ҚР Президентінің кеңесшісі киелі өлкеге келді

1 537

"Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың басты тақырыбы еді бұл. Еліміздің даму бағыттарын, тарихи мұрасын, болашаққа көзқарасын айқындауға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған отырыс көптеген маңызды мәселелерді қамтыды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Президент аталған үш ұғымды – елдің табысты болашағының негізгі кілті деп көрсетті. "Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасат пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді. Құрметке ие болады", – деген еді ол.


Келелі жиында көтерілген қоғамдағы адалдық, әділдік және жауапкершілік принциптері мемлекетті алға ілгерілетуге үлкен жағдай жасайтыны анық. Жуырда ғана Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында талқыланған осы секілді бірқатар тақырыптарды, Мемлекет басшысының "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" аталған бағдарламалық баяндамасын талқылау мақсатында сейсенбі күні ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шиелі шаһарына арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан жұртшылығымен кездесулер өткізді. Ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділерінің, аудандық және ауылдық мешіт имамдарының, жігерлі жастардың қатысуымен жүргізілген жиындар Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келді. 


Ардагерлер оң баға берді

Мәлік Нұржанұлының алғашқы сапары Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залынан басталды. Шиелі ауданының ардагерлері мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі тақырыптар аясында өзара пікір алмасып, ой бөлісу үшін бас қосты. Жиынды Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы ашып, Президент кеңесшісінің киелі мекенге келген қадамының оң болуына тілек білдірді. 


Мәлік Отарбаев кіріспе сөзін Мемлекет басшысының ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізуден бастады.


"Бұл – Шиелі ауданына алғаш келуім. Дей тұрғанмен, "Шиелі" десе, көптеген ұлт зиялылары мен әйгілі ақын-жазушылар есімізге түседі. Оны аты аңызға айналған, қаймағы бұзылмаған, бүгінде үздіксіз дамып келе жатқан өңір ретінде танимыз. Осы тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының өздеріңізге арнайы жолдаған сәлемі мен зор ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы таяуда ғана Ұлттық құрылтайда өткен жиында бірқатар өзекті мәселелерді көтерген болатын. Сол баяндаманың негізгі бағыттарын насихаттау әрі сіздермен жүздесіп, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау мақсатында келіп отырмыз", – деді ол.


Бұдан кейін "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" тұжырымдамасының мәніне тоқталып, Президент ұстанымындағы "Әділдік. Сабақтастық. Өрлеу" бағыттарына жан-жақты түсініктеме берді. 


Шын мәнінде, Мемлекет басшысы әрқайсымызға қажет – әділдік, адалдық, шыншылдық, турашылдық қасиеттерді үнемі әр әңгімесіне арқау етіп келеді. Себебі дәл қазір әділдік бізге ауадай қажет. Әділ баға беріліп, әділ шешім қабылданбай, қоғам алға ілгерілемейді. Президент кеңесшісі бұған дейін жіберілген түрлі олқылықтар дәл сол қасиеттің болмауынан орын алғанын атап өтті. Ал осындайдан қалыптасып, болмысымызға кесел болып жабысып алған сан түрлі себептердің түбінде әділетсіздіктің жатқаны анық.


"Ал сабақтастық мемлекеттігіміз үшін сақталып, жалғасуға тиіс. Кез келген қызметкер белгілі жұмыс атқарып, оны өз уақытында тәмамдағанымен, мәңгі қалатын мемлекеттің барын ұмытпаған жөн. Өткен кезеңнен сабақ алып, аға буынның елге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, болашақ ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз. Президент ұстанымындағы екінші бағыттың мәні осында жатыр", – деді Мәлік Нұржанұлы.


Аталған екі ұғым өз дәрежесінде, лайық деңгейде бағаланып, жүзеге асар болса, "Өрлемегенде", жоғары көтеріліп, дамымағанда қайтеміз?


Иә, Президент осы 3 негізгі ұстанымынан әлі айныған емес. Елге сыйлы азаматтардың басын тоғыстырған келелі отырыста да бұл тұжырымдар толық мақұлданды. Аудан ардагерлері Мемлекет басшысының толымды тірлігіне деген ризашылығын білдіріп, өзгерістерге оң баға берді. Сондай-ақ адалдықтың түпкі негізі – тәрбиеде жатқанына тоқталып, халық игілігіне атқарылып жатқан әр бастамаға тілекші екенін жеткізді. 


"Жиын барысында Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил қалың көпшіліктің басшысын тағайындауда оң таңдау жасағанын әрі бұл жөнінде 2019 жылы аудан айнасына айналған "Өскен өңір" газетінде жарияланған мақаласында баяндағанын атап өтті. Ата басылым бетінде "Халық дұрыс таңдау жасады" деген атпен жарық көрген мақалада: "Қасым-Жомарт Тоқаев – майдангер жазушының ұлы. Ол ұлын "адал бол, әділ бол, адамдарға сен, өзгелерге көмектес, білім теңізінде жүзе біл" деп тәрбиеледі. Нәтижесінде, халыққа қызмет етуінің арқасында Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Ол – БҰҰ хатшысының орынбасары, еліміздің Премьер Министрі, Парламент Сенатының Төрағасы қызметтерін адал атқарып, Үкімет пен Парламентте зор беделге ие болды. Дипломат әрі мемлекетшіл, қайраткер дәрежесіне көтеріліп, өзінің кім екенін дәлелдеген тұлға. Баршамыздың ойлайтынымыз – халық игілігі. Бұл жолғы сайлауда Қазақстан халқы дұрыс таңдау жасады деп ойлаймыз. Әділ өткен сайлау қорытындысымен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Президенті болып сайланды", – деген еді Өркен Әзімханұлы.


