Дәрігерлердің салғырттығынан жүкті әйелдің сәбиі жатырда шетінеп кетті
Шымкентте №2 қалалық ауруханада бір ай бойы емделген жүкті әйелдің жатырындағы сәби шетінеп кетті. Марқұмның туыстары медициналық қызметкерлер дер кезінде кесар тілігін жасамағанын айтып, олардың әрекетін салғырттық деп бағалап отыр,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Зардап шеккен әйелдің күйеуінің айтуынша, жүкті әйел бірнеше рет тексеруден өткен, ұрықтың жағдайы қанағаттанарлықсыз болғаны жайлы дәрігерлерге ескертілген.
“5–6 рет тексерді, КТ нәтижесі тұрақты түрде нашар болды. Біз бәрін айтып отырдық, бірақ дәрігерлер назар аудармады. Соның салдарынан баламыздан айырылдық”, – дейді ол.
Туыстарының айтуынша, сәби шетінегеннен кейін медицина қызметкерлері нақты түсінік бермей, баланың дамуы толық болмағанын алға тартқан. Сонымен қатар, олар ананы журналистермен сөйлеспеуге үгіттеп, палатаға бөгде адамдарды кіргізбей қойған көрінеді.
Жәбірленушінің ағасы Асанәлі Пірімбетов болған жайтқа қатысты күдік барын жеткізді:
“Палатаға кіргенімде бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тергеуші жиналыпты. Олар қарындасыма сәбиді мәйітханаға бермеуге көндіріп жатты. Меніңше, олар сараптама жүргізілмеуі үшін істі жылы жауып қоймақ болды”, – деді ол.
Қалалық полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғап, медицина қызметкерлерінің әрекетін тексеруді бастады. Сәбидің денесі, плацента және кіндік бауы сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйелге кесар тілігі осы аптада жоспарланған. Алайда плацентадағы және оның тамырларындағы патологиялық өзгерістер салдарынан ұрықтың қоректенуі мен оттегімен қамтамасыз етілуі нашарлап, 3-нен 4 желтоқсанға қараған түні антенаталдық өлім тіркелген. Қайғылы жағдайдан кейін ауруханада бақылау күшейтілді.







