Қызылорда облысы макрокөрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда келеді

5

Қызылорда облысы макрокөрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қызылорда облысы даму қарқыны бойынша көп аймаққа үлгі десек те болады. Бүгінгі Үкімет отырысында Республика Премьер-министрі Олжас Бектенов негізгі макрокөрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда тұрған аймақтарды атап өтті. Соның басында Қызылорда облысы тұр. 


Премьер-Министрдің айтуынша, барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр.


Үкімет басшысы қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.


– Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласы тиімді үйлестіруі керек, – деді Олжас Бектенов. 


Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция  жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.


Осы жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бірінші орында тұрғанын мәлім етті. Вице-премьердің айтуынша, Сыр өңірі негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі бойынша көшбасында келеді.


Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары Қызылорда облысы негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша бірінші, құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша екінші орында екенін айтқанын хабарлаған болатынбыз.


Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі