Балабақша терезесінен құлаған баланы дәрігерлер қарамай қойған
Ақмола облысында балабақшаның екінші қабатынан құлап, бас сүйегі мен аяғы сынған баланы дәрігерлер қабылдамай қойған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 18 маусымда Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылында орналасқан балабақшада болған. Күндіз сағат 12:00-де бала екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен.
Бүлдіршіннің туыстары оны Шортанды ауданындағы ауруханаға алып кеткен. Себебі жедел жәрдем көлігі жүрмейді. Баланың атасының айтуынша, ауруханаға келгеннен кейін балдырғанды қабылдайтын дәрігер табылмаған. Қарияның сөзінше, медицина ғимаратында баланы 40 минут бойы қарата алмай, әбден сабылған.
Амалы қалмаған қария немересін көлікке салып, Астанаға тартыпты. 1,5 жарым сағат жол жүріп келе жатқанда бала есінен танған. Қалаға кіреберісте жедел жәрдем шақырып, баланы ауруханаға алып келіпті. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Шортанды аудандық ауруханасының директорының айтуынша, баланы қабылдамауына себеп атасы ғимараттың ішінде шу шығарғаны болған.
Ал оқиға болған балабақша қызметкерлері жұмыс істеп жүр. Бүлдіршіннің ата-анасы балабақшаның тәрбиешісі мен күтушісінің, балабақша директорының үстінен арыз жазбақ.