Базардың жабылуына қарсы болған шымкенттік саудагерлер шу шығарды

473
Шымкентте базарлардың екі аптаға жабылатынын естіген саудагерлер наразылық білдіруде. Бірінші болып бүкіл қаланы жеміс-жидек, көкеніспен қамтитын көтерме базар сатушылары бас көтерді.

Тез бұзылатын өнімді тонналап әкеп қойған саудагерлер алдағы дүйсенбіден бастап базарлар жабылады дегенді естіп, наразылыққа шыққан.


 Олар аптасына бес күн жұмыс істеуді талап етуде. Себебі көтерме базар жабылса, Шымкент пен маңындағы ауылдарда азық-түлік тапшылығы сезіліп, қымбатшылық орнайтыны анық дейді. 


Шымкент шетіндегі Жібек жолы базары қала мен жақын маңдағы аудандардың базарлары мен дүкендерін жеміс-жидек, көкөніспен қамтиды. Өйткені оңтүстік өңірдің диқандары өнімі піскен кезде тауарын сол базарға тонналап таситын көрінеді. 


"Барлығын осы базар қамтамасыз етіп отыр. Егер осы базардан алмаса, бүкіл басқа жақтың адамдары қиналады. Бұл базар біздің ең үлкен көтерме базар. Бүкіл нәрсені басқа базарларға апармайды, осы жерге әкеледі. Жабылса, халық қырылады деген сөз", - дейді саудагер Тынышкүл Жанқараева. 


Базарға күніге 500-ге тарта үлкен және шағын жүк көліктерімен жүздеген тонна көкөніс пен жеміс кіргізіледі. Басым көпшілігі қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ сияқты маусымдық өнім.
 Саудагерлер тонналап жеткізілген тауар базар екі аптаға жабылса, шіріп, рәсуа болатынын да айтады.


 "Екі апта тұрады деген бұл тіпті ойға келмейтін нәрсе. Екі аптада қауын-қарбыз, жемістің бәрі күннің астында, көлік ішінде бұзылып кетеді. Бұл ақылға сыймайды", - дейді көтерме базар қызметкері Ерікжан Сарыпбеков.


 Саудагерлерлің наразылығына қатысты жауап берген санэпидемиологтар қазір шенеуніктер базарлардың екі аптаға жабылуына байланысты кеңесіп жатқанын айтады. 
Ал наразы саударгерлер қаулыға өзгеріс енгізілмесе, базар жұмысын басқа жерден бастайтынын айтып отыр.


 "Мынау республикалық тасжолда қанша көлік бар. 500-600 фурасы бар үлкенді-кішілі автокөліктер бар, жүк көліктерінің барлығы осында жетеді. Сондағы жердің бәрін жауып тұрып, сауданы сол жерде істейміз деп отыр халық", - дейді сатушы Сәрсен Байдуллаев.