Бүлдіршіндерге шаттық сыйлайтын балабақша

1 523

Фото:  Kyzylorda-news.kzҚармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы №23 «Балдырған» бөбекжай-бақшасы 2015 жылы ашылып, жұмысын бастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап. 


Ол типтік жобада «Балапан» бағдарламасы аясында қызметін жалғастыруда. Екі қабаттан тұратын әсем ғимарат 280 орындыққа арналған. Қазір мұнда 1,6-6 жас аралығында жас ерекшелігіне сәйкес 9 топта 172 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай заман талабына сай құрал-жабдықпен қамтылған. Арнайы спорт, ән-әуез залдары және әдіскер, психолог, логопед, басқа да кабинеттері бар.


Мекеменің басты ерекшелігі – 2021 жылдан бастап балабақшада арнайы аутизм спектрі бар балаларға Аутизм кабинеті ашылып, мамандармен қамтамасыз етіліп отыр. Онда балалардың жас ерекшелігіне қарай түрлі жиһаз орналастырылған. Білім мекемесінде бүгінде 41 педагог маман жұмыс жасаса, оның ішінде әдіскер, логопед, психолог, музыка, би, дене шынықтыру жетекшісі, ұйымдастырушы педагог, ассистент маман, сондай-ақ тәрбиешілер абыройлы еңбек етуде. Атап айтқанда, педагогтардың 32-сі жоғары білімді болса, 5-еуі арнаулы орта білімі барлар. Қалған 5 тәрбиеші де «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту» мамандығын бітірсе, ұжымда жастарға жол көрсетіп жүрген 15 тәжірибелі педагог-модератор жұмыс істеуде. Ауызбірлігі мол тәрбие ошағына Гүлмира Орынбаева басшылық етеді.


"Балабақшаның оқу-тәрбие жұмысындағы негізгі мақсаты – бүлдіршінді жан-жақты дамыту, денсаулығын нығайту және мектептегі оқу ісіне дайындау болып табылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы No348 бұйрығымен бекітілген стандарт бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сүйене отырып жұмыстар жүргізудеміз. Бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне қарай үйірмелер ұйымдастырылған. «Балдырған» би, шахмат, робототехника үйірмелері, одан бөлек дарынды балалармен жеке дара жұмыстар атқарылуда. Ұжымның тынымсыз еңбегінің арқасында көптеген жетістікке жетіп отырмыз. Атап өтетін болсақ, балаларымыз әр жыл сайын ауыл, аудан, облыс және республика көлемінде өтетін байқаулардан жүлделі орындар иеленіп келеді. Бөбекжай-бақшамыз ашылғалы бері жылдық жоспарға сай ұйымдастырылған іс-әрекеттер, тәрбие қызметтері, әрбір мерекеге орай ертеңгіліктер мен түрлі іс-шара жоғары деңгейде жүргізіліп және ол әлеуметтік желіде жүктеліп отырады. Сонымен қатар балабақшада облыстық, аудандық, аймақтық семинарлар да өтіп отырады. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы жақсы жабдықталған. Бізде бала білімі мен интеллектісінің дамуына ықпал ететін интерактивті, мультимедиялық тақталар, теледидар, компьютер, ноутбук, моноблоктар бар екенін екшеп айтып кетуімізге болады. Жаңа инновациялық технологияларға сиқырлы қалам құрылғылары мен робототехника құрал-жабдықтарымен де жабдықталғанын айта кетсем, артық емес", – дейді білікті басшы.


Бір ескерерлігі – балабақшада ROBOTICS STEM (робототехника) кабинеті жабдықталған. Күнделікті оқу қызметтеріне Флипчарт, Интеллектум ойын құралдары, Воскобович, Монтоссори, Триз, Тәй-тәй, Ойын технологиялары ұтымды пайдаланылуда. Педагог тек өз саласының терең білгірі ғана емес, бұған қоса тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылығы мен саяси-экономикалық жағынан білімді және ақпараттық сауаты да болуы керек. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісін қатар алып жүретін, оқытудың қазіргі жаңа технологиясын шебер меңгерген парасат иесі болғанда ғана білігі мен білімі жоғары, жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады. Міне осы дағдыларды толық меңгеру үшін іс-тәжірибемен бірге әртүрлі тақырыпта білімін жетілдіріп отыруды педагогикалық ұжым естен шығармайды.


«Бөбекжайда балалар 4 мезгіл тамақтанады. Ас мәзірінің құрамында ет, балық, жұмыртқа сияқты калориясы жоғары тағамдар бар. Бала денсаулығына, оның өсіп, дамуына қажетті дәрумендерге бай қызылша, сәбіз, қырыққабат секілді көкөністерден түрлі салаттар жасалып беріледі» дейді мұндағы аспаз мамандар.


Жалпы балабақшаның жетістігін тізбелей кетер болсақ, 2015 жыл қорытындысымен Ақай ауылдық округі әкімінің «Жыл мекеме басшысы» номинациясына бөбекжай-бақша меңгерушісі Гүлмира Орынбаева лайық деп танылған. 2017 жылы ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталса, осы жылы «Ұйымдастырылған оқу қызметін жаңаша ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдері» тақырыбындағы облыстық семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыстық білім басқармасы облыстық оқу орталығының арнайы сертификатын иеленген. Аталған тақырыпта аудандағы әріптестерімен озық тәжірибесін бөлісіп, семинарда шығармашылық ізденіс танытқаны үшін де аудандық білім бөлімінің мадақтамасына ие болғаны – ұжымның толымды жетістігінің жемісі десек болады. Одан бөлек ІІ республикалық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі педагогтарының «Бала деп соққан жүректер» атты үздік қызметкерлер Слетіне бөбекжай-бақша меңгерушісі Гүлмира Орынбайқызы қатысып, сертификат, диплом және халықаралық білім беруді дамыту академиясы атынан төсбелгі және кубокпен марапатталады.


Білім ошағының тағы бір басты мақсаты – тәуелсіз мемлекетіміздің кішкентай мүшелерін өнерлі етіп шығару. Өңіріміздегі «Бозторғай» шығармашылық байқауы мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығын шыңдап, мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кең көлемді байқау десек, өз қатарымен аталған байқауда сынға түсіп, додада жеңіске жету – бүлдіршіндердің алға қойған мұратының бірі. Үнемі «Тек қана, алға!» ұранын ұстанатын балабақша бүлдіршіндері 2016 жылдан бастап республикалық «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауының тұрақты қатысушылары болып келеді. Осындай до- дада өнерлі балалар аймақтық, аудандық іріктеулерден бас жүлде иеленіп, облыстық деңгейдегі байқаулардан да жүлделі орыннан көрініп жүргенінен – тәрбие ұжымының біліктілігін аңғару қиын емес. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің елімізде алғаш рет ұйымдастырылуы тіпті балабақша жасындағы балалардың да танымдық қабілетінің деңгейін байқауға, баланың жалпы дамуын бақылауға, оны одан әрі дамытуға септігін тигізгені рас. Осы мақсатты жүзеге асыруда «Мектеп жасына дейінгі балалардың зерттеушілік әрекетінің ең үздік экологиялық жобасы» көрмесінде «Ең үздік экологиялық жоба» номинациясы «Балдырғанның» бүлдіршіндеріне бұйырып, дипломмен мадақталды. Еліміздегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Қызылорда қаласының мерейтойына орай ауылдық округ атынан үздік өнер көрсеткені үшін абырой биігінен көрінсе, Тіл мерекесіне арналған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Байқоңыр филиалы бойынша төрайымының қатысуымен өткізілген «Тілді сүю – тал бесіктен» атты ауқымды іс-шарада да белсенділік танытып, көптің қошеметіне бөленді. Сонымен қоса 2019 жылы облыстық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында өткізілген фестивальде балабақшаның педагогы Айжан Алмағанбетова «Үздік флипчарт сабақ» номинациясымен марапатталады. 2019 жыл балабақша үшін тіпті де жемісті жыл болғандай. Елордада өткен халықаралық «Таңғы шұғыла» байқауына 3-5 жас аралығындағы балабақша бүлдіршіндері қатысып, би жанры мен сән үлгісінен үздіктер қатарынан танылып, Гран-при, кубок жеңіп алып, Түркия елінде өнер көрсетуге жолдама иеленді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткен «Аймақты әнмен тербетіп, ән салдырған мамандар» атты мекемеаралық байқауда бөбекжай-бақша қызметкерлері өзара ұйымшылдықпен қатысып, бас жүлде және ауылдық округ әкімінің кубок иегері атанды. Қазақы дәстүрді ұлықтап, дәріптеу – бала жастан басталса керек. Осы тұрғыда ұлттық мәдениетімізді насихаттап, дәстүрімізді дәріптеуде бөбекжай меңгерушісі Наурыз мерекесінде ұлттық көрме жәрмеңкесінде «Национальный акцент» номинациясымен Байқоңыр қаласының әкімі К.Бусыгиннің дипломына ие болса, ұжым «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, 1 маусым – «Балаларды қорғау» күніне арналған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарын иеленген. 2020 жылы балабақша тәрбиешісі Айгүл Бәйтерекованың жетекшілігімен «Тәуелсіздік тұғырым» атты республикалық байқауға қатысқан бүлдіршіндер Рамазан Бәйденов пен Альбина Зинелабдинова І дәрежелі орынға көтерілді. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасарынан алғыс хат алса, республикалық «Тәуелсіз Қазақстан – менің елім» атты балалар мен ересектер арасындағы байқауда «Би жанры» номинациясы бойынша «Балдырған» би тобы І орынды жеңіп алды. Және осы байқаудың «Ансамбль және оркестр» аталымы бойынша «Балдырған» ансамблі бас жүлдені қанжығасына байлады. Биыл «Заманауи дәстүрлі емес сурет салу техникасы» тәжірибесінен шебер сынып республикалық байқауының аудандық кезеңінде бас жүлдеге ие болса, облыстық сырттай кезеңінде, республикалық байқауында да І орынды бағындырып отырғандары қуантады. Жақында «Балдәурен» республикалық балалар мен жасөспірімдер сайты ұйымдастырған шығармашылық ән байқауында да І орынды жеңіп алып, сенімді ақтады. Маусымда «Жазғы сауықтыру-шынықтыру жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар көрсетіп, облыстық Оқу орталығының арнайы сертификатына ие болған жайлары бар.


"Бала – біздің болашағымыз. Яғни бала қандай болса, келешегіміз де сондай болады деген сөз. Сол себепті де баланың жақсы ортада өсіп-тәрбие алуына, болашағының жарқын болуына алдымен біздер жауаптымыз. Оның бойына бүгіннен бастап себілген адамгершілік, тәрбие дәні есейгенде оған көмекке келіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне септігін тигізеді. Сондықтан да тәрбиелі, білімді, зейінді бала тәрбиелеу ісі – ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Балабақша ұжымы балалардың қабілетін жан-жақты дамытуда барлық уақытта абыроймен белсенділікте жұмыс істей беретін болады", – дейді өз ісінің шебері Гүлмира Орынбаева сөзін қорыта келе.