Жаңақорғандық кәсіпкер қоқысты кәсіп көзіне айналдырып отыр

1 551

Жаңақорғандық кәсіпкер Насырулла Мырзаев аудандағы қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы қайта өңдеу зауытына өткізуді жолға қойып, бірнеше жылдан бері кәсіп көзіне алналдырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бірнеше жылдан қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алған. Отбасымен және 2-3 жұмысшы алып, макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптайды. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайы бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіріп, ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізбейді. 


БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің белгіленгеніне биыл 50 жыл толды. Жарты ғасыр уақыт ішінде бірнеше ел етегін жинап, айналысын мұнтаздай таза ұстауға аяғынан тік тұрды. Бірақ, басым көбі әлі де тазалық мәдениетін қалыптастыра алмай отыр. Оның шінде біздің ел де бар. Осыдан барып тазалықтың қадірін түсінбей жүрген елдер қаншама көп деген түсінік келеді. Басқасын айтпағанда пластмасса өнімдерді азайтуға кей мемлекет құлық танытпай тұр. Тіпті, өңдемек түгілі арнайы орындарға тастауды жатсына бастады. Бұл мәселе бүгінгі әлем елдерінде үлкен проблемаға айналды. 


Қазір қалдықтарды жою, қайта өңдеу арқылы кәдеге жарату бағытында шағын зауыттар іске қосыла бастады. Әйтсе де, қоқысты сұрыптау ісі бір жүйеге түсе қойған жоқ. Жан-жақты қолдау тетіктері де қалыптасты дей алмаймыз. Бұл – тұрмыстық заттарды өңдеу ісінің өріс алуына дем бере алмайтыны белгілі. Дегенмен, жаңақорғандық Насырла Мурзаев пен Нұрлан Садуақасов осы саланы дамытуға ниетті. Бірнеше жылдан бері қатты қалдықтарды жинап Шымкенттегі зауытқа өткізуді бастаған кәсіп иелері алдымен оларды сүзгіден өткізіп, әр қалдықты бөліп-бөліп жөнелтуді қолға алды. Енді шикізаттан өнім шығаруды қолға алсақ керемет болар еді.


Алдымен, әлем тәжірибесінен бастасақ. Дамыған отыздыққа енудің басты құралы – бә¬секеге қабілетті ұлт қалыптастыру. Яғни, шағын және орта бизнесі дамыған, өңдеу өнеркәсібі қалыптасқанда ғана көшке ілесе аламыз. Алайда, тазалық мәдениеті маңызды орын алады. Осыны ескерген дамыған елдер бүгінде тазалыққа мән беріп, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісін қолға ала бастады. Мәселен, Швеция, Франция мен Италия сынды мемлекеттердің кейбір қалалары «пластикалық пакеттер мен бөтелкелерден» бас тартып, орама қағаздарға көше бастады. Себебі, пластикалық заттардың зияны өте көп.


Данияның тәжірибесі де елеулі. Бұл елде 1994 жылдан бері пластик құты мен пакет¬ті шектеген. Алдымен мәдениетті жолмен. Яғни, өндірушілердің экологиялық сауатын ашу арқылы. Сосын қаржылық жолмен. Яғни, сатушыларға пластик ыдыс пен пакет үшін салық салу арқылы. Осындай жолмен тұрмыстық қатты қалдықтарды 90 пайызға төмендеткен. Енді Даниядан табиғи процесте 400 жылдай уақытта толық жойылатын пластик пакеттер мен құтыны табу қиын. Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да полиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір су¬пермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Ал, Қытайда кәріздің шойын қақпағын ұрлай бергендіктен құтылардың ауызын пластикпен тығындауды жолға қойыпты.


Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады. Мәселен, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі, ағаш пен темір жәшіктерден жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті, сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полителен пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристтерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде.


Биыл наурызда Кения астанасы Найробиге шартараптың экология саласына жауапты бас¬шылары жиналған-ды. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының кезекті кездесуінде планетаның басты экологтері «Пластмасса қал¬дығын жоямыз» деп аталатын қарар қабылдаған еді. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Құжатта пластик өнімдерімен күресу тәсілдері егжей-тегжей жазылды. Енді, келесі жиын кезінде, яғни 2024 жылы қарарды бекітпек.


Жалпы, пластмасса өнімдерінің қалдығы бүгінде әлемге үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Өйткені бұл материалдың табиғи жолмен шіруі өте баяу жүреді. Көп жағдайда жүздеген жылдарға созылады. Сол себепті мұндай қоқыс қоршаған ортаға да, адамдардың денсаулығына да, жан-жануарларға да үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, жыл сайын әлемде 400 миллион тонна пластик қоқыс шығарылады екен. Өкініштісі де сол, 400 миллион тонна қоқыстың жартысына жуығы – сусын құтысы, қаптама секілді бір реттік пайдаланылатын пластмасса өнімдер. Алайда жалпы пластик қалдықтың тек он пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға төгіліп, ормандар мен далаларда шашылып, мұхиттарды ластайды. Шамамен, жыл сайын 23 миллион тонна пластмасса өзендерге, көлдерге, теңіздер мен мұхиттарға ағып кетеді.


Шартараптың экологтері пластмасса қал¬дығына бас ауыртуы бекер емес. Ірі өндіруші компаниялар пластмасса өндірісін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Сарапшылар бұған шектеу қойылмаса немесе реттелмесе 2050 жылға қарай пластик өнім тұтыну көлемі екі есеге артатынын айтып дабыл қағуда.


БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының деректеріне сәйкес, қайта өңдеу саласына 65 миллиард доллар инвестиция қажет. Бірақ бұл пластик өнеркәсібіне салынған инвестицияның жартысы ғана. Сондай-ақ алдағы жиырма жылда пластикалық ластануды 80 пайызға азайту мол пайда әкелмек. Әсіресе денсаулыққа, климатқа, ауаның ластануына, мұхитқа төнген қауіпті азайтады. Алда-жалда әлем осындай қадамға бара қалса, 3 триллион доллар шығынның алдын алуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, ауаға парникті газдардың шығуын да азайтады. БҰҰ келтірген деректе жаһандық көмірқышқыл газы шығарылымы 500 миллион тоннаға азаятыны көрсетілген.


Қоқыспен күресу үшін кей мемлекет пластмасса өнімдерін азайтуды жоспарлап отыр. Мәселен, Еуропалық комиссия былтыр бір реттік пластик қаптамалар өндірісін шектеуге қатысты заң жобасын ұсынды. Басты мақсат – 2050 жылға қарай қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өңірге айналу. Осы жолда мейрамханалар, қонақүйлер және дүкендерде бір реттік пластмасса қорапшалар мен қаптамаларға тыйым салынбақ. Мұның бәрі түптеп келгенде қоршаған ортадағы тепе-теңдік заңдылығын сақтап, әлемді экологиялық апаттан қорғап, адам денсаулығына қамқорлықтан туып отыр.

Қоқыс мәселесі Қазақстанда да өршіп тұр. Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігінен хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырған жаһандық мәселе. Статистика бю¬росының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы елімізде небәрі 132 мың тоннаға жетер-жетпес пластик қалдығы қайта өңделген. Бұл жыл сайынғы пластмасса өнімдердің 20 пайызынан сәл ғана көп. Яғни Қазақстанда шамамен 602 мың тонна пластик зат қоқысқа тасталады. «Жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өңдеудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Бірақ 2030 жылға дейін аз ғана уақыт қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар.


Еліміздің қайта өңделетін шикізат¬пен айналысатын кәсіпорындарында өнім шығаруға макулатура, шыны, жә¬не пластмасса жетіспейді. Бұған 2022 жылдан бастап жүргізіліп келген EcoQolday бағдарламасының тоқтап қалуы себеп. Өйткен осы жоба аясын¬да бұл саланың талай қызметкерлері жұмыспен қамтылып, өңдеушілер болса, шикізатпен қамтамасыз етіліп келген. Шикізат жетіспеушілігіне байланысты қазіргі таңда қайта өңдеу зауыттары толық жұмыс істей алмай отыр. Ал шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Оның үстіне көрші елден келетін бір реттік ыдыстар мен қаптамалар арзан болғандықтан нарықта сұранысқа ие.


Осыған байланысты «Қазақстанның қайта өңдеушілер қауымдастығы» Қа¬зақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа үндеу жолдады.


«Біз Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу саласына реформа жүргізуін сұраймыз. Зауыттарымыз шикізатпен толтырылса дейміз. Сонда ғана біз нарықта бәсекеге қабілетті болып, дайын өнімді экспорттайтын боламыз. Салық төлемдері өседі. Қоқыс реформасы осы секторда жұмыс істейтін ондаған мың адамның жұмысын заңдастыру үшін қажет. Егер шыны мен пластмассаны өңдеу жолға қойылса, әлеуметтік тауарлардың бағасын ұстап тұруға да септігін тигізеді», дейді Қазақстан қайта өңдеушелір қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров.


Жоғарыда айтқандай, ауданда әзірге екі ғана кәсіпкер қоқыс жинап, оны сорттап, пұлдап жүр.


"Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. 10 жылдан астам уақыт қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Отбасым қолғабыс болса, қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік сынды ауыл тұрғындары да бізге үйренді. Жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз", – дейді Насырылла ағамыз.


Отбасылық кәсіппен нәпақасын тау¬ып отырған Мурзаевтар отбасы қазіргі таңда айлық табысының да жақсы еке¬нін жасырып қалмады. Жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын осы кәсіпке икемдепті. Өзімен бірге жүріп, аудандағы үлкен сауда орталықтарынан дайындап қойған қоқысты көлікпен тиеп әкетеді.


"Алланың берген екі ұлым бар. Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 200 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісім-шартқа отырып, жұмыс қарқынынын кеңейтудеміз. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамту ойда бар. Наурыз айында Қызылорда қаласында шыны зауыты ашылса, сол жаққа өткіземіз, әзірге Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына кардондар, салафандар мен бөтелкелерді өткізудеміз", – дейді кейіпкеріміз.


Африка құрылығындағы Занзибар мемлекеті арқылы басқа елдерге тасымалданатын жүктің ара¬сында міндетті түрде пластик пакеттер болған. Африканың ортаңқол мемле¬кеті тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында транзиттік тасымалдан бас тартады. Мемлекет ай сайын бюджетке түсетін 500 000 доллардан қағылады. Бірақ, маңыздысы ол емес. Ұрпақтың саулығын ойлаған ел шешімге өкінбейді, қайта мақтан тұтады. Алайда, кімде-кім сол пакеттерді заңсыз тасымалдаса немесе өндірсе 2 мың доллар айыппұл төлейді, ондай болмағанда кем дегенде түрмеге бір жылға тоғытылады. .Міне, тәртіп пен тазалығы дамыған мемлекеттердің өнегесі осындай. Бұл келер ұрпақтың денсаулығына, екіншіден, тәртіпке бағынуға және шағын кәсіптің шырайын кіргізуге мол мүмкіндік. Біздің аудандағы аға буынның ісі өрге басса, ең алдымен өңір тазалығы жөнге келетіні ақиқат. Қалғанын уақыт өзі таразылар...