Атырауда Орталық базар сатушылары карантин талабына қарсы шықты

319
Атыраудағы орталық базар сатушылары шу шығарды. Белгілі болғандай басшылық оларға еш ескертпестен сағат түскі үш шамасында базардың қақпасын жауып, саудагерлерден үйге қайтуын талап еткен. Оған 27 шілдеде күшіне енген жаңа қаулы себеп.

Карантин талаптарына наразылық білдіргендер базардың жұмыс уақытын кешкі беске дейін ұзартуды талап етіп отыр. 


Саудагерлер толықтай вакцина салдырғандарын алға тартып, мұндай талаптарының орынды екендігін айтады.


 "Базарға таңертең сағат 10-да келеміз. Базарда кісілер тек 4-тен бастап жүреді. Сағат үшке дейін отырамыз саудамызды жүргізе алмай. Солай емес пе? Бәрімізге қиын! Несиелеріміз, жалға алу ақшамыз бар. Сенбіде демалғанның өзі бізге ауыр соққы болып жатыр", - дейді саудагер Райхан Жұмағалиева. 


Дегенмен аталмыш базар "Ашық" жобасына енгізілмеген екен. Сол себепті, облыстың бас санитарлық дәрігері шығарған қаулыға сәйкес, тек түскі сағат үшке дейін жұмыс істей алатын болып шықты.


 Ал сауда орнының санитарлық дәрігері "бұйрықты орындауға міндетті" екендігін айтады.
 "Басшыларымыз жұмыстанып жатыр. "Ашыққа" жұмыс істеп жатырмыз. Біз орындаушымыз. Бүгінгі шыққан қаулыны ғана орындап отырмыз. Жабық пассаж, павильондар сағат үшке дейін істейді, сол талапты орындап отырмыз", - дейді орталық базардың санитарлық дәрігері Гүлнәр Кәрімова.