Су тасқынынан зардап шеккендер мемлекеттен көмек алу үшін әкімдікке хабарласу керек

1 504

Фото:https://aikyn.kz/Су тасқынынан зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді, - деп хаюарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған.  Ал, өтемақыны алу үшін әкімдікке хабарласу қажет. Сонымен қатар жоғалған немесе бүлінген мүліктің өтемақысы төленеді. Су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа кредиттер бойынша төлемдер 3 айға, яғни  2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 маусымға дейін автоматты түрде кейінге қалдырылады. 


“Су тасқынының салдарынан кәсіптері шығынға ұшыраған барлық зардап шеккен жеке кәсіпкерге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредиттер бойынша төлемдер олар берген өтініштің негізінде кейінге қалдырылады (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет)”, – делінген хабарламада. 


Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендер қираған баспананың орнына дайын үй сатып алуға немесе жаңа тұрғын үй салуға қол жеткізе алады, бұл үшін әкімдікке хабарласу қажет. Егер мүлік қалпына келтіруге жарамды болса, онда ЖАО-ның мердігерлік ұйымдарымен немесе мүлік иесінің өз күшімен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген.


Су тасқыны салдарынан мал басын жоғалтқан азаматтардың шығындары өтеледі. Өтемақы мөлшерін нарықтық бағалар негізінде залалды анықтау жөніндегі өңірлік комиссия айқындайтын болады. Үкімет шаруалар мен мал иелеріне кредиттер мен лизингтік міндеттемелерді өтеуді кейінге қалдыру арқылы қосымша жәрдем көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда оларға айыппұлдар салынбайды. 

Су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген зиянды өтеу тәртібі әзірленген.


“Шығындарды өтеуге жоғалған мүліктің (ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар), тауарлық-материалдық құндылықтар,, зақымданған ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарының құны кіреді;

Төлемдер мемлекеттік бюджет және өңірлердегі бюджеттен тыс қорлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

Қазіргі уақытта облыстардың әкімдіктері мен "Атамекен" өңірлік палаталары зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізімін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, бағалаушы компаниялардың, ШОБ-қа қызмет көрсету үшін адвокаттардың тізбесін айқындайды, залалдың алдын ала сомасын жасайды;

Зардап шеккен нысандар негізінен дүкендер, наубайханалар, шаштараздар, тігін цехтары, кафелер, жылыжайлар, қойма ғимараттары, шаруа қожалықтары және басқа да нысандар”, – делінген хабарламада.