Қызылордадағы жаңа стадион – жаңа мүмкіндік алаңы болмақ

1 557

Бірнеше жылдан бері Қызылордада жаңа стадион салынатыны айтылып келді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Спортсүйер қауым жағымды жаңалықтан үміт үзбей, қашан және қай жерде бой көтеретінін күтумен болған. Енді, міне, Сырдария өзенінің сол жағасынан ауқымды нысанның құрылысы басталып, аймақ спортының жаңа кезеңіне жол ашылмақ. Осы орайда стадионның артықшылығы, саладағы өзгеріс туралы бірер ой қозғайық.


Қызылордаға жаңа стадионның керектігі осыған дейін де талай мәрте айтылып жүрген мәселе еді. Салынғанына 60 жылға жуықтаған бұрынғы ғимараттың көнелігі көзге ұрып тұратын. Қазақстан халқының бірлігі күні қаланың сол жағалауынан жаңа стадионның іргетасы қаланды. Атауы да айбынды – «Қызылорда Арена» стадионы.


Ұмытпасақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа стадион салынатынын «Қайсар» футбол клубының мерей­тойында сүйіншілеген бо­латын. 2022 жылғы аймақ басшысының сөзін еске салсақ:


«Мен өткенде «Қайсар-Жетісу» кездесуінен кейін жан­күйерлерге «Қайсар» ко­ман­дасының заманауи ста­дионын салуға уәде берген болатынмын. Ресейдің Крас­нодар қаласында былтыр 12 мил­лион дол­ларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа ста­дион салуға ниеттіміз. Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысқа демеушілік жасауға ынталы компания бар, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймын", – деген еді облыс әкімі.


Көп өтпей қаржы ыңғайы, халық пікірі мен мамандар кеңесін ескере жобаның ауқымы сан өзгерді. Бастысы, басталған жұмыс аяғына жетіп, жанашыр жерлестер мен демеуші азаматтар көмегімен жаңа нысанның құрылысы жүргізілді.


Сол жағалаудан салынып, құны 20 млрд теңгені құрайтын стадион халықаралық талаптарға сай. Мәселен, УЕФА ареналар үшін төрт санат белгілеген. Оған сәйкес, 4-санатқа жету үшін, яғни ескі классификация бойынша 4 және 5 жұлдызды стадионға үлкен құрылым қажет. Нысан үлкен және егжей-тегжейлі тізімге сәйкес келуі керек. 2010 жылы УЕФА бекіткен ережеге сәйкес, 4-санат ең жоғары саналады. Мұндай стадиондар ең жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдай алады. Спорт нысаны УЕФА классификациясы бойынша 3- санатқа жетеді деген божам бар.


Стадионның артықшылығы, ол тек футбол ойындарына негізделмеген. Яғни көпбейінді нысан саналады. Алдын ала жарияланған жоба мәліметіне сүйенсек, нысан 9 спорт залымен – аумағы 553 шаршы метр бокс залы, 342 шаршы метр күрес, 213 шаршы метр жаттығу залы, 134 шаршы метр ауыр атлетика залы, 213 шаршы метр футболшылардың жаттығу залы, 244 213 шаршы метр йога, 1 мың 213 шаршы метрден астам гимнастика-акробатика, 151 213 шаршы метр сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылады. Бұдан өзге аренада футболшылардың жаттығу залы толық жабдықталмақ. Аумағы 7,5 гектар жерді алып жатқан стадионның жалпы ауданы 24,3 мың шаршы метр екен.


Жалпы, өңірдің спорт саласында жағымды жаңалық­тар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Облыстық дене­шы­нықтыру, спорт және туризм басқармасының мәлі­метінше, өңірде спорттық инфракұрылымды дамыту, халықтың денешынықтыру және спортпен айналысуға деген сұранысын қанағаттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, қазіргі таңда оның 9-ы қолданысқа берілген. Биыл да жаңадан 11 нысан салынып, пайдалануға беріледі.


Ескі стадион талапқа сай емес

УЕФА стандарты деп қалдық. Расында, елдегі көптеген футбол клубының стадиондары халықаралық талапқа сай емес. Бұл қауіпсіздік жағынан, сыйымдылық пен қолайлы мүмкіндік тұрғысынан көп кемшін деген сөз. Басым бөлігі 4-5 жыл сайын қайта күрделі жөндеуден өткізгенімен, оған өзге мемлекеттердің жаңа стадион салатын қаржысына шамалас ақша жұмсалады. Ел арасында ескіні жамауға кеткен қаржыға жаңасын салуды ұсынған пікір көбейді. 


Бүгінде Қазақстанда әлемдік стандартқа жауап беретін екі стадион бар. Бірі – 30 мың жанкүйер сыятын «Астана Арена», екіншісі – Түркістандағы 7 мың орындық «Түркістан Арена». Ұлттық құрама ойынын өткізуге көбінің мүмкіндігі жоқ. Байқасақ, негізгі ойындар «Астана Арена» мен Алматының орталық стадионында өтеді. Қалған стадиондар ФИФА мен УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді екен.


Мұндай деректі стадионның іргетасын қалау сәтінде облыс әкімі де тілге тиек еткен еді.

"Қайсар кейінгі 30 жылда елімізде заманауи «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынған. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан біздің сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық", – деді аймақ басшысы.


Сонымен қатар былтыр Сырдария өзенінің сол жағалауынан халықаралық талапқа сай жүзу бассейні бар көпбейінді денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудандардан 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілсе, 2024-2025 жылдары жоба құны 20,9 млрд теңге болатын заманауи стадион, 6,1 млрд теңгеге 50 метрлік жүзу бассейіні бар көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2,7 млрд теңгеге үстел теннисі орталығы салынуда. Оған қоса ауылдық елді мекендерде 4,7 млрд теңге болатын 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бітуге таяу.


«Қызылорда арена» «Қайсар»-ға   шабыт сыйлай ма?

Жергілікті билік тарапынан жүйелі қолдауды сезінген қызылордалық «Қайсар» кейінгі ойында қарқынды үдетті. Соңғы алты кездесуге көз жіберсек, үшеуінде жеңіске жетсе, қалғанында тең түсті. Нәтижесінде турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді. Алғашқы бестікте келе жатқан командаларға жақындап, еңбекті ақтауда.


Жуырда қызылордалық клуб Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында Қостанайда жергілікті «Тобыл» командасымен ойнады. Қарсылас ұжым биыл бас жүлдеге үмітті. Десе де кешегі ойында олардың тым белсенділігі байқала қойған жоқ.


Айта кетсек, ел біріншілігінде «Тобылмен» өткен кейінгі үш ойында «Қайсар» бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ. Ендігі үміт алда. 11-тур ойындары 15 және 16 маусым күндері өткізіледі.


Жалпы, аймақ жастарының футболға ынтасы алабөтен. Аймақта 55 мыңнан астам адам футболға қызығады екен. Бұл көрсеткіштiң кәсіби жетістікке ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да көмегін тигізуде. Бұған «Қайсардың» да үлесі зор. Жуырда облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов БАҚ-қа берген сұхбатында аталған тақырыпты тарқатқан болатын.


«Өңірде «Қайсар» футбол клубының жанынан орталықта 600-ден астам жастар аталған спорт түрінің қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеруде. Жасөспірімдерге УЕФА-ның талабына сәйкес А,В,С категориялы 26 бапкер қызмет көрсетеді. 2014 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан орталық «Қайсардың» құрамына бірнеше футболшыны даярлап шығарды. Алдағы кезең­дерде де футболды дамыту үшін «Қайсар» футбол орталығының жұмысын одан әрі академияға ұластырып, балалар фуболының дамуына оң динамика жасау қажет. Бүгінде «Қайсар» футбол клубы Академия құруға байланысты алғашқы жұмыстарын бастап кетті», – деді басқарма басшысы. 


Қазіргі таңда облыстағы футбол әлеуеті мол. Балалар футболын дамыту мақсатында биылдан бастап «Қайсар» футбол орталығына әлемдегі ең мықты клубтар саналатын «Барселона», «Милан», «Ливерпуль», «Рома», «Андрелехт» секілді командаларда тәжірибе жи­нақтаған білікті ма­мандар еңбек етуде. Олардың қатарында Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильев секілді ше­берлер бар. Шеттен келген мамандар бапкерлер мен футболшылардың деңгейі мен шеберлігін шыңдауда. Фут­бол орталығындағы тәр­бие­ленушілерді жігерлендіру мақсатында үздік ойын көрсеткен футболшыларға шәкір­тақы тағайындалмақ. 


Өткен жылы облыста жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғыл­дану­­шылар үлесі 39 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 2,7 пайызға арт­қанын ескерсек, әлі де жүйелі жұмыс қа­жет етеді деген сөз. Бұл орайда жаңа стадион жаңа мүмкіндікке жол ашатынына сенейік.


Б.ШАҒЫР