Аралда университеттің оқу орталығы ашылады
Аймақтағы білім беру саласы тағы бір белеске шықты. Енді Арал қаласында Қызылорда ашық университетінің оқу орталығы жұмыс істейтін болады. Мұнда тұрғындардың жоғары білім алуына толық жағдай жасалып, ауданнан шықпай-ақ диплом иеленуіне мүмкіндік қарастырылмақ. Аталған бастаманы жүзеге асыру үшін Арал ауданы әкімдігі, облыстық білім басқармасы және Қызылорда ашық университеті өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «Сыр бойы» газетінің сайты.
Бұрын аралдық ағайын жоғары білімді өзге облыстан іздейтін. Әсіресе, Ақтөбені бетке алып, кейін сол жақта тұрақтағандар көп. Бұл өңірдегі еңбек нарығына, экономикалық көрсеткішке айтарлықтай әсер етті десек, артық емес. Сондықтан мектеп түлектерін туған жерде білім алуға үндейтін жоба кезек күттіргені бар. Міне, оның шешімі табылып, шалғай ауданға материалдық-техникалық базасы қалыптасқан университеттің оқу орталығын ашу бастамасы өмірге келді.
Қызылорда ашық университетінде өткен шараға Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қызылорда ашық университеті ректорының міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов қатысты. Қонақтар алдымен университет базасымен танысып, академиялық және шығармашылық жетістікті көрді.
Салтанатты жиында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев университет өкілдігінің аудан жастары үшін маңызы мен қолжетімділігіне тоқталды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар үшін сапалы білім алуға ашылған үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Расында, ЖОО-ның оқу орталығын ашу – бұрын көтерілген мәселе. Кейінгі жылдары әкімдік осы мақсатта бірнеше білім беру мекемесімен байланыс орнатып, әрбірінің әлеуетін бақылады. Қызығушылық танытқандар қатарында халықаралық университеттер де болғанын білеміз. Алайда сараптай келе саладағы тәжірибесі мол, тұрғындарға тиімді мүмкіндік ұсынған Қызылорда ашық университетімен келісімге келуді ұйғарған.
Орайы келгенде ауданнан ашылатын университеттің оқу орталығының оқу процесіне тоқталайық. Көбі жаңалықты қуана қабылдағанымен, баланың қалай білім алатынын білгісі келетіні анық.
Аты айтып тұрғандай, университеттің білім беру концепциясы ашық әрі қолжетімді модельге құрылған. Аралдан ашылатын оқу орталығы студенттері онлайн білім алып, қашықтан оқуға қол жеткізеді. Platonus білім беру платформасы арқылы қажетті оқу материалын пайдаланып, жеке парақша арқылы тапсырма орындайды. Ал оқу орталығы жұмысын жүйелі жүргізу үшін Арал қаласындағы Арал көпсалалы колледжінің базасында арнайы кабинет жасақталады.
Университет тарапы кабинетті барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіп, үздіксіз білім беру үшін кадр мәселесін реттемек. Университет өкілдігінде ЖОО қызметкерлері жұмыс істейді деп жоспарланған. Егер ауданда білім саласында тәжірибесі бар, білікті мамандар болса, оларды жұмысқа қабылдау жүзеге аспақ. Қызылорда ашық университеті өкілдерінің сөзінше, барлық қызметкердің жалақысы университет тарапынан төленетін болады.
Айта кетейік, биыл Қызылорда ашық университеті Азия Ашық университеттер қауымдастығына қауымдастырылған мүшесі болып қабылданды. Қауымдастықтың 23 толық, 18 қауымдастырылған мүшесі бар. Қызылорда ашық университеті – бұл қауымдастықтағы алғашқы және жалғыз қазақстандық жоғары оқу орны.
Ерсін Шамшадин