Әке-шешесі ішімдікке үйреткен екі жасар қыз балалар үйіне берілді
Павлодарда ата-анасы сыра мен шарап беріп ұйықтатып үйреткен екі жастағы бүлдіршін балалар үйіне тапсырылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2023 жылдың 24 қарашасында Vita ұйымының еріктілері қалалық полицияға хабарласып, екі жастағы қыздың антисанитариялық жағдайда тұратынын және оның анасының ішкілікке салынып кеткені туралы шағым түсіреді. Сондай-ақ олар кішкентай қыздың өзінің де мас күйде жүретінін байқаған. Ювеналды полиция қызметкерлері сол күні кәмелет жасқа толмаған қызды анасынан алып кетіп, облыстық балалар ауруханасына тексеруге жіберген.
Бұдан бөлек қыздың анасы былтыр наурыз және шілде айларында айналасындағылардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Болған жағдайдан кейін кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуде ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін келіншек “Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту және қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындамай, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана ретінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі” органдардың тізіміне тіркелді.
Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қазір медициналық қызметкерлердің бақылауында.