Енді қарызын 90 күн бойы өтемей жүргендерге кредит берілмейді
Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтарға несие беру талаптары қатаңдатылады. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ кредит беруге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі", - деп айтты депутат заң жобасын таныстырғанда.
Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдарына барлық қолданыстағы, яғни өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.
Мәжілісменнің айтуына қарағанда, бүгінде коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алып жатыр.