"Мені студент қыздарды қорғағаным үшін қаралады": Тұңғышбай Жаманқұлов Мұхамедиұлының үстінен арыз жазғанын мойындады

282

Белгілі қазақстандық актер Тұңғышбай Жаманқұлов бұрынғы мәдениет және спорт министрі, қазіргі ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен арызды өзі жазғанын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Nege.kz сайты жазады.

мухамедиулы коллаж

"Біздің арамызда қандай дау болғанын білесіздер. Ол туралы бүкіл Қазақстан біледі. Мені студент қыздарды қорғағаным үшін қаралады. Ол (Мұхамедиұлы – Ред.) маған жала жауып, намысымды таптады. Оның доғаруын талап еткен кезде ол тоқтаған жоқ. Ия, арызды жазған мен. Мен мұны жасырмаймын. Ол жанына адамдарды топтастырып алып, оп-оңай сатып кетеді. Осылай жазық көрген жандар маған құған құжаттарды әкеліп берді. Нақты дәлелдерім бар. Бұл құжаттар менде, мен оларды жинадым да арыз жаздым. Бұл құжаттарды әкелген адамдар менің қалай ауызым күйіп, қандай қорлық көргенімді біледі. Алайда өздері мұны ашық айтуға қорқады", - деді Жаманқұлов.

Актердің сөзінше, бұған дейін құжаттарды жария ету мүмкін болмаған.

"Ол ешкім тиісе алмайтын адам еді. Сол кезде айттың не, айтпадың не, бәрі бекер еді. Талай рет айттық. Сот арқылы да біздің жазығымыз жоқ екенін дәлелдегенбіз. Бірақ ол ана кісінің қамқорлығында болғаннан кейін бәрі қорықты. Әділетсіз үкім шығарды, әділетсіз тергеу жасады. Енді қазір дүние өзгерді", - деп қосты ол.

Бұған дейін Мұхамедиұлының үйі мен Ұлттық музейде тексеріс жүріп жатқаны белгілі болған. Ал кейін экс-министрдің өзіне қол жұмсады деген ақпарат тарады. Алайда Мұхамедиұлының тарапы бұл ақпараттарды жоққа шығарады, экс-министрдің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жасап, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеудің болып жатқанын растап, мұның барлығын Жаманқұловпен араларында болған келіспеушілікпен байланыстырады.Кейбір деректерде Мұхамедиұлының президенттің атына жазған жазбасы бұған дейін жазылып қойған делінеді.

Сонымен қоса әлеуметтік желіде Ұлттық мұражайдың директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы ауруханасына түскені туралы ақпарат тарады. Бұрынғы мәдениет министрінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай бұл туралы пікір білдіріп, ақпаратты растады. Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол салмаған, тек аяғын емдету үшін ауруханаға жатқан.


Еске салайық, 2017 жылдың маусымында Жаманқұлов 69 миллион теңгеге жуық қаржы жымқырды деген айыппен 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді. Тергеу барысында анықталғандай, "Қазақфильм" киностудиясы "Феникс" фильмін түсірудің алдын ала дайындық және дайындық кезеңіне "T.K. Turan Universal Business" ЖШС-не 79 миллион теңге аударған. Оның 69 миллион теңгесін, айыптаушының айтуынша, Жаманқұлов қалтасына басқан. Жаманқұловтың өзі Мұхамедиұлының айтқанына қарамастан, тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, кінәсін мойындамайды.