Алимент алушыға ақшаны қайда жұмсағаны туралы есеп беру міндеттелмек
Елімізде енді алимент алушы төлеуші тарапқа қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп беруі мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық бұны заң жүзінде міндеттеуді ұсынды. Айтуларынша, ақшаны балаға емес, өз керегіне жұмсайтындар бар екен.
Қазақстандағы ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық мүшелері төленген қаражаттың орынымен жұмсалғанын қалайды. Сол себепті алушы тарап ақшаның қандай мақсатқа кеткені жайлы есеп беруі тиіс дейді. Аталмыш жобаны “Неке және отбасы туралы” кодекске енгізіп, ай сайын жазбаша есеп беруді міндеттеу керектігін ұсынды.
Дегенмен, Алматы қаласының тұрғыны Жәмиля Тоқанова бұл оймен келіспейді. Ол екі айдан бері бұрынғы күйеуінен алимент алып келеді. Өз баласынан есеп сұрау - миға қонымсыз дейді, ол.
Ал, заңгер Альбина Бақтиярқызы неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, ата-ана ақшаның қайда жұмсалғанын білуге құқығы бар екенін айтады. Алиментті төлеп жатқан адам қаражаттың қайда кеткенін білуі тиіс дейді.
Елде егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алимент төлеу тәртібі мен мөлшері туралы келісім болмаса онда неке және отбасы туралы Кодекстің 139-бабына сәйкес сотпен төлеу қарастырылған. Мәселен, бір балаға борышкердің еңбекақысының төрттен бір бөлігі, ал екі балаға – табысының үштен бірі алынады. Ал, үш және одан да көп балаға алимент төлейтін адам айлық кірісінің тең жартысын бөліп береді.