Қуандық Бишімбаевты ұстаған полиция қызметкерлері жазаланды
Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстауға және алғашқы жауап алуға қатысқан екі полиция қызметкері жазаланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ІІМ-нің редакцияның ресми сұрағына берген жауабында қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін Астана патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторына сөгіс жарияланғаны айтылған.
Естеріңізге сала кетейік, ұсталған сәтінде Бишімбаевқа полиция қызметкері: "Ол өзі соған жеткізген шығар" (марқұм Салтанат Нүкенова туралы) деп айтқаны бейнежазбаға түсіп қалған еді. Бұл реплика 8 сәуірдегі басты сот талқылауында көрсетілген болатын.
Осы факті бойынша Астана полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізді.
Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының талаптарын бұзғаны үшін "Есіл" аудандық полиция басқармасының жедел уәкіліне қатаң сөгіс жарияланды. Жедел уәкіл Бишімбаевпен бірге көшеде темекі шегіп, түкірген, бұл да видеожетон жазбасына түсіп, сотта көрсетілді. Осы бап бойынша жаза аясында бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.