М.Отарбаев қарияның қаламы мұқалмауына тілек білдіріп, газеттің бір данасын Президентке жеткізуге сөз берді. Айта кету керек, осы тұста дәуірлер көшіп, заман озса да, ақпарат көзі, халық қызметшісі – баспа беттерінің құндылығын бәрібір жоймайтынына тағы бір мәрте куә болдық. 


Жиын соңында Президент кеңесшісі аудан зиялыларына Мемлекет басшысының атынан алғыс айтып, мәртебелерінің өсіп, мерейлерінің үстем болуын тіледі. Жиналғандар ардагерлердің ақ батасымен тарқасты.


Музейге сапар

Мәлік Нұржанұлы бастаған жұмысшы топ бұдан кейін Иіркөл ауылдық округіне жол жүрді. Мұнда "Күріштің атасы" атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, егін шаруашылығының даңқты шебері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың кесенесіне зиярат етіп, рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар, "Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы" музейінің жұмысымен танысып, қызметкерлерімен тілдесті. 


Жүздесу барысында М.Отарбаев аудан жұртшылығын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, мерейлі мерекенің маңызы биік екеніне тоқталды.


"Рәміздер – бұл мемлекеттің символы ғана емес. Көк байрақтың аспанда желбірегені – баршамыздың рухымызды биіктететін, еңсемізді көтеріп, бойымызға күш-қуат беретін үлкен құндылық. Бұл күнді кешегі өткен тұғырлы тұлғаларды, олардың ел үшін еткен еңбегін еске алу күні деп есептесек те болады. Себебі рәміздер бүкіл мәдениетіміз бен салтымызды сақтау үшін күресіп, осы топырақта қан төккен ата-бабаларымыздың үлкен арманы еді. Оларға қандай күрестің нәтижесінде қол жеткізгенімізді біз тарихтан жақсы білеміз. Осынау айтулы уақытта Шиелі өңірінде өздеріңізбен бас қосуымызда үлкен символикалық мән жатыр. Ендеше, мереке баршамызға құтты болсын!" – деді ол. 


Әрі қарай музей директоры Құттықыз Ыханова қонақтарды мұражай мұрағатымен, ондағы құнды жәдігерлермен таныстырды. Музей меймандары дән атасының ұстап-тұтқан заттарын, ең құнды экспонаттары – кетпені, байтесесі, қазақы орағы, ағаш-темір соқалары, аяқ көрік пен қол көрігін, дала дақылы – ақ күріштің 32 түрін тамашалады. Мәлік Нұржанұлы көнекөз қариялардан қалған асыл мұраны ұрпақтан ұрпаққа сақтап, жеткізуде еңбек етіп келе жатқан музей қызметкерлеріне рақмет айтты. Кездесу соңында мұражайдың естелік кітапшасына ізгі тілегін жазып қалдырды.


Айта кетейік, бүгінде Шиелі ауданы бойынша 3 музей халыққа қызмет етіп келеді. Оның ішінде кетпенімен еңбек гимнін жазған диқан Ы.Жақаевтың атына берілген мұражай қоры 10 886 дана экспонатпен толтықтырылған. Оның 7 055-і – негізгі, 3 831-і – қосымша. Десе де, 1982 жылы алғаш ашылғанда, музей тек құжаттар, суреттер, орден мен медальдар жинақтаған. Сондықтан мұндағы құжат пен сурет – қордың негізін құрайды. Мұражай ауласы болса, көз тартар жасыл желекпен, дала гүлдерімен көмкерілген. Бұл мол байлық – ауданның тарихқа бай өлкелердің қатарында екенінің үлкен айғағы. Мекеме директоры ауданға қандай адам келсе де, осында аялдап, атамызға сәлем бермей кетпейтінін айтады. Әрі барлық даналықтың көзі – ұмыт болған көнеде жатқанын жасырмады. 


"Адал адам" мәдени-тәрбие орталықтары

Президент кеңесшісінің іссапары аудандық Арман мәдениет үйі жанындағы "Адал адам" мәдени-тәрбие орталығында жалғасын тапты. 


Еске салсақ, "Адал адам" мәдени-тәрбие беру орталықтары облыс мәдениет үйлері мен клубтардың жанында жоба ретінде жүзеге асады. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен қамту, олардың бос уақыттарында шығармашылық үйірмелермен айналысуына жағдай жасау. Жобада "Еріктілер клубы", "Сұхбат TIME", "Әлем-BOOK", "ART уақыт", "Жанұя шуағы", "Креативті HUB", "Кино-TIME" және арнайы мамандардың қатысуымен медиация, кеңес беру бағыттары қарастырылған. Осыған сәйкес, қазіргі таңда аудандағы мәдениет үйлері мен ауыл клубтарында арнайы орталықтар құрылып, тұжырымдаманы насихаттау бағытындағы жұмыстарын бастап кетті.


Бүгінде Арман мәдениет үйінде аталған жоба аясында біршама жұмыстар атқарылып, іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, бұған дейін осы мақсатта 86 шара ұйымдастырылса, оған 4 461 көрермен қамтылған. Мәдениет мекемесінде 8 үйірме, 2 ансамбль жұмыс істейді. Оқушылар білікті мамандардан тәлім алып, қазіргі уақытта жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Іссапар барысында М.Отарбаев "Адал адам" идеясын жүзеге асыру жөніндегі осындай үйірме жұмыстарымен де танысты.