Нұртас Адамбай хиджаб киюге рұқсат етілсін деп өз ойын білдірді
Мектептерде қыздардың орамал тағуына рұқсат етілуі керек. Продюсер әрі актер Нұртас Адамбай осылай деп мәлімдеді. Ол осы бағытта құрылған петицияны қолдауға шақырды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Петицияны Айтмағамбетов Ж. есімді азамат 22 тамыз күні құрған. Екі күн ішінде оған 7 мыңға жуық адам қол қойып үлгерген.
Орамал тағу - Аллаға сыйынудың көрінісі. Дін жолындағы адамдардың құқығын қалыпқа келтіруге барлығымызда мүмкіндік бар", - деді Адамбай.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев "Базз Лайтер" мультфильмінің Қазақстан аумағында көрсетілмейтінін мәлімдеді. Ал оған дейін продюсер, режиссер Нұртас Адамбай “Базз Лайтер” мультфильміне тыйым салу керек деген бастама көтерген еді. Ал продюсер Баян Алагөзова зайырлы елде барлық ориентация өкілдеріне теңдей құқық берілуі керектігін айтып, гомосексуалдарды қолдады. Ол Адамбайдың пікіріне қарсы шығып, оның "Келинка Сабина" фильмінде де дәстүрлі емес контент бар екенін атап өтті. Ал мәдениет және спорт министрлігі аталған картинаға Қазақстанда тыйым салынбағанын атап өтіп, оның неліктен прокатқа шықпайтынын түсіндірді.