Егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету қалыпты өтуде

1 534

Өңірлік коммуникациялар қызметіӨңірдің ауыл шаруашылығы саласы Сырдария өзені арқылы келетін су көзіне еріксіз тәуелді. 2020 жылдан бастап Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталатын су көлемінің төмендігінен, егістікке су алу науқаны кезеңдерінде Сырдария өзенінің төменгі ағысында су тапшылығы жағдайы жыл сайын күрделенуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Осы мақсатта “Қазсушар” РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы көктемгі егістікке су алу науқанына дейін болжамды су тапшылығын ескере отырып, су шаруашылығы нысандарына жоспарға сәйкес дайындық жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы өңірлік коммууникациялар қызметінде өткен брифингте “Қазсушар” РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Роллан Ахметов пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев баяндады.


Роллан Жомартұлының айтуынша жылы су жеткізіп беру қызметін оңтайлы жүргізу және су шаруашылығы нысандарының қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында теңгерімдегі 120,6 шақырымды құрайтын 23 дана каналдарға механикалық тазарту, 49 дана гидротехникалық құрылымдарды биыл жөндеуге және 26 дана су өлшеу бекеттерін қалпына келтіру межеленген.


Оның ішінде, егістікке су алу кезеңіне дейін 73,4 шақырымды құрайтын 22 каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп 605 мың м3 топырақ шығарылса, 19 дана гидротехникалық құрылымды ағымдағы жөндеу және 15 дана су өлшеу бекеттерін қалпына келтіру жұмыстары толық орындалған.

Су шаруашылығы нысандарының көктемгі егіске дайындығын қамтамасыз ету жұмыстарының жүргізілуі Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұдайы бақылауында болды.


"Өздеріңізге белгілі, биыл вегетациялық кезең басында, Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде жинақталған су көлемі, өткен жылдан 0,6млрд.м3 кем болуынан ҚР Су кодексінің 82 бабының 2 тармағына сәйкес жылдың сулылығы болжамын ескере отырып, 3,7 млрд.м3(водозабор) су пайдалану лимиті белгіленді (2023 жылы – 3,8 млрд.м3 болған). Белгіленген су пайдалану лимитіне сәйкес Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен 187,5 мың гектар жерге егіс орналастыру жоспарланса, оның ішінде 81,2 мың гектарына күріш дақылын егу межеленді. Қазіргі уақытта нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шартқа отыру жұмыстары аяқталуға жақындады. Бүгінде 866 су пайдаланушылармен (2023 жылы барлығы – 927 су пайдаланушы болған) 123,7 мың гектар егіс алқабына 2,86 млрд.м3(водоподача) су көлемін (жоспар – 2,96 млрд.м3) жеткізіп беруге келісім-шарт жасалды. Белгіленген су пайдалану лимиті мен нақтыланған индикативтік жоспарға сәйкес су пайдаланудың күнтізбелік жоспарын әзірлеп, кестеге сәйкес жұмыс жасауда", −деді ол.


Вегетациялық кезеңде егіс алқаптарына 21 сәуірден бастап каналдар арқылы Сырдария өзенінен 1 520,0 млн.м3 су алынып, су пайдаланушыларға 1 249,0 млн.м3 су нақты жеткізілген.


Филиал тарапынан әзірленген күнтізбелік жоспарға сәйкес маусым айының екінші онкүндігінде Сырдария өзенінен магистралді және шаруашылықаралық каналдар арқылы    420,0 м3/с су алуы қажет болса, бүгінгі күні каналдармен нақты 420,0 м3/с су алуда. Облыс аумағында егілетін күріш дақылының көлемі 81,2 мың гектарды құраса, бүгінгі күні       81,2 мың гектары себіліп (100%), оның ішінде 78,9 мың гектары (97%) суға бастырылды.


Су пайдаланушылар тарапынан күріш дақылын жаппай себу және суға бастыру жұмыстарының бір мезгілде өткізілуіне сәйкес бастапқы кезеңдерде Жалағаш және Қармақшы аудандарында судың жетіспеушілігі жағдайы орын алған. Алайда, бүгінгі күні Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің ағысына жіберіліп жатқан су көлемінің ұлғаюына байланысты, жоспарға сәйкес егіс алқаптарына  каналдар арқылы су берілуде.


"Шардара су қоймасындағы су көлемінің ұлғаюы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2023 жылдың    3 қыркүйегінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылып, 2020 жылдан бері су тапшылығын көріп келе жатқан Сырдария өзенінің вегетациялық кезеңіндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында көршілес мемлекеттермен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі деп білеміз.

Қазіргі уақытта, су пайдаланушылар тарапынан күріш дақылының өсу фазасына сәйкес бастапқы суға бастырылған күріш дақылының суын тартып, тыңайтқыштар себу жұмыстары жүргізілуде. Су пайдаланушылардың суға сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы әкімдігімен, аудан әкімдіктерімен тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, Филиалдың аудандық өндірістік бөлімшелерінің барлық мамандары күндіз-түні егіс алқаптарына су жеткізіп беру бағытында жұмыс жасауда", − деді Роллан Жомартұлы.


Айта кету керек, қазіргі уақытта облыс аумағында егіс алқаптарына судың жетіспеушілігін болдырмау мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, су пайдаланушыларға жаппай күріш дақылын себу және суға бастыру жұмыстарын кезектесіп жүргізуді түсіндіріп, іс-жүзінде орындату, каналдармен су жеткізіп беруді үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында су деңгейін 24 сағат бақылауға алу. Сондай-ақ  Үкімет резерві есебінен филиалға берілген насос қондырғыларын су жетіспеушілігіне қарай, белгіленген орындарға құруға жұмыс жасау. Оған қоса “Қазсушар” РМК Қызылорда облысы бойынша филиалдың су тапшылығы жөніндегі ескертпелеріне қарамастан канал сағасынан қашық немесе биік егіс алқаптарына су пайдаланушы өз қаражаты есебінен насос қондырғысын орнатуды міндеттеу.


Бұдан бөлек Жаңақорған ауданы аумағында Жиделі және Бесарық су қоймалары орналасқан. Су қоймаларының негізгі қызметі маусымдық кезеңдерде жаңбыр және қар ерітінділерінен жинақталған су көлемімен вегетациялық кезеңде бау-бақшалықтарға су жеткізіп беру қызметін жүргізу болып табылады.


Екі су қоймаларының жобалық сыйымдылығы 23,7 млн.м3 болса, биылғы вегетациялық кезеңге дейін 21,7 млн.м3 су көлемі жинақталып, қазіргі уақытта су жеткізіп беру қызметіне 18 су пайдаланушымен келісім-шартқа отырып, жалпы көлемі 941 гектар бақшалық дақылдарды суландыруға Жиделі су қоймасынан 1,0 м3/сек (өткен жылы осы уақытта 0,8 м3/сек болған), Бесарық су қоймасынан 1,4 м3/сек (өткен жылы осы уақытта 1,5 м3/сек болған) бақшалық дақылдарды суландыруға берілуде.


Жалпы алғанда, биылғы жылы вегетациялық кезең, өткен жылдардағы вегетациялық кезеңмен салыстырғанда, Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемінің жоғары болуына сәйкес Қызылорда облысы аумағында егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету қалыпты өтуде.


Мейрамгүл Дауылбайқызы