Жаңақорғаннан шыққан талантты тұлға

1 503

Фото: nege.kzӘлемді еркін кезіп ұшып жүретін әділеттен жаралған бір құс бар. Ол өзін сүйген адамның құйтақандай кеудесіне барып орналасады да ақырғы деміне дейін санасын қалғытпай, қайратын қамшылап, қиянат атаулымен күресте жігерін шыңдап, мақсат биігіне бірге самғайды. Бірақ екінің бірінің жан дүниесі бұл киелі құстың мекені емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


«Жас сәби жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» деп Абай атамыздың айтқанындай, пенде атаулы періште тілекпен өмір сүрер болса жер бетінде қатыгездікке орын қалар ма еді?


Ақ қанатты құс пен адам жаны егіз. Адам болғанда Алласы аузында алпыстағы қариядан бұрын ана сүті аузынан кеуіп үлгірмеген алты-жеті жасар баланың кіршіксіз жүрегін біржолата мекен етер ақ ниетті адал құстың ұшы-қиырсыз миссиясының шеті де, шегі де жоқ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз - Қалила Омаровтың бүкіл өмір жолына зер салған әркім осы бір ғажайыпты мойындаса керек.


Титтейінен әжесінің қилы-қилы ертегілеріне құлақ қойып өсті. Төртінші сыныптан бастап кітапқа ден қойды. Ауыл кітапханасындағы қазақ жазушыларын түгендеп, енді шетел әдебиетіне ауыз салды. Алғашқы оқыған кітабы Гетенің «Страдания юного Вертерасы». Одан Тургеневтің «Асясына» есі кетті. Тіпті әдебиеттің әсері, қайдасың Ася деп, қалтасында алты сом ақшасы бар, Ленинградқа қашып кетпек болып, бір күн пойызға мініп, кете барды. Әлі кәмелетке толмаған өрен Ақтөбенің вокзалында қолға түсіп, кейін қайтарылғанымен жүрегінде алаулаған от өшпей, мектепті бітіріп, одан әскер қатарына барып келген соң ақыры бала арманына жетіп Нева жағалауынан бір- ақ шықты.


Ең бірінші кітапханаға келіп, айтқан орысшасы «хочет учиться, здесь книг много, я буду книги писать». Ондағылар күліп, Ташкентте Мәдениет институты ашылып жатқанын айтып, сонда баруына кеңес берді. Басы салбырап шыға берісте тақтайшаға хабарландыру іліп қойыпты, Ленинград мәдени – ағарту училищесі кино – фото факультетіне талапкерлер қабылдайды. Құжатын сонда апарып тапсырды. Емтихан орыс тілінде. Диктант жазу кезі. Әр мұғалім бетіне кеп үңіліп кетеді. Сөйтсе, құжатына қарап, он балалы үйдің тұңғышы, Қазақстаннан келген, жеңілдік жасалсын деген басшылықтан тапсырма болған екен. Сөйтіп оқуға түсіп кетті. Үш жылдан соң диплом жұмысына Құрманғазының «Кісен ашқанын» алып, кино жасауға кірісті. Дайын дүниені сол кезде Ленинградта өткен «Ақ түндер» халықаралық кинофестиваліне ұсынған, сынға түскен 89 қысқаметражды фильмдер арасынан озық шығып, «Гран-При» иеленгеніне өзі де сенбей қалды. Бірақ осыдан бастап ол жүрегіндегі шырқыраған балапан құстың үніне жан бітіргені былай тұрсын, оған жер-жаҺанның назарын аударып, жеңімпаз бола алады екем ғой деген жарқын үміт дем бергендей.


Арман қаласында сегіз жылдай тәжірибе жинақтаған жастың алғаш қарапайым қазақ әйелінің шынайы болмысын өз күйінде жеткізе алған кинотуындысы Тәушен ақын туралы еді. Бойды балқытар әуезді үніне жүйе-жұйесімен төгіле кетер сөз тізбектері әдемі үйлесіп, көпті үйіріп алар биязы мінезді біртуар жанның айтыстағы сәттерінен сәтті кино жасап шығып, айтыс ақынын бүкіл елге танымал етті. Бірақ оған асып-тасыған Тәушен жоқ, ошақтың үш бұтына жалынған, өзіндік табиғатынан бір саты биік өрлеуді өрескел мін санаған мінезді тұлға өз тұғырында қалды. Бұл бір керемет болса, осыны жазбай танып, қазақ әйелінің тұп-тұнық әдеп-ибасын бас идірер иіріммен бейнелей алған киногер шеберлігі екі керемет болды.


Оның қазақ сахарасындағы ашаршылықты бейнелеп берген «Жұт», «Нәубет» фильмдері тарихи шындыққа алғаш түрен салған тың тақырып болды. Ұлт басынан өткен қасіретті тірілту бір басқа, қайғы басқан күндердегі қалың ел қанды көз жасына булыққан зарлы үнінің сарынын сүйектен өтердей тітіретіп құлаққа жеткізе алуына шын таңырқаған орыстың өнер сыншысының бұған сұрақ қойғаны бар. «Сен ол ашаршылықты көрген жоқсың. Басыңнан өткергендей қалай толқынысты сезіне алдың?»


Сұм саясат зымиян тақсыретінің мұның тағдыр-талайында ізі жоқ деп кім айтты?


Ата-бабалары Ақтаста жатқан Айқожа ишан Сыр бойына ғана емес, қазақ сахарасына имандылықтың дәнін еккен дін ғұламасы еді. Олай дейтініміз, Жоңғар езгісінен құтылғанымен Арқа төсіне зеңбірегімен бірге шіркеуін ала келген орыстың ең әуелі сахара халқын өз дініне кіргізіп, шоқынды етуге бар айла-амалын жұмсағаны тарихтан белгілі. Дініне мығым жұрттың бірлігін сөгу білекпен бітпейді. Осыны жүректен өткізген найман елінің атақты биі Ақтайлақ ,Шорман сынды тұлғалар Сыр елінен Айқожа бастаған дін өкілдерін еліне алдыртып, ислам дінінің қазығын бекемдеуге күш салды.


Кешегі көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым болып саналатын Алаш арыстарына жаппай нәубет келген жылдары елдегі қожа-молдалар да қуғын көріп, атып-асу, түрмеге жабу зұлматы басталып кеткені рас. Осындай кездері Айқожаның ұрпағы Омар ишанның да Самархан жаққа бас сауғалауына тура келіпті. Кейін Омаров Қалила бабасының ізі қалған сол жерлерде болып жергілікті халықтан сұрастырғанында Омар дегенді ешкім білмей сарсаңға түскенін айтады. Сөйтсе ол жақта бұл кісіні «Қазақ ишан баба» атап кеткен екен. Ишан бабасының бас сауғалап жүрсе де басындағы қазақ тақиясын шешпегенін жұрттан естіп білді.


Бертін келе Ишан балалары Уайда, Инаят Өзбекстанның Алмазар деген жерін қоныстайды. Осы жерде қоржынтамда отырғанында келіндері Қадиша толғатып, үйден аулағырақ ұзап, бұрын қазақ бауырлары босып келгенінде мекен еткен, қазірде жермен-жексен үстін тікен басып кеткен ескі жұртта осы Қалиласын жарық өмірге әкеліпті. Шыр етіп дүниеге келген шарананың кіндігі қазағының көз жасымен шыланып, көн боп қатқан топырақта кесілгендіктен бе екен, сор қазақтың тағдыры таңдайына бітіп, тумай жатып шерлі тарихтың таудай аманатын арқаланып алыпты ғой. Кіндік қанымен тұла бойына дарыған сол құса-шерді толқын-толқын тарқату үшін әр туындысын толғатқанда өзін туғанда қиналған анасындай бір өліп-тірілерін өнер адамдары болмаса былайғы жұрт қайдан білсін?


Көрнекті мәдениет және әдебиет өкілдерінің бел ортасында жүріп әлемдік руханият пен өнердің құнарынан шөл қандырған талантты жас одан әрі білімін жетілдірмекке Өнер және Мәдениет институтына оқуға түскен. Бірақ арттан келіп тұрған қаражат жоқ, жағдайдың жұтаңдығы алаңсыз білім алмаққа мүмкіндік бермеді. Оның үстіне бір үйдің арқасүйер тұңғышы, ата-ана өтінішін жерге тастай алмай туған жерге келіп, жұмысқа орналасқан. Бірақ алау жүректі ауылдағы тыныс-тіршіліктің қанағаттандыра қоймағаны рас. Кино түсіру дегенді ойға алу мүмкін емес, құрал-жабдық жоқ. Бірақ басқа ешжерде кездестіре алмайтын дала мінез, дархан болмыстың сарқыты санаға нұрын төгіп, Манаптың, Әмірдің, Адырбектің, Есіркептің, Бексұлтанның мектебінен өткені бір олжа. Олардың әрбірі бір-бір сықпа құрт сынды. Туған ұлт қадір-қасиетінің бар маңызы, мәйегі осылардың қардай таза табиғатында тұнып тұр.


Бұлар Жаңақорған театры сахнасында қойған Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» пьесасы Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын қозғап, оның негізгі себепкері Кенес үкіметінің ұлттарға жасаған қиянатының салдары екенін ашық суреттейтін тұңғыш қойылым болатын. Ол ел астанасы – Алматыда өткен халық театрлары байқауында Бас жүлдені иеленді. Осы кезде театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Ауыл мәдениеті, қала мәдениеті деген болмайды. Біз тұтас қазақ мәдениетін жасап жатырмыз» деуі ауыл өнерпаздарына бұрынғыдан да ауыр міндет арқалатты.


Ал Қалиланың Алматыға келуіне ағайыны болып келетін Қалтай Мұхамеджановтың зор қамқорлығы себеп болды. Екеуі тағдырлас та, аттас та. Қалтайдың әкесі Ақтас мешіті жанында 400-ге жуық шәкірт сиятын медресе үйінде ұстаз болып, бала оқытқан кісі. Бай-манаптарды конфискациялау кезінде медресе бұзылып, мешіт іші мал паналайтын тұраққа айналды. Ал Мұхамеджан ұстаздың да шаңырағына бұлт үйіріліп, ұрпағының басына күн туды. Аттас дейтініміз, Қалтайдың да, Қалиланың да азан айтып қойған есімдері Қалиолла. Бірі Қалтай, бірі Қалила аталып кеткен екен.


Қалиланы Алматыға алдыртып, сол кездегі «Қазақтелефильмнің» директоры Кәрім Танаевқа тапсырғанда «звонокпен» келген балаға сенімсіздеу болып отырған басшыға блокнотына жазып қоя берген қазақ кинолары туралы сын-ескертпелерін оқып берген жастың пікірі ерекше әсер етіп, болашағына үлкен сенім артады. Барлық қадамына әкелік қамқорлығын аямайды. Соның нәтижесінде Қалила осы кезеңдері Алаш арыстары – Мағжанды, Міржақыпты, Садықбек Сапарбековты тынбай зерттеп, зерделеуге көшті. Осы бағытта ол Қазан, Ресей, Орынбор, Уфа архивтерін ақтарып, мол деректерге қанығады. Ол осы жолда он төрт жылын сарқыпты. Осындай қияпат ізденісті еңбектің арқасында «Алашорда» фильмі дүниