағдарламалар арқылы рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Сыр елінің тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеген бұл шарада отансүйгіштік, адамгершілік, ұлттық бірегейлік, еңбекқорлық пен әділдік сынды қағидалар көрермен назарына ерекше түрде ұсынылды.


Іс-шараға арнайы қатысқан:


Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Омаров,


«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асылбек Есмаханов,


ҚР еңбек сіңірген әртісі, сырдариялық мақтаныш Бақтияр Алпысбаев,


Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Байдушев,


облыстық мәслихат депутаттары мен мәдениет саласының ардагерлері Сырдария өнерпаздарына жүрекжарды тілектерін арнап, елді мекендердің рухани жетістігін жоғары бағалады.


Сырдария өнер ұжымдары ел көңілінен шықты

Концерт барысында Сырдария аудандық мәдениет үйлері мен ансамбльдері сахна төріне шығып, елге рух пен шабыт сыйлады. Өнер байқауына ауданның бірегей шығармашылық ұжымдары мен жекелеген өнерпаздары қатысты:


Сәдуақасовтар халықтық отбасылық ансамблі – ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар үлгісін көрсетті;


«Ұлағат» әкелер ансамблі – тәрбиелік мәні терең, ұлттық нақыштағы орындауларымен ерекшеленді;


«Алтын қазына» және «Ритм» вокалды-аспапты ансамбльдері – сахнаны шырқата әнмен тербеді;


«Балауса» халықтық би ансамблі – ұлттық би өнерінің әсемдігін шебер жеткізді;


Сонымен қатар, ауданның жас әрі талантты әншілері мен бишілері де өнер көрсетті.


Әрбір қойылым – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, өнерге деген адалдықтың, халқымыздың рухани-мәдени мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісі болды.


Қызылорда – тарихтың алтын шежіресі

Шара соңында жиналған қауым Сыр елінен шыққан өнер тарландарына, өнерге қолдау білдірген аудан әкімдігіне, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Әсем ән мен күмбірлі күйге, қазақ биінің керемет хореографиясына куә болған көрермендер жылы лебіздерін жеткізіп, Қызылорданың ғасырлық мерейтойының мәні мен маңызын сезіне түсті.


Сырдария ауданының өнер ұжымдары – ел руханиятының тірегі. Қызылорда қаласының 100 жылдық торқалы тойына арналған бұл шара олардың өнерге, Отанға және халқына деген шынайы сүйіспеншілігін паш еткен мазмұнды кеш болды.