Арал тағдыры – адам тағдыры
Асығып жаңа өмірге толқын бесік,
Толқынмен берекелі бақ ілесіп.
Сүйінші, Теңіз-Анам келе жатыр!
Жып-жылы сағынышты самал есіп, – деп қасиетті Аралды жырға қосқан туған жер перзенті, ақын-жырау, күйші-сазгер Мұрат Сыдықовтың осы бір туындысын тағдырлы Аралдың тұтас гимні десе жарасқандай. Расында, Аралдың толқыны кеше тулаған болса бүгінде бәрі басқаша. Мыңдаған метрге кері шегініп, келмеске көш түзеген Аралды әлі де туған перзенті аңсайды. Жоғарыда тізбектелген кестелі сөз соған дәлел, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Кешегі портқа балаңызды ертіп барып, «Бұл жерге кеме келген, жүк артып көш түзеген. Қайнаған қызу тіршілікке ілесіп балықшы аталарың бұл теңізде бейнет кешкен» десеңіз сенбеген болар еді. «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» десе нанғандай-ақ. Ақиқаты сол, кешегі 50-60 жылдарға дейін Сырдария мен Амударияны қатар емген қарт Аралдың бүгінгі тағдыры аянышты халде. Міне, сол жылдардан бастап, сүрлеулі-соқпақты жолға түскен теңіз-ананың жағдайы біртіндеп нашарлай берді. Енді, міне, араға салған 60 жыл 60 ғасырдан әрі өмір сүрген теңізді тұзды суға айналдырды. Жағдай мұнша күрделене түсерін ешкім ойламаса керек-ті. Адамзат қолынан жасалған алапат катастрофаның зардабын бүгінге де тұтас дүние тартты. «Қайтсек теңізді қайта қалпына келтіреміз?» деген тағдырлы ой талай пенденің жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Бұл жағдай әлем елдерінің назарына ілігіп, айдынды Арал осылайша ғалымдар мен экологтардың тәжірибе алаңына айналды. Ал солай болса да бұл Аралдың мүшкіл халінен бүгінгі буын біз ешқашан теріс айналмақ емеспіз. Ертеңіне алаңдаған ел арада осыншама уақыт өтсе де ата кәсіптен қол үзбей, теңізбен тілдесті, бірге күн кешті.
Тарихтың қатпарлы қырларында қалған Аралдың жағдайы бүгінге дейін әлем елдерінің назарында тұрғанмен, оған қатысты қандай да бір қадамның нәтиже берер түрі жоқ. Жабырқау көңілге жұбаныш болатын жылт еткен жылы хабар осыдан 15 жылдан әрі болған еді. Кіші Аралды сақтап қалу жобасы айтарлықтай нәтиже береді. Алайда ол тұтас теңізді сақтап қалуға қауқарсыз еді. Жағдайды бағамдап, осы кезге дейін дабыл қағып келген теңіз жанашырларының ендігі тілегі – теңізге түсетін судың қорын молайтып, құяр көздерді қайта калпына келтіру. Алайда бұл байламға қатысты дүдәмал болжамнан басқа дым айтылмай келеді. Жобаның екінші кезеңін бастандыру туралы болжамды деректер айтылуда. Алайда қаржы мәселесіндегі кедергілерге байланысты САРАТС жобасының екінші кезеңі нақты басталды деуге ертелеу болып тұр.
Жақында осы Аралға қатысты жақсы хабарды құлағымыз шалды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, биылдың өзінде Арлға келіп құйылған судың мөлшері 2022 жылы құйылған судың көлемімен пара-пар екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Тап осы қарқынмен теңізге су келетін болса, жыл бойы Аралға 5 миллиард текше метрге жуық су құйылады екен. Бұл шөліркеген теңіздің аз да болса шөлін басуға себепші көрсеткіш. Жергілікті биліктің таратқан мәліметіне сәйкес, Арал теңізінің деңгейі жарты метрге жуық көтерілген. Яғни, 2023 жылдың екі айының өзінде Аралға 803 миллион текше метрге жуық су құйылған.
Иә, теңізін аңсаған елдің ендігі тілегі де осы болатын. Лайым жақсы жаңалықтың соңын жақсы ырымға балап жатырмыз. Расында да Теңіз-Ана қайтып оралар. Оған тілекші жұрттың ықыласы мен таза ниеті дәлел.
Дәл қазіргі күнмен алсаңыз Аралда балық шаруашылығы бір тұралаған емес. Теңіз табанына шығып, сіздің аузыңызға түскен өнімнің белгілі бер кезеңдер аралығындағы сұрыпталуы мен дайындалуында қанша жанның маңдай тер, табан ет бейнеті жатыр. Сондықтан балық шаруашылығы жайылы сөз болғанда қамтылмайтын мәселе қалмауы керек. Демек балық шаруашылығы аралдықтардың ата кәсібі. Өйткені қазіргі аралдықтардың ата-бабасы теңіздің ақжал толқындарымен алысып, талай тар жол тайқақ кешкен. Қазіргідей моторлы қайық немесе төрт тағанды көлі жоқ. Түйеге арба жегіп, ескекпен дос болған бабалар ерлігінің лайықты жемісі бізді осы күнге жеткізді. Ол замандарда Арал теңізі кемеріне келіп, асау толқындары аласұрған шақ еді. Бүгінде сол алапат теңіздің адуын екпіні қайтып, табаны құрғап қалды. Нақты адамзат қолымен жасалған қиянаттың салдарынан теңізге құяр дария суы азайып, нәтижесінде суға шөліркеген Аралдың айдыны тартылып, жағалауы қаладан 100 деген шақырымға алыстап кетті. Десе де көк айдынның кіші бөлігін сақтап қалу жобасы жемісін беріп, өмірге Көкарал бөгеті келді. Бұл ғасырлық жоба қайығы тұралаған балықшы қауымға қайта үміт ұшқынын сыйлап, теңізден су маржанын сүзуге мүмкіндік берді. Бүгінде сол үмітпен күн кешкен аралдықтардың ата кәсіпті жандандыруда жұмысы алға басып келеді.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылған болатын. Қазіргі таңда ғасыр жобасына айналған Көкарал бөгетінің гидроқұрылысын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағытқа бүгінде 500 млн теңге қаржы бөлінген. Оған Қарашалаң көлінен 2 канал, Сарытерең көлінен 1 канал қазу жұмыстары басталып кетті. Алла сәтін салса, келер жылы жоба толықтай іске асырылады деп күтілуде. Күтілетін нәтиже де жоқ емес. Алдымен теңіздің тұздылығы төмендеп, су маржанының молаюына үлкен септігін тигізбек. Бұл – ата кәсіппен қауышқан балықшы қауымның қуанышы һәм берекесі мен мерекесі.
Иә, айдынды өлкенің айбынына айналған Арал теңізінің тағдырына алаңдаулы жұрттың қолға алған қай ісі де қайырлы. Ендігі тілек сол жұмыстар нәтиже беріп, теңіз кемеріне келсе дейміз. Ата кәсіптен ажырамаған ағайынның да тілегі сол.
Расында теңізді өлкенің негізгі күнкөрісінің бірі балық шаруашылығы болғандықтан бұл кәсіптен шетқақпай қалған жан жоқ десе де болатындай. Балық аулайтын балықшылардың заңды учаскелік аймақта тіркелгені өз алдына, бұл жұмысты тіршілік көзіне айналдырып, балық аулу ісінде табысты еңбек етіп жатқандары да жоқ емес. Ал теңіздің жайы мүлдем бөлек мәселе. Әлем елдері бұл теңізден қалай балық шығарамыз деп емес, теңізді қайтсек қалпына келтіреміз деп бас қатыруда. Қандай амал қарастырсақ та әзірге көк айдынға көмек болар САРАТС жобасынан басқа тетік болмай тұр.
Енді айдынды Аралдың кешегі Тәуелсіздік жылдарынан бері қарайғы уақыт аралығындағы тұтас тарихы мен арғы-бергі жағдайын өз әлімше сараласам.
1989 жылы Арал теңізі Берг бұғазынан екіге бөлінді. Берг бұғазының солтүстік жағы Кіші Арал теңізі, ал оңтүстік жағы – Үлкен Арал теңізі. Арал теңізін толықтай сақтау мүмкін болмағандықтан, оның оның екі бөлікке бөлінгендігін пайдалынып, Сырдария өзенінен келген суды тиімді пайдалану мақсатында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қолға алынды. Осы тұста теңіз Ананың жанашыр перзенті, «Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалының директоры, ҚР балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер, Арал ауданының Құрметті азаматы – Зауалхан Ермаханов ағамыздың пікіріне құлақ ассақ деймін. Айтуынша Кіші Аралды құтқарып қалудың алғашқы шаралары 1992 жылы басталған. Соның алғашқысы 1992 жылдың шілде-тамыз айларында Берг бұғазында құмнан тұрғызылған Көкарал тоспасы. Бірақ 1993 жылдың көктемінде дария суы өте мол келіп, сәуір айында тоспаны бұзып кетті. Бұдан кейін де қолға алынған жұмыстар нәтижесіз болды. Араға біршама уақыт салып, халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы жасалды. Мақсаты айқын жобаны ҚР Үкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік Банк қаржыландырды. Осы жұмыстардың аясында нендей нәтижелерге қол жеткізілгені барлығыңызға аян болар. Берг бұғазында су реттегіші бар Көкарал бөгеті, дарияның теңізге құяр сағасынан 25 шақырым жоғарырақта Ақлақ тоспасын салу және қазіргі қолданыстағы Қазалы, Қызылорда және Шардара плотиналарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Көкарал бөгеті аяқталған соң 2006 жылдың сәуір айының ортасында Кіші теңіз деңгейі жоғарыда айтқан Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрден 42,0 метрге дейін жетті. Теңіз суының көлемі 27,07 текше метр, айдынның аумағы 3288,0 текше метр, теңіз жағалауының ұзындығы 435 км болды.
Ал керісінше Кіші аралдың жағдайы күрт өзгеріп, жақсара түсті. 1990 жылдардың басында мұндағы теңіз суының тұздылығы мұхит суының тұздылығымен бірдей болса, 2006-2007 жылдары 10-11 г/л болды. Осының салдарынан балықшылық кәсібі қайта жанданып, мұндағы кәсіби маңызы бар балық түрі 22-ге жетті.
Мұның барлығы тек САРАТС жобасының тек алғашқы кезеңінің нәтиежесі ғана. Екінші кезеңі салынатын болса, Көкарал бөгетін биіктетіп, теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48,0 метр биіктікке жеткізуге, балық қорын Үлкен теңізге кетірмеуге, Шевченко, Бутаков қойнауларында және Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерінде дрейссена бақалшағы мен мизид, қырықаяқ шаяндарын аулап, жоғарыда аталған теңіз учаскелеріне қолдан жіберуді қамтамасыз етуге, Жалаңаш, Үлкен және Кіші Сарышығанақ, Шөмішкөл, Қарасор және басқа да қойнауларды суға толтыруға, Кіші Аралды қолдан балықтандыру мақсатында тұқы, ақ амур, ақ дөңмаңдай, шұбар лөңмаңдай, ақмарқа, көксерке және бекіре тұқымдас балықтарының шабақтарын жіберуге, сондай-ақ балық аулау көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік туар еді.
Аталған мәселені тиісті орындарда жиі көтеріп келе жатқан жергілікті ихтиолог, балық шаруашылығы саласының тәжірбиелі маманы З.Ермаханов «Азаттық» тілшілеріне берген сұхбатында да Кіші Аралдың өлі теңізге айналу қаупі бар деп алаңдайтынын жасырмаған. Өйткені, Сырдариядан келетін су азайғалы теңіздің тұздылығы артып кеткен. Қазір теңіз суының әр литріндегі тұз мөлшері – 13 грамм. Суының тұздылығы 16 грамнан асқан жағдайда теңіздегі балық қырыла бастайды. Бұл тағдырлы теңіз жанашырының пікірі.
Бұдан бөлек теңіз тағдырына алаңдаған ардагер «Сырдарияның жағасында Көксарай бөгені бар. Мақсаты – су көп кезде қор жинап, жазда Қызылорда облысына су жіберу. Қазір қарасаңыз, Көксарайда су бар. Балық өсіп жатыр. Олай болмауы керек. Су төменге қарай жіберілуі тиіс. Көксарай су тоспасының басқа маңызы жоқ. Шардара су бөгенінің де мақсаты балық шаруашылығы емес. Сондықтан Көксарайдағы суды дарияға, Шардарадағы суды өлі көкжиекке дейін жіберу керек. Кіші Аралды сақтап қалудың бір жолы осы» деген сұхбатында.
Иә, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп аталып кеткенін аудан халқы өте жақсы біледі. Барлығымыздың алаңдайтынымыз осы теңіз халқы жұртшылығының ертеңгі болашағы болып отыр. Бастысы адамзатқа арқау болған көк айдын қайткен күнде де асыраушы қабілетін жоймауы тиіс. Бұл трагедияны қолдан жасадық дейді кейбір тарап. Анығы Аллаға аян. Егер ғайыптан табиғат Анаға тіл бітсе осы теңіз турасында біраз жайттың бетін ашқан болар еді. Десе де айтар тілге жеңіл теңіздің жайы іс жүзіне келгенде оңай болмай тұр.
А.Бисенов