Былтыр Қорқыт ата мемориалды музейіне 16 мыңға жуық турист келді

1 009

Әлемдік экономикада қарқынды саланың бірі – туризм, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


 Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, туризм әлемдік экономикадағы табысы төмендемейтін салаға жатады. Ол көп елде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етуде. тіпті соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналып үлгерді.

Жұмыс пен қым-қуыт тірліктен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Әсіресе көктем, жаз мезгілі қыдыруға ең ыңғайлы уақыт. Себебі көбі осы маусымда еңбек демалысына шығып, қалтасы қампаяды. Мұндайда бірі – шетел асса, енді бірі – отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп әуреленіп әлек. Иә, тамылжыған табиғи жерлер мен тарихи нысандар елімізде өте көп. Осындай сұлулықты көргісі келетін азаматтар да аз емес. Ал мұндай әсем жер Қармақшы ауданынан да табылады.

Қармақшы – еңбек пен өнерде қатар аты шыққан өңір. Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен. Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан күллі түркі жұртының ұлық тұлғасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені тек қана өңірдің ғана емес, сондай-ақ ол Қазақ елінің мақтанышы. Қабырғасы сонау 1980 жылдардың басында қаланған кешен басында қай кезде де қонақ аяғы үзілмейді.

Бұған дейін елімізде өткен EXPO-2017 көрмесі кезінде туризм саласының өркендеуіне негіз қалайтын жарқын жобалар қолға алынғаны белгілі. «Қорқыт ата» мемориалды кешені – соның айқын көрінісі. Сол жылы кешен қайта жаңғыртылып, шетелдік қонақтарды қабылдайтын негізгі орын санатына енгізілген болды. Осы арқылы Сыр өңірінің мәдени, тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Қазір күрежолдың бойында орналасқан кешен жолаушылардың аялдайтын қасиетті мекені саналады. Бұл аумаққа ат басын бұрған жандардың жайлы демалысына жағдай жасауға да көңіл бөлініп келеді. Осы арқылы туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік жасалуда. 

Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін дүние жүзіне таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. Түгел түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт атамыздың мәңгілік мекеніне айналған тарихи маңызға ие – Қорқыт ата кешені сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Архитектуралық кескіні ерекше кешен келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Кешендегі басты ескерткіш стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Жалпы кешенге жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға барлық қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылған деуімізге болады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолын бойлай орналасқан Сыр өңірі – жер кіндігі Байқоңыр мен түркі халықтарының әйгілі абызы Қорқыт ата ескерткіш кешенімен ерекше. Ақмешіт атырабының рухани айнасына айналған киелі жер, өзге елден саяхаттап келушілердің жиі ат басын бұратын мекеніне айналған. Мемориалдық кешенді көруге асыққан туристердің қарасы қалың. Алыстан төрт құлағы күнге шағылысып көзге бірден көрінетін кесене табалдырығын аттағандарға қобызшының өміріне қатысты тарихтан сыр шертіп тұр. Сондай-ақ мұнда келушілер кешен жанындағы музейге соқпай кетпейді.

Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отыратын бірден-бір мекеме.

Музей экспозициясы негізінен Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтер береді. Сонымен қатар, Шірік Рабат қалашығынан, Тұран ойпатында орналасқан асарлардан, Жанкент қалашығынан табылған тиындар, қыш құмыралар, қобыздың түрлері, ескі домбыралар, зергерлік және тұрмыстық бұйымдар орын алған. Өткен жылы Қорқыт ата мемориалды музейіне келушілер саны – 15912 адамға жетті. Сонымен қатар келушілерге арнап 2514 экскурсия жүргізіліп, 57 жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері аудан орталығындағы мектептермен де тығыз байланыс орнатып, көптеген мәдени іс-шараларлы бірлесе атқарып келеді. Есептік мерзім аралығында тарихи-мәдени мұраларды жинақтау оларды ғылыми негізде жүйелеп, музей қорын толықтыру бағытында біршама жұмыстар атқарды.  Қазіргі таңда музей қорында барлығы – 3279 дана экспонат сақтаулы тұр, – дейді мекеме басшысы Нұрлан Бақтияров.

Музейдің негізгі жұмыстарының бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болып табылады. Оның мақсаты ұлттық мәдениет қазынасын зерттеу және қолдану үрдісін, әдістемелік, қызметті  тарихи және мәдени құндылықтарды тауып, оны зерттейтін археологиялық, этнографиялық экспедициялар және іс-сапарлардың көмегімен жүзеге асыру. Сондай-ақ тарихи және мәдени мұраларды зерделеудің тұтастай жүйесін қалыптастыру мақсатында музей қызметкерлері бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін баспасөз беттеріне жариялап келеді.

Музей қызметкерлері облыс аумағында жүргізілген археологиялық экспедициялар құрамында болып, қазба жұмыстарына қатысты. Атап айтқанда Қорқыт Ата атындағы ҚУ жанындағы «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, ортағасырлық оғыз қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда.

 Өткен жылдың ақпан айында Ахметжан Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінде Қызылорда қаласындағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорындағы Сыр өңірінің қылқалам шеберлері туындыларынан «Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кешені» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – оқушылардың сурет өнеріне деген қызығушылықтарын ояту, жергілікті қылқалам шеберлерінің өнерін дәріптеп, жас ұрпаққа таныту болып табылады. Көрмеге суретшілердің 15-тен астам туындысы балалар назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Қорқыт менің жүрегімде» тақырыбында шығарма жазу байқауы ұйымдастырылды. Байқауға «Шабыт» үйірме орталығынан 10 оқушы қатысып, шара қарытындысы бойынша жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қорқыт ата музейінің қорындағы этнографиялық экспонаттардан Қармақшы аудандық Ү.К.Томанов атындағы №183 қазақ орта мектебінің оқушыларына «Көне жәдігер – көрме сәні» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Мұнан бөлек, мейірімділік пен достықтың, сүйіспеншіліктің символына айналған 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Кімге алғыс айтар едіңіз?» тақырыбында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған онлайн челленджі ұйымдастырылды. Қазалы ауданының оқушылар үйінде Қорқыт ата музейінің қорындағы құнды экспонаттардан «Көне жәдігер – көрме сәні» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлерімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, халқымыздың асыл мұраларын сақтау болып табылады. Көрмеге музей қорынан 70-тен аса жәдігерлер қойылды, – дейді музей қызметкерлері.

Қорқыт ата мемориалды музейінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Төрлет, төл мереке, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өткізілген. Мерекелік шара аясында тал отырғызу акциясы, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, музей қорындағы этнографиялық экспонаттардан көрме ұйымдастырылды. Ұлыстың Ұлы күні  Наурыз мерекесіне орай Қармақшы ауданының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға Қорқыт ата мемориалды музейінің қорындағы этнографиялық экспонаттардан көрме өткізілді. Өскелең ұрпаққа Қорқыт атадан қалған нақыл сөздері жөнінде кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында «Бабадан қалған асыл сөз» тақырыбында оқушылар арасында Қорқыт атаның нақыл сөздерін жатқа айту сайысы ұйымдастырылды. Сайыс қорытындысына сәйкес үздік деп танылған оқушылар бағалы сыйлықтармен, кәсіпорын басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Ахметжан Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінің оқушыларына Қармақшы ауылдық округіндегі мемлекет қорғауына алынған Жел диірменге және оғыздардың ортағасырлық Сортөбе қалашығына тарихи-танымдық саяхат ұйымдастырылды. Шараның мақсаты: жас ұрпақты өлкеміздің тарихымен, таныстырып, тарихи-мәдени мұраларымызды қорғауды үйретіп, олардың маңыздылығын түсіндірді. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай «Қазақстан – ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы» тақырыбында Қармақшы ауданының Көшеней Рүстембекұлы атындағы аудандық Жыраулар үйінде көшпелі көрме ұйымдастырылды. Аталған көрмеге музей қорынан 70-тен аса экспонат қойылды. Қармақшы ауданы, Ү.К.Томанов атындағы №183 қазақ орта мектебіне «Көне жәдігер – көрме сәні» тақырыбында көшпелі көрме өтті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта, аудан арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінің бөлігінде 14 нысан жұмыс жасап тұр. Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан, аудан бойынша туризм саласында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда: «Маргарита», «Керуен» жол бойы қызмет көрсету кешендері ашылса, «Оазис» жол бойы кешенінен қонақ үй құрылысы, «Ақсарай» жол бойы кешенінде сауда орталығының құрылысы және халықаралық көлік дәлізінің 1570 шақырымынан «Helios» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Д» санатындағы кешені құрылыстары аяқталып халыққа қызмет жасауда. Сондай-ақ Қармашыда «Qarmaqshy Demeu Travel» туристік агенті кең байтақ қазақ жерінің тамылжыған табиғаты, терең тарихтан сыр шертетін мәдени мұраларымен танысуға Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларындағы туристтік орындарға қысқа мерзімді турлар ұйымдастырылып келеді.