Нұрғиса Мақұлбекұлы: Бастысы аудан халқына сапалы өнім ұсыну

1 548

Бүгінгі таңда ақылмен еңбек етіп,  іс қылған адам озады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Осындайда хакім Абайдың «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» дегені әсте ойға оралады екен. Шынында, екі қолға бір күрек тауып, өз ісіне береке тапқандар ғана еңбегінің несібесін көреді. Былай қарасақ, білек түріп, ниет білдіргенге кәсіп көп. Әсіресе, Шиелі ауданы – шаруашылықтың қай түрін болмасын тез игере алатын мекен. Соның ішінде жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжай жайлы қалай айтпасқа?! Ал сол жылыжай ісін дамытып жүрген Жақаев ауылында тұратын Құлшықбай әулетін білесіздер ме? Ендеше, мақаланы соңына дейін оқып көріңіз. 


Сәрсенбі күні тілшілік тыныспен аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлымен бірге Ы.Жақаев ауылына бағыт алған едік. Арнайы жылыжайды баптайтын шаруа қожалығымен танысып, өнімдерін көруге бардық. Далада бет қаритын суық болса да, жылыжай ішінде жылы леп еседі, төгіліп тұрған өсімдік әлемі беймаза тіршіліктен арашалағандай, жан дүниеңізді баурап алады. 


Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті шаруалар аталған салаға бет бұра бастады. «Нұрғиса» шаруа қожалығы деп аталатын жылыжайды Нұрғиса Мақұлбекұлы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысып, жеңіп алған. Кәсібі үшін 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Нұрғисаға отбасы да  қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда жылыжайды өзі ғана емес, әулет болып баптайды. Расында, белгілі бір кәсіпті бастағанда қиындықтар мен кедергілер болатыныны хақ. Алайда кәсіпкер талай қиын кезеңнен өтіп, қазіргі уақытта еңбегі жанып, жұмысы біртіндеп табыс әкелуде. Себебі табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашан да жоғары. 


"Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Біздің мақсатымыз тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы жылыжайда көкөністер өсіру, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи және технологиялық ресурстарды тиімді пайдалану болып отыр. Сондай-ақ жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуға тиіс. Өйткені әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың", – деді Нұрғисаның әкесі Мақұлбек Құлшықбай. 


Нұрғисаның айтуынша, жалпы жылыжай аумағы 10 соттықты құрайды. Осы көлемге Нұрғиса 4000 түп қияр мен қызанақ еккен.  Жылына 6-7 гектар көшет егіп, еңбек еткен. 


"Бұл кәсіпке келуім қызығушылығымнан болар. Себебі мол табысқа кенелуді көздеген емеспін. Бастысы, аудан халқына сапалы өнім ұсыну. Мен әрбір ісімнің оң нәтиже беріп, жеміс алуымның өзін үлкен жетістік деп түсінемін. Жылыжайдағы өнімдер – менің ғана емес, отбасылық кәсібіміздің жемісі", – деді Н.Мақұлбекұлы. 


Жылыжайды бағамдап жүріп, болгар бұрышы, қауын, қарбыз сияқты көкөністерді көзіміз шалып қалды. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы былайша пікірін білдірді: 


"Егін шаруашылығы үшін, алдымен, білім содан соң қажырлы еңбек қажет. Еккен егіннің бар күтімін жасаса, егін шаруашылығының елге берер пайдасы көп. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» дегендей, біздің ауданда ризық-несібесін жерден теріп, ата кәсіпті кеңінен дамытып жатқан шаруалар көп. Егістік басында еңбекке шыныққан дихандар ала жаз бойы егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Бүгінгі кәсіпкеріміз Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары ретінде жастарға үлгі болып, кәсіптің жолын табуына септігін тигізуде. Ал біздегі ниет – осындай еңбек адамдарын көпшілікке таныстырып, насихаттау", – деді.


Топшылай келе, ауданда, ауылда болсын, кәсіппен айналысам деуші азаматтарға әрқашан да қолдау көрсетіліп отыр. Келешекте Құлшықбай әулеті өзінің кәсібін жоғары деңгейге көтеріп, ауқымын кеңейтуге ниетті. Бұл бастама көп жасқа үлгі болады деп ойлаймыз. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектеген адамға табыс мол. Дәл осы сөзімізді дәлелдеген   кейіпкерлеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан, жылыжайдың жайын келістіріп отыр. Әлбетте, бұл көңілге қуаныш ұялатады.


Жылыжай (ағылшынша - greenhouse) – жеміс-жидектер мен көкөністерді жылдың салқын мезгілдерінде өсіруге арналған арнайы нысан. Жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан, тәулік бойына бір қалыпты температура мен ылғалдық сақталады. Ең бастысы жылыту мен желдету жүйесі дұрыс жұмыс істеуі қажет. Жылыжай күн сәулесімен, белогиялық отынмен, техникалық жолмен де жылытылады. Сол секілді жылыжайды желдету табиғи жолмен де, жасанды жолмен де жүзеге асырылуы мүмкін. Жылыжай пайдалану мерзіміне, қолданылған құрылыс материалына, мақсатына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Жылыжайға жабын ретінде әйнек немесе полиэтилен пайдаланылады. Дақылдар жылыжайда топыраққа отырғызылады немесе стеллаждарды пайдалану арқылы өсіріледі.


Жасыратыны жоқ, өзіміздің шаруалар халықты көкөніспен, жеміс-жидекпен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан көкөніс пен жеміс-жидекті көрші Өзбек пен Қытай елдерінен тасымалдауға мәжбірміз. Жыл сайынғы бағаның мың құбылуы да осының салдары. Сондықтан сыртан тасымалданатын көкөніс пен жеміс-жидекке деген тәуелділікті жою үшін елімізде жылыжай шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алуымыз қажет.


Министрліктің мәліметінше жылыжай шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Статистика дұрыс-ақ. Алайда жылыжай шаруашылығы еліміздің барлық өңірінде дамып жатыр деуге келмейді. Өкініштісі сол... Өйткені жауапты министрліктің мәліметіне қарар болсақ, жылыжай шаруашылығы тек Оңтүстік Қазақстанда жақсы дамығынан көруге болады. Сандарды сөйлетер болсақ, Түркістан облысында 3 366 жылыжай бар екен. Ол  жылыжайлардың жалпы көлемі 1467,4 гектарды құрап отыр. Бұл еліміздегі барлық жылыжайдың 71 пайызы деген сөз.


Алайда, жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан облысында да жағдай мәз емес екен. Сала мамандарының айтуынша, жылыжайларды жылытуға, жарықтандыруға жұмсалатын шығындардың үлесі өнімнің өзіндік құнының 45 пайызын құрап отырған көрінеді. Ал мұның өнім бағасына тікелей әсер ететін фактор екені түсінікті. Оған қоса, табиғат жағдайына байланысты жергілікті шаруашылық иелері көрші елдерге қарағанда қуат көздерін ұзағырақ пайдаланады екен. Ол аз десеңіз көрші елдермен салыстырғанда, біздің елде электр энергиясының, көмірдің, табиғи газдың бағасы біршама жоғары көрінеді. Сол себепті де біздің шаруалар көрші елдің өндірушілерімен бәсекелесе алмайды. Өйткені көрші елдерде өнімнің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Соның салдарынан жергілікті жалыжай шаруашылығы иелері олай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының күйін кешіп отыр. Өйткені өнімді арзан сатса, шаш етектен шығынға батады, ал қымбат сатса, шеттен келген өніммен бәсекелесе алмай, өнімі өтпей қалады.


Сондықтан жылыжай шаруашылығы мамандары жылыжайға қажетті қуат көздерін 50%-ға дейін субсидиялауды сұрап отыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруаларды қолдау мақсатында көрші елдерден келетін өнімдерге салынатын салық көлемін ұлғайту қажет деп есептейді. Сонымен қоса шаруашылық иелеріне несие төлеу мерзімін ұзартуды, коммуналдық төлемдерге төленетін тарифті қайта қарауды ұсынып отыр.


Солтүстік өңірлерде жылыжай шаруашылығын дамытуға не кедергі?


Базбір мамандар еліміздің Солтүстік, Орталық, Шығыс аймақтарда жылыжай шаруашылығын дамыту тиімсіз екенін айтады. Сарапшы мамандардың алға тартып отырғаны аталмыш өңірлерде ауа-райы суық, яғни пайдаланылатын қуат көздеріне жұмсалатын шығын көп. Олардың пайымдауынша, ауа райы суық өңірлерде жалыжай шаруышылығын дамытуға шығын шығарғанша, оңтістік өңірлерде өнім өндіріп, оны солтүстік өңірлерге тасымалдаған тиімді. Алайда мұндай ұсыныс айтып отырған мамандар жол шығынын және тасымалдау кезінде бұзылатын өнім құнын ескермей отырған секілді. Сондай шығындардың салдарынан оңтүстікте өндірілген өнім солтүстіке жеткенде бағасы екі-үш есеге қымбаттап шыға келеді. Соны ескеруіміз керек.