Ұсталық өнерді ұстанған
Кәсіптің түрі көп. Нарық бізді түрлі кәсіпті меңгеруге мәжбүр қылды. Тек кәсібің адал, жұмысың сапалы болса болғаны, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекетке қол жаймай, өз қаржысын салып, кәсібін айналдырып отырғандар ауданда аз емес. Солардың бірі – Қанат Адамбаев. Қанат ағамыздың бірнеше жылдан бері жасап келе жатқан кәсібі қазаққа жат емес. Ата-бабамыздан келе жатқан ұсталық өнер. Бабаларымыздың ежелгі көлігі арбадан бастап, қазіргі автокөліктерді қозғалысқа түсіріп, адамзат өркениетінің бастауы болып табылатын дөңгелек ең алғаш біздің қазақ даласында жасалды. Содан бері халқымыздың тұрмыстық тілінде «шебер», «ұста», «зергер» деген сөздер пайда болып және ол күні бүгінге дейін біздің күнделікті тұрмысымызда маңызын жоймай келеді. Кешеге дейін халық арасында көрік басып, темірден түйін түйген, ағаштан ою ойған ұсталар, алтын, күмістен әшекей бұйымдар жасаған зергерлер болды. Тіпті еліміз тәуелсіздік алғанға дейін әрбір ауылда темір, ағаш ұсталары бар еді. Ауыл тұрғындарының дені базар жағаламай, тұрмысқа қажетті заттарын сол ұсталарға тапсырыс беріп жасататын. Сол ұсталар соққан темір, ағаш бұйымдарды кейбір үйлер әлі тұтынып келе жатыр.
Қанат ағамыз да ағаш ұстасы. Өзінің жаратылысындағы алғырлық пен еңбекқорлық және әкенің тәрбиесімен бойына сіңірген ұқыптылық, ыждағаттылық, сабырлы мінез Қанат ағамыздың әрбір жұмысына береке үйіріп отыр. Өзі айтқандай, кәсіп иесінің ең бірінші ұстанымы – тек пайда табу емес, жұртқа адал қызмет көрсету. Шебердің қолы – алтын. Оның қолынан шыққан жиһаздар қазірде аудандағы әрбір тұрғынның үйінде бар.
Қанат Адамбаев өз кәсібін осыдан он бес жыл бұрын бастаған. Алғашында ағаштан қолжуғыш, кішкене орындықтар жасап бастаған Қанат ол қазірде үй ішіне қажетті барлық жиһазды жасай береді. Алдын ала тапсырыс берушілер де көп екен. Тұтынушылар қазір қай заттың да сапасына мән беретін болған. Қанат ағамыздың қолынан шыққан дүниелердің барлығы да сапалы әрі сәнді.
– Қазір нарық талабына қарай еңбек етіп, отбасын асырап, одан артылса кәсібін кеңейтіп, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғандардың қатары артып келеді. Біз бұған қуануымыз керек. Кәсіппен айналысамын деген ынталыларға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы қолдау да көрсетіліп келеді. Тек істің көзін тауып, еңбек ету керек. Еңбек ақы, маңдай термен тапқан ақшада береке бар. Әкеміз жастайымыздан бізді адал еңбекке, түрлі кәсіпке үйретті. Мал, егін шаруашылығында жүрсе де, үйдегі басқа да шаруаларды істегенде қасынан тастамайтын. Сол жұмыстың қыр-сырына қанықтырып, бейімдейтін.
Қазір отбасылық жеке кәсібім бар. Мықты ұста болсаң да, құрал-саймансыз ештеңе істей алмайсың. Жұмысың өнбейді. Сондықтан үйден шағын цех аштым. Тапсырыспен де, тапсырыстан бөлек те түрлі ағаштан жиһаздар жасаймын. Қазір халықтың жағдайы кешегі өтпелі кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Оның бір ғана дәлелі – бүгінде осы аудан орталығындағы ескі үйлердің жетпіс пайызы жаңаланды. Тұрғындар қалтасындағы қаражатына көлеміне қарай жаңа үлгімен үй салып жатыр. Жаңа тұрмыс жағдайына сәйкес жаңа үлгіде жасалған жиһаз керек. Кейбір тұтынушылар түгелдей бір үйдің жасауына тапсырыс береді. Әр бөлменің өз ерекшеліктеріне лайықтап қажетті жиһаздар жасап беремін. Жиһаздың негізгі шикізаты – ағаш. Ағаштарды және жасайтын жиһазыма қажетті басқа да бөлшектерді Қызылорда қаласынан алдырамын. Жасаған дүниеміздің сапасы оның ағашына да байланысты. Мәселен, қарағай қатты болғандықтан оның кепілдік мерзімі де ұзақ болады. Бірақ тапсырыс берушімен келісілген бағамыз қалтаға салмақ салмайды. Келешекте кәсібімді кеңейтпек ойым бар, – дейді кәсіпкер.
Расында ұстаның қолына түскен ағаштың бір жапырақ жаңқасының өзі кәдеге жарап жатады. Қанат ағамыздың үйіндегі ағаштан жасалған бұйымдардың барлығы да былайғы күндері аяқтың астында жататын қалдық ағаштардан жасалған. Қазір әрқайсысының атқаратын өз қызметі бар. Отыруға жайлы, арқалы орындық, піспегі келіскен күбі, нан жаятын тақтай мен оқтау және сол сияқты тағы да басқа күнделікті қолданатын, тұрмысымызға қажетті заттар үй иесінің қолынан шыққан.
Иә, "Еңбек ет те, міндет ет" дейді халқымыз. Кәсіптің қай түрі де оңай емес. Соның ішінде халқымыз дәріптеп келе жатқан ұсталық тек кәсіп қана емес, ол – кез келген адамның бойында кездесе бермейтін үлкен өнер. Бірақ бұл өнерді кәсіпке айналдырмау керек деген сөз емес. Қол еңбегі де, ой еңбегі иесіне және қоғамға пайда әкелуі керек. Әсіресе нарық талабында қолөнер шеберлерінің еңбегі бағалануы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Қанат Адамбаевтың қолынан шыққан сапасы мен сәні үйлескен дүниелерге деген сұраныс жоғары.
Ағаш шебері (Ағашшы ) - ағаштан түрлі тұтыну бұйымдары мен үй жиһаздарын жасайтын маман. Ағаштан түйін түйетін шеберлерді төрт топқа бөліп қарастыруға болады: балташылар - үй құрау, арба, шана, есік, терезе жақтауларын тағы басқа жасаушылар; үйшілер - киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, адалбақан, асадал сынды тағы басқа бұйымдарын жасаушылар; оймашылар - жүкаяқ, кереует, кебеже, абдыра, саз аспаптарын оюлап жасаушылар; тоқушылар - себет, ергенек, қорап тағы басқа тұрмыстық бұйымдарын тоқушылар.
Ағашшы күнделікті тұтынатын ас-су жабдықтарын: тостаған, аяқ-табақ, сапты аяқ, ожау, қалақ, иіелек, күбі, астау, ат әбзелдері (ердің қаңқасы, ашамай), үй жиһаздарын: жүкаяқ, кебеже, сандық, асадал, адалбақан, аша, бақан, тіреуіш, төсек, бесік тағы басқа дүйім дүниені жаcaп, мәнерлейді. Ағаштан жасалған бұйымдар төзімді, әрі жеңіл болғандықтан, қазақ көшпелі тұрмысында қолдануға ыңғайлы болды.
Ағаш тасуға ыңғайлы болғандықтан ағашшы үйін орманға жақын жерге салған. Ағашшы кәсібімен айналысатындар қайың, арша, қарағай, тораңғы сияқты ағаштарды таңдап алып, көлеңке, әрі кұрғақ жерде кептіріп, жонып сүргілейді. Ағашты кесу, тесу, ою, ыңғырулау, өңдеу, дайын болған соң, бояу, оюлау, бедер салу сияқты істерге кіріседі. Ағаш үйдің уығын морлап ию, керегені қырып көктеу, шаңырақ ию, есік үйлестіру сияқты тәсілдер де кең қолданылды.
Ағаш шебері өздері өмір сүрген табиғи ортадан керегін тауып, таңдап, қажетті бұйымдар жасай білген. Ағаш желімін де қолдан қайнатып дайындаған. Сөйтіп, ағашшылар өздері жасаған бұйымдарды сатып немесе малға, тағамға айырбастап, кәсіпшілігімен күн көрген.
Ағаш шеберлік аспаптары - ағаш ұқсату, өңдеу жұмыстарына қажетті саймандар. Кез келген жұмысты бастар алдында ағаш шебері кұрал-саймандарын сайлап алады.
Ағаш ұсталары кұрал-саймандарын кесу, шабу, қию, жону, керту, ою, оймыштау, қырнау, қыру, тесу, сургілеу, тілу, қару, бояу, жылтырату, сырлау, шегелеу, желімдеу және тағы басқа жұмыстарда қолданды.
Ағаш шеберінің негізгі құралдары мыналар: балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, түрпі, тез, қашау, шапқы, қырғыш, ұңғы, ыңғыру, сыдырғы, егеу, тістеуік, үскі, пышақ түрлері және тағы басқа ағаш шеберінің аспаптар қатарына ағаш балға, шот, атауыз (қысқы), аталғы, пышақ, пәрмі, қолшығыр, балға, ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), қырғыш, сүмсуір, қаламдықтемір (көзеуіш), ақсақтемір, қайрақ, білеу, қылау, жануыш, сүргі, зімпара, бұлғауыш, қылқалам, қуысқұлақ, белтемір, інкенже, жаңғырық, сына жатады. Бұлардың кейбірі сайманды ұруға (ағаш балға, ұртоқпақ (қолағаш), екіншісі - өлшеуге (ақсақтемір) немесе кұрал-сайманды қайрау немесе астына тосып салу (жаңғырық, сына) сияқты жұмыстарға пайдаланылады.