Қазалыда өнердің түр-түрі мен спортқа баулитын үйірмелер бар
Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті, кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да, мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.
Қазір үйірме атаулының сан түрі бар. Әлбетте, сұраныс болғаннан кейін ұсыныс та, көбейіп келеді. Жеткіншектің бос уақытын ұтымды пайдалану, бойда ашылмай жатқан сан қырлы талантты ұштап, өрбітуге мүмкіндік беретін тәрбие жолы десек қателеспейміз. Уақытты тиімді өткізу, әсіресе, бала тәрбиесінде өте маңызды. Баланың уақытын қалай басқарған жөн? Оны қандай үйірмеге берген дұрыс?
Қазалы ауданында жас ұрпақтың білімін жетілдіріп, өнердің түр-түрі мен спортқа баулитын үйірмелер жетерлік. Соның қатарында – Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектепте қосымша білім беру жүйесі жұмыс істейді. Талапқа сай, 2023-2024 оқу жылында жалпы, 38 үйірме іске қосылған. Оның – 12-сі ұлттық құндылықтар бағытында, қалғаны пәндік үйірмелер. Домбырашылар және театр үйірмелері де бар.
“Art дизайн”, Бояулар сыры” үйірмелерінің оқушылары: А.Ілиясова, А.Кеңесбай, Н.Кеңесбай, А.Аралбаева қалалық, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. “Қазақ фармакологиясы”, “Химия тұрмыста”, “Қазақ дүниетанымындағы физика” үйірмесі оқушылары: А.Кеңес, А.Бақытжанқызы, А.Шахардың А.Бисенбайдың зерттеу жұмыстары аудандық байқауларда жүлдегерлер атанды.
Ата-аналар балалардың логикалық және зияткерлік ойлау қабілеті дамығанын қалайды. Сондай ақ, темірдей тәртіпке үйренсе дейді. Бұл тұрғыда осындай үйірмелер таптырмас құрал. Сондықтан, ұл қыздарының зияткерлік ойын үйірмелеріне жаппай беріп жатыр.
Әрбір ата-ана баласының жарқын болашағын армандайтыны рас. Жалпыға бірдей білім беру шаңырақтарының өскелең ұрпақ тәрбиелеуде орны мызғымас екені даусыз. Табысқа жетіп, биіктерді бағындырған кез келген тұлғаның негізі балалық шақта жатыр", – дейді Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің қосымша білім беру маманы Айнұр Маңғұтова.
“Ұлттық ойындар” үйірмесінің оқушылары ұмыт болып бара жатқан ойындарды жаңғыртып, садақ атып, шалма тастау, көгендеу ойындарын ойнауды үйренді. Пәндік үйірмелерде оқушылар пәннен бөлек, қосымша мағлұматтар алды.
Біріншіден, секциялар мен үйірмелер – бұл тек оқыту ғана емес, қарым-қатынас құралы. Әлеуметтену, ұжымда жұмыс істей білу, басқаларды бағалай білу, жеңу және жоғалту мүмкіндігі. Үйде мұның бәрін алу мүмкін емес.
Екіншіден, егер сіз химик болсаңыз, онда баланың химиясын еш қиындықсыз үйрете аласыз ба? Мұғалім өз пәнін жақсы біліп қана қоймайды. Одан да маңыздысы, сол тақырыпты балаға оның жасы мен ерекшеліктерін ескере отырып жеткізе алады.
Үшіншіден, бала сізді мұғалім ретінде қабылдай алмайды. Ұстаздық тәртіп, объективті бағалау және ата-ананың рөліне сәйкес келмейтін көптеген аспектілерді қамтиды.
Баланы үйірмеге берудің артықшылықтары көп. Әсіресе, қазіргі уақытта тапжылмай отырып, ұялы телефонға телмірген балаларға пайдасы зор.