Қызылордада оқушыларға жарамдылық мерзімі өткен тағамдар берілген
Қызылорда облысында оқушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер беріліп келген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мектептің ас мәзірі де талапқа сай болмай шыққан. Тіпті тыйым салынған тағамдар да пайдаланылған. Білім беру нысандарының асханаларын аралап көрген қалалық мәслихат депутаттары оқу ордаларында ыстық тамақпен қамтудың сапасы сын көтермей тұрғанын айтты.
Жалпы Қызылорда қаласында 34 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 13 мыңға жуығы - әлеуметтік аз қамтылған санаттағылар. Бюджеттік өтінімге сәйкес, бастауыш сыныптарға бір күнге 560 теңге, ал жоғары сыныптарға 582 теңге бекітілген. Қалалық прокуратураның қаулысымен 45 мектептің асханасы тексеріліп, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Тиісті талаптарды орындамаған 4 кәсіп иесінің ісі сотта қаралуда. Микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша бірнеше мектепте шайындылардан ішек таяқша қоздырғыштары анықталған.