ШИЕЛІ: Сахнада Сырдың Сәбирасын сомдады

1 507

Мемлекеттің мәдени кеңістігін кеңейтіп, халықты ұлы құндылықтармен қуаттап, қазақтың ұлт болып қалыптасуында қазақ театрыныңалар орны орасан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Осынау саф өнердің мәртебесін шырқау биікке көтерген сахна әлемінде Сәбира Майқанованың сан қырлы дарыны әртүрлі жанрда жарқырап көрінді. Ол – мәңгі өлмес өнердің иесі, халқының мақтанышы. Театр өнерінің құдіретін ел аймағында ғана емес, дүниежүзілік шеңберде мойындатқан сахна саңлағы, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Сыр Сәбирасының туғанына биыл 110 жыл. Ұзақ жылдарды артқа тастап, сахна сырлары жаңа үлгіде жаңғырса да, актрисаның талант қуаты, адами болмысы мен азаматтық тұлғасы ұлы өнер шежіресінде мәңгі сақталып қала бермек.


Жарқын ғұмырын халқына, өнерге қызмет қылуға арнап, театр анасына айналған талантты тұлғаны шиеліліктер де сағынышпен еске алды. 10 сәуір күні Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Сәбира Майқанованың 110 жылдығына арналған «Сырдың Сәбирасы» атты қыз-келіншектер арасында монолог оқушылардың облыстық байқауы өтті. Төл өнерді дәріптеген бұрымдылар сайысында Қызылорда облысына қарасты Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Сырдария және Шиелі ауданынан 18-45 жас аралығындағы 9 үміткер бақ сынасты. Қатысушылар «Таныстыру» бөлімі және халық әртісі Сәбира Майқанованың репертуарынан монолог оқуға құрылған 2 кезең бойынша өнер көрсетті. 


Рухты өнердің үлгісін жаңғыртқан аруларға Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының «Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ғазиза Жүнісова, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп, аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлнәр Дүйсебай қазылық етіп, әділ бағасын ұсынды.


Байқаудың алғы сөзін мәдениет жанашыры Ғазиза Жүнісова алып, қонақтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі.


"Бүгін халық әртісі, ел анасына айналған Сәбира Майқанованың 110 жылдығына арналған айтулы шара өткелі тұр. Әлемдік деңгейде үздік бейнелерді сомдап, халықтың оң бағасын алып, ыстық ықыласына бөленген жерлесіміздің көптеген теңдессіз рөлдері бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінің алтын қорына енді. Осындай тұғырлы тұлғаның ізін жалғаушы, бүгінгі сайысқа қатысушы қыз-келіншектерге сәттілік тілеймін", – деді ол. 


Сайыс барысында Сәбира Майқанованың өмір кезеңдерінен бейнедерек көрсетіліп, Меруерт Жомартованың әйел-ана тақырыбында сахналаған прологына ұласты. Қатысушылар байқау кезеңдері бойынша өздерін таныстырып, ғұмырлы өнер жолына құрмет білдіріп, Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Д.Исабековтің «Мұрагерлер» пьесасынан үзінділер оқыды. Көрерменді қошеметке бөлеген қойылымдардың қатарында С.Майқанова шығармашылығының шыңы болған Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» трагедиясындағы Толғанайдың монологы да бар. Сайыскерлердің бәрі де әйел-ана рөліне жүрегімен еніп, шынайылықпен сомдап шықты. Өз кезегінде мәдениет үйінің өнерпаздары да әннен шашу шашып, кеш қонақтарын қуанышқа бөледі.


Табиғи дарынымен көрерменін сүйсінткен арулар арасындағы бәсеке нәтижесінде бас жүлдені қармақшылық Гүлфариза Шакарова, I орынды жалағаштық Шынар Қоқымбай, II орынды шиелілік Айнұр Ысқақова иеленсе, жүлделі III орын қазалылық Динара Сапар мен жаңақорғандық Балжан Сәдуоваға бұйырды.