Елімізде алғаш рет төрт жылдан бері азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді

1 580

inform.kzБүгін вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті кеңесінде азық-түлік тауарларының қазіргі бағасы туралы мәселе қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Онда мамыр айында 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік тауарының бағасы 0,2% түскені, жалпы елімізде алғаш рет соңғы 4 жылда азық-түлік тауарларына дефляция тіркелгені белгілі болды.


Осы кеңесте елдегі апта сайынғы баға индексі егжей-тегжейлі талқыланады. Бағаның өсуіне немесе түсуіне жасалған талдау арқылы еліміздің 20 өңіріндегі 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік бағасы қарастырылып, себептері анықталып, қажет болған жағдайда бірден бағаны тұрақтандыру үшін тапсырмалар беріледі. 


Бұл жолы да, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова елдегі азық-түлік бағасына қатысты апталық нәтижені ұсынды. Оның айтуынша, 10 аймақ (Абай, СҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстары және Астана) минусқа шығып, 5 аймақ (ШҚО, Алматы, Қостанай, Жетісу облыстары және Алматы) бағаның нөлдік өсімін сақтап қалған. Тағы 5 өңірде (Ақмола, Маңғыстау, БҚО, Ұлытау облыстары және Шымкент) әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының 0,1%-0,6% өскені тіркелді. 


Апта ішінде қырыққабат бағасы (-7,2%), қарақұмық жармасы (-1,7%), күріш (-0,1%), күнбағыс майы (-0,5%), тауық еті (-0,2%), майлылығы 2,5% сүт (-0,2%), С1 категориялы жұмыртқа (-0,6%) арзандады. Сонымен қатар картоп, сәбіз, пияз бағасының өсуі жалғасып жатыр.


Қазақстанның 3 оңтүстік өңірінде айран бағасының тұтастай алғанда 0,3% өскені байқалды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, аталған өнім бағасын жергілікті ірі өндіруші көтерген. Серік Жұманғарин БҚДА-ға осы нарықтағы бағаның өсуінің негізділігіне талдау жасауды тапсырды.


Сонымен қатар кеңесте биылғы маусым айына арналған көкөніс бағасының индикативті жобасы талқыланды. Бағаны өнімсіз делдалдардың негізсіз көтеру мүмкіндігін болдырмау үшін Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне БҚДА-мен бірлесе отырып, экономикаға негізделген нарықтық бағаны есептеп, көкөніс бағасына әділ индикативті бағаларды анықтауды тапсырды.