Президент: Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту – қылмыс
Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Бұл туралы елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
«Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуы тиіс екенін айтты.
«Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс, Құдай алдында – күнә. Осыны бәріміз терең түсінуіміз қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
– Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.