Қазалыда жылына 5000 тонна күріш өңдейтін зауыт іске қосылды

1 526

Фото: Қазалы ауданыАудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жуық арада ғана іске қосылған «Жанкент Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Әйтеке би кентіндегі «Жанкент Агро» күріш өңдеу зауыты наурыз айында іске қосылған болатын. Жоба құны 501 млн теңге, оның 155,2 млн. теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АО тарапынан, 345,8 млн теңге – серіктестіктің өз қаражаты. Зауытта тұрақты жұмыспен 10 адам қамтылған, зауыт жылына 5000 тонна күріш өңдейді. Қазіргі таңда ақталғаш күріш елімізден бөлек Ресей, Украйна, Өзбекстан елдеріне экспортталуда. Бұл жөнінде аудан әкіміне серіктестік директоры Әнуар Абыханов айтып берді.

Аудан басшысы «Жанкент Агро» ЖШС-нің жұмысына оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аудан басшысы мұнан кейін жеке кәсіпкерлер Венера Тайлақбаеваның «Азия Қамыш» және Бейбіт Қазығұловтың «СЕЛЬХОЗЭНЕРГО» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барып, кәсіпорындардың жұмысын көрді.

Қазіргі таңда, «Азия Қамыш» серіктестігі қамыстан экологиялық таза құрылыс материалдарын дайындауға арналған шикізат өңдеп, Еуропаның Швеция, Финляндия, Норвегия, Германия, Голландия сынды 5 еліне экспорттауда. Кәсіпорында тұрақты 10, ал қамыс алқаптарында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ал «СЕЛЬХОЗЭНЕРГО» ЖШС-нің директоры Бейбіт Қазығұловтың айтуынша 2005 жылдан бері электромонтаждау жұмысымен айналысып келе жатқан кәсіпорын бүгінгі таңда жолдарға және жаяу жүргіншілер жолдарына арналған бордюрларды вибропресс құрылғысы арқылы шығаруда. Кәсіпорынның өнімдері бүгінгі таңда ауданымыздағы жол құрылысы жұмыстарында пайдалануға үлкен сұранысқа ие.

Аудан әкімі кәсіпкерлік нысандардан кейін Қазалы қаласында орналасқан «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының» Оңтүстік – батыс аймақ филиалы мекемесіне барып, тұқым бағының жұмысын көрді. Бүгінде тұқым бағында Арал теңізінің құрағаған ұлтанына егілетін сексеуіл көшеттерінен бөлек құрғақшылыққа төзімді 10-нан астам ағаш көшеттерінің түрі егілуде.


Аудан әкімі алдағы уақытта тұғым бақта өсіріліп жатқан ағаш көшеттерін аудан орталығына әкеліп отырғызу керектігін айтып, жауапты орынбасарына алдағы уақытта бұл жұмыстарды қолға алуды тапсырды.