1 млн теңгемен кәсіп бастаған кәсіпкер

1 528

https://kyzylorda-news.kz/ruЖалағаш ауданындағы  ауыз су құрылысының басынан келе жатқанда көше жиегіндегі үйлердің бірінің ауласында станокпен жұмыс жасап жатқан ағамызды көзім шалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Басылымның кезекті санына еңбек адамының бар ынтамен жасап жатқан жұмысын насихаттайық деген оймен көлік тізгіндеген әріптесімді тоқтаттым. Үйге қарама-қарсы орналасқан сарайдың алды толған пластик есік-терезелердің қалдығы. Пластик түгілі ағаштан жасалған құрылыс заттарының өзін сырттан таситын жаңадарияда осындай кәсіпті біреу дөңгелентіп отыр дегенге ішкі түйсігім сенер емес. Алайда ауданнан ең шет орналасқан елді мекен халқының кәсіпке деген қызығушылығы мен ойлағаннан да жоғары болып шықты.


Әріптесім Кирил Денисов екеуміз аялдаған шаңырақ Жеңіс Исаев ағамыздың үйі екен. 15-20 жылдай пластик есік-терезе шығаратын зауытта жұмыс жасаған жігіт ағасы кейін бұл істі өзі бастауға бел буады. Қажетті құрал-жабдықтар алуға қаржысы жетпеген кейіпкеріміз кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінуді жөн санайды. Осылайша аудан орталығына келіп, өз жобасын арнайы мамандарға таныстырады. Мамандар ағамыздың жобасының жарқын екенін айтып қаржылай қолдау алуға жәрдемдесіпті. Нәтижесінде былтыр Жеңіс Исаев 1 млн теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Қаржы қолға тиген бойда жұмыс та басталып кетті. 


Іскер азамат есік-терезеге пайдаланылатын негізгі шикізатты түркиялық «Кави» дүкенінен алады. Оның сөзінше, түрік тауарларында айтарлықтай сапа бар көрінеді. Ал тұтынушы талабына сай өнім шығару үшін алдымен сапаға аса мән беру қажеттігін бәріміз жақсы білеміз. Шикізат көзі былай тұрсын, кәсіпкер қолдағы құрал-жабдықтардың өзін арнайы дүкендерден алдырыпты. 


"Өз ісімді бастап кеткелі қазір бір жылдай уақыт болып қалды. Кейбір адамды кәсіп ашарда «Бұл істі әрі қарай жүргізе алам ба?» деген сауал мазалайды. Ал менде мұндай болған емес. Себебі бұрын қатарынан бірнеше жыл осы салада жұмыс жасағанмын. Ол кәсіпорында біз өндірген тауарға қатысты бірде-бір шағым болған жоқ. «Қашанғы бір айлыққа қарап жүре береміз, мұнан өзім жеке іс бастағаным жақсы» деген ой келді. Осылайша бастап та кеттім. Шыны керек, жұмысымның алға басуына мемлекеттің үлкен қолдауы көмек болды. 1 млн теңге қайтарымсыз қаржы кімге болса да үлкен жәрдем. Сондықтан алдағы жауапкершілікті сезініп жұмыс жасау – бізге міндет. Ауданнан шет орналасқан ауыл болсақ та әзірге тапсырыс берушілердің қатары сиремей тұр. Біз бұған қуанамыз. Ал өнімімді тұтынған жандардың да ешқайсысы реніш білдіріп жатқан жоқ. Соған қарағанда бұрынғыдай сапаға аса мән беріп жатқан болуым керек", – дейді кәнігі маман. 


Жеңіс Исаев – негізінен екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ менің денсаулығымда ақау бар екен деп мүжілетін ол жоқ. Керісінше өмірге деген бұл талпынысынан кейбір аяқ-қолы сау адамдар сабақ алуы қажеттігін айтады. Есік-терезе сатып алған ауыл тұрғындары да өнімінде сапа барын айтып отыр. Кейіпкеріміздің қолынан шыққан есік-терезелерге тек жаңадариялықтар ғана емес, көршілес Есет батыр мен Еңбек, Аққұм, Мәдениет, Мырзабай ауылының тұрғындары да тапсырыс беруде. Бұрыннан бұл салада қолтаңбасы бар Жеңіс Исаевтың бұйымына қала берді аудан орталығынан да бірлі-жарым тапсырыс түсетін күндер де болды. Тапсырыс берушілер қатары көбейген сайын кейіпкеріміздің жұмысқа деген ынтасы артатын көрінеді. 


"Қазір тек ауыл халқынан ғана емес, көрші ауылдардан да тапсырыс түсіп жатыр. Бұл менің жұмысқа деген ынтамды одан әрі арттыра түседі. Табыс өз алдына, менің негізгі мақсатым – тұтынушы талабынан шығу. Маған жасаған бұйымыма төленген қаржыдан сөзбен берген бағасы жоғары тұрады қашанда. Сапаға аса мән беретінім де сондықтан. Біреу өзіңнің қолыңнан шыққан туындыңа қатысты теріс пікір айтса, ертең жұмысқа ынтаң болмай, қабілетің ашылмайды ғой. Аллаға шүкір, менде ондай жағдай болған емес. Алдағы уақытта да болдырмауға тырысамын. Мына қолымдағы құрылғы 120 мың теңге тұрады. Арнайы пластик есік-терезелер жасауға арналған. Алдым қыс, сондықтан енді көктемге дейін тапсырыс бола бермейді. Біздің маусым күн жылығанда ғой", – деп бір жымиып алды ағам. 


Расында, жаңадариялық Жеңіс Исаевтың бұл ісі үлгі алуға тұрарлық. Тек бақша дақылы мен мал шаруашылығын қолға алған ауыл үшін бұл жоба – үлкен жаңалық. Алдағы уақытта кейіпкеріміз кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, пластиктен басқа да бұйымдар дайындауға ниеттеніп отыр. Қазірдің өзінде іскер азамат бір адамды жұмыспен қамтыған. Жаңадариялықтарға менің риза болатыным осы. Бізде күріш не өндіріс жоқ деп мүжілмейді. Барға қанағат қылып, тек алға талпынуды біледі.


Жалпы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен үшін өңірлерді дамытуға негізделгендей көрінеді. Себебі ауылдың әрбір азаматы оның игілігін көрсе, сол өңірдің алға басуына кішкене де болса оң әсері тиеді. Кәсіпорын бар жерде жұмыссыздық болмайды, әлеуметтік сала алға басады. Ондай ауылда тұратын әрбір отбасының тұрмыстық сапасында да ілгерілеушілік басым болады. Біз бір күнгі сапардан осыны ұқтық.