Шиеліде кәсіпкерлермен кездесу өтті

1 503

Қазіргі кезде Шиелі ауданында 7000-ға жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген. Шағын және орта бизнестің өркендеуі – елдің экономикалық даму алғышарттарының бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Сондықтан да мемлекет кәсіпкерлікті қолдап, әр кез көмек көрсетудің тиімді тетіктерін ұсынуға тырысуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие сынды түрлі бағдарламалар кәсіп бастауды көздеген ауыл халқына септігін тигізуі керек. Міне, осы бағытта арнайы Шиелі ауданына облыстық кәсіпкерлік палатасынан құрылған делегация мүшелері табан тіреді.


Алдымен делегация мүшелері Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің фойесінде Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырған көрмесімен танысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Пірмұхаммед Айтбайұлы бастаған топ ағалы-інілі Нұрбол мен Еркебұлан Есеновтың қағаз майлықтарымен танысты. Істі бастамас бұрын кейіпкерлеріміз ішкі нарықты егжей-тегжейлі зерттеп, өз мүмкіншілігін бағалап алған. Енді олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін де жақсы біледі. Қондырғылар күніне 3000 мың майлық шығаруға қауқарлы. Қытайдан жеткізілген бұл құрылғыны ағайынды бауырлар өз қаражаттарына сатып алған.


"Негізі қағаз майлықтар – қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында және үй тұрмысында кеңінен қолданылатын өтімді гигиеналық тауардың бір түрі. Жалпы бұл кәсіп жайлы көп іздендік. Қалаларға барып талдау жасап, саралай бастадык. Содан бір күні Шиеліге осындай ерекше өндіріс керек-ау деген оймен тәуекел жасап жұмысты бастап кеттік. Нәтижесінде ойға алған кәсібіміз қазір жүзеге асуда", – дейді кәсіпкер Нұрбол Есенов.


Сондай-ақ, «HoneyMOOD-балдай» кондитерлік дүкенінің иесі Назерке Имантаеваның және «Адал» ЖК құрт, тамақ өнімдерін шығарушы кәсіпкер Назира Есмұратованың өнімдерін тамашалады. Ал «Мұқаш» шаруа қожалығының басшысы Бекжан Иманғали «Тұмарым» брендімен сатылымға шығатын ет-сүт өнімдерін көрсетті. Ши тоқудың шебері Зылиха Календердің 3 ай бойы тоқыған қазақы ою-өрнекті алашасы да қалың жұрттың қызығушылығын туғызды. Көрме қатарында Өмірзақ Аюповтың ат әбзелдері мен Тамара Ақмағамбетованың тігін өнімдері де бар.


Одан әрі мәдениет үйінің акт залында облыстық кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес мүшелерінің көшпелі отрысы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П.Айтбайұлы модераторлық еткен отырыстың алғы сөзі Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Абдулхайысұлына берілді. 


"Бүгінгі кездесу кездейсоқ өтіп отырған жоқ. Біз бүгін кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін мәселелердің бәрін ашық талқылаймыз. Сөйтіп, оларды шешу жолдарын да қарастыруға тиіспіз. Осыны негізге алып, әрқайсыңыз жұмыстарыңызда туындап жатқан проблемалар жөнінде пікір білдірулеріңізге болады", – деді. 


Көшпелі отырыста кәсіпкерлік саласындағы туындаған мәселелерді шешу мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері түрлі тақырыпта баяндама жасады. «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары А.Өмірзаққызы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімінің бас маманы А.Серікқызы, Ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Г.Рахымжанқызы кәсіпкерлерді толғандырған сауалдар төңірегінде сөз қозғады. Сондай-ақ, «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің» түсіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Г.Рашидқызы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдарламаларды жылжыту бойынша бас менеджері С.Сәкенқызы, «Аграрлық несие копорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы  А.Малкайдарович, «Банк Центр Кредит» АҚ Шиелі ауданы бөлімше директоры С.Бағдәулетұлы қаржы алу жолындағы кедергілер мен қиындықтардың себеп-салдарын түсіндірді. 


Түс ауа түрлі кәсіпорынды көрді


Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар. Расында, бүгінде өз ісін өрге домалатып отырған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Тек үлкен өндіріске айналу үшін «әттеген-ай» дейтін тұстың барын жасыра алмаймыз.


Өткен жылдың соңында Шиеліде «тұз шахтасы» ашылды деп сүйіншілеген болатынбыз. Кеше арнайы келген облыстық делегация мүшелері сол тұзды шахтаға бас сұқты. Кәсіпкер Индира Жантурееваның «Соль+»  тұзды ем орталығы тұрғындарға табиғи емдік қызметтер көрсетуде. Тұзды бөлменің жалпы аумағы – 150 шаршы метр, сыйымдылығы – 10 адамды құрайды. Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен және баян әуенмен жабдықталған. Арнайы аппараттан тазартылған, өңделген тұз ауаға тарайды. Емдік тұз Қызылордадан алынады. Адам 40 минут ем алу арқылы тұзды ағзасына сіңіреді. Бұл ем қатарынан 10 күн алынуы керек. Отбасымен де бірге келіп, ем алуға болады. Кәсіпкердің айтуынша, «Ауыл» бағдарламасы бойынша 8,6 миллион теңге жеңілдетілген несие алып кәсібін ашқан.


"Орталықтың ішінде барлық гигиеналық талаптар сақталған. Иммунитетті көтеру үшін 10 күн ем алады. Ал егер аурудың асқынған түрі болса, онда курс мерзімі 15-20 күнге дейін созылуы мүмкін", – дейді кәсіп иесі.


Емдік қызметтерді алу ересектер үшін – 1000 теңге. Балаларға – 500 теңге. Көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге де  жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар мұнда массаж қызметін көрсететін жұмысшы да бар. Кәсіпкер болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытқысы келетінін айтты. Алайда, тұзды шахтаның адам денсаулығына тиімділігін халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жеткіліксіздіктен бе, әзірге тұтынушылар саны көп емес екенін тілге тиек етті.


Шұжық шығарудың да шыжығы көп


Келесі бағыт «Тамаша» шұжық шығару цехына бұрылды. Шиелі ауданының өркендеуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Патима Маханбет. Ол ауданның «Құрметті азаматы», игілікті істердің басы қасынан табылып жүрген кәсіпкер.


Шиелі ауданында «Шиелі Шұжық» ЖШС бастамасымен шұжық цехы өз жұмысын жүргізді. Цех жұмысы ең әуелі 2005 жылы басталған болатын. Кейін құрылған цех біршама қиындықтарға байланысты 2017 жылы жұмысын тоқтатады. Дегенмен, кәсіпорын басшысы Патима Маханбет қиындықтан шығудың жолын тауып, өндірісті қайтадан іске қосады. Осылайша 2020 жылы жұмыс қайтадан қолға алынады. Кәсіпкерге серіктес ретінде «Байқоңыр» ӘКК осы жобаға 32 миллион теңге қаржылай қолдау көрсеткен.


Заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында күніне 500 келі шұжық өндіріледі. Жалпы мұнда шұжық өнімдерінің 12 түрі бар. Олар: ысталған, қайнатылған, московский, сервелат, сардельки, докторский, зернис­тый, особый, вечина, полтавский және т.б. «Тамаша» цехы өндіретін шұжықтарды тек Шиелі ауданында ғана емес, Жаңақорған мен Қызылорда қаласындағы дүкен сөрелерінен табуға болады. Сонымен қатар, шұжыққа қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін халал стандарты бойынша мал сою қасапханасы салынған. Шұжық цехына жарамды, стандартқа сай ірі қаралардың бәрі осында шариғи рәсімге сай сойылады.


"Шұжық өндірісі ерекше кәсіптің түрі. Оны өндіру оңай шаруа емес. Ұқыптылық пен тазалықты қажет етеді. Мұздай жерде сақтау, оны тасымалдау үшін де мұздатқышы бар жүк көлігі керек. Осындай әр түрлі функционалды жұмысты атқаратын жұмысшылар өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта цехқа ер адамдарды қабылдау да жоспарда бар. Себебі өнім көлемі артқан сайын қол көмекке қажеттілік арта түседі. Мемлекеттік қолдаудың көмегіне қол жеткізгенімізбен, қажетті тениканы алуда түрлі қиындықтарға тап болудамыз. Өйткені, мемлекеттен бөлінген қаржы тікелей кәіпкердің қолына түспейді. Ортада техниканы алып беруші компания жүреді. Яғни, ол маған қажетті құрылғыны тауып бермейді. Тіпті, сапасы нашар, іске жарамсыз құрылғылар қазіргі кезде цехта іске аспай тұр. Сондай-ақ, өнідірілген өнімді өткізетін орын табу да қиын мәселе", – дейді Патима Шаймерденқызы.


Ешкі сүтінен жасалған өнімге сұраныс еселеген


«Есең кетсе, ешкі бақ» дейді атам қазақ. «Сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» деп мақтайтын Сексек ата түлігін баптап отырған «Бота» ЖК директоры Ботакөз Маханбетқалиқызы ешкі сүтінен құрт, май, қаймақ өндіріп отыр. 



" Ешкі күтімді көп қажет ете бермейтін, өзге түлікке қарағанда тезірек көбейетін, табиғи жағдайға төзімді мал. Оны күтімге алуға кез келген қора жарай береді. Тек ол құрғақ әрі жарық болуы тиіс. Ешкінің бір әлсіз тұсы қатты желді көтере алмайды. Сондықтан қораның іші желкем болмағандығын ескерген абзалырақ. Ешкінің пайдасы – сүтінде. Дәмі де ерекше. Дал қазіргі уақытта қорада «Заанин», «Чех алпийі», «Француз алпийі», «Новинская» сынды асыл тұқымды 200 бас ешкі бар. Сүт, құрт, май, балқаймақ жасаумен кәсібімді дөңгелетіп отырмын. «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібімді кеңейтіп, түрлі құрылғылар алуды жоспарлаған едім, Алайда бағдарламаның кейбір баптары ауылдағы ағайынның кәсіп бастауына қолбайлау болып тұр. Кепілгеқойылатын мүлік үшін тым көп талаптар қойылған. Біз секілді қарапайым ауыл тұрғындарына бұл тиімсіз", – дейді кәсіпкер. 


Арнайы іс-сапармен келген жұмысшы топтың бір күндік сапары осымен тәмам. Бастысы жергілікті кәсіпкерлердің үні үкіметке жетсе болғаны.


 Гүлнәр Дүйсебай