Қармақшыда экологиялық акция қорытындыланды

1 524

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберіндегі «Мөлдір бұлақ» апталығы сенбіде қорытындыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қармақшыда өткен сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жеке ұйымдар, жастар және волонтерлер, сондай-ақ тұрғындармен техникалар қатысты.


Ұйымдастырылған тазалық іс-шарасында аймақ бойынша су айдындары мен өзен-көл жағалаулары, аяқ су арықтары тазартылып, қала, аудан, ауылдарда көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияның негізгі мақсаты да сол. Табиғатты таза ұстап, тұрғындардың хал ахуалын, мәдениетін көтеру.

Қармақшы ауданында өткізілген сенбілікте Сырдария өзенінің бойы мен су каналдары қоқыс қалдықтарынан тазартылып, техникамен шығарылды. Бұл жұмыстар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде де атқарылды. Кент ішіндегі көшелерге бөлінген мекеме қызметкерлері тазалық жүргізді. Сенбілік бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына аймақ жұртшылығын белсене қатысуға шақырған үндеуі жарияланған болатын. Бұл жұмыстар көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алған-ды. Содан бері акцияның нәтижесі аймағымызға оң өзгеріс әкелуде.


Бүгінде ауданымызда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Уақыт өткен сайын кентіміз көрік беріп, тұрғындарға жайлылық сыйлауда. Бір ауық күндіз немесе кешкілік серуенге шығып кентті араласаңыз, сөзсіз көзіңіз жетеді. Бұрынғыдай шаңы бұрқыраған қара жолдардың ауылы алыстап, тақтайдай тегіс жолдар мен төбеден жарық шашқан қаз-қатар түнгі шамдар діттеген жеріңізге дейін апарады. Басты көшелерге салынған жаяу жүргіншілер жолы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, орынтақтар сіздің аяқ сергітіп демалуыңызға ол да бір жайлылық сыйлауда. Жалпы ауданда аудан әкімінің бастамасымен бірқатар жұмыс қолға алынып, өз нәтижесін беруде. Соның негізгілері сенбіде бақыланды.


Аудан басшысы Жандос Еркінбек кент орталығындағы Т.Рысқұлов пен К.Тәуекелов көшелеріндегі абаттандыру жұмыстарын аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда жаяу жүргінші жолы салынуда. Сондай-ақ жарық шамдар орнату, көгалдандыру секілді жұмыстар жүргізілетін болады. Одан бөлек темір жолдың арғы бетіндегі «Шығыс» каналын абаттандыру бақыланды. Тексеру барысында тиісті сала басшыларына жұмыстың сапалы орындалуын қатаң қадағалауды міндеттесе, мердігерге жұмыстың мерзімінде аяқталуын тапсырды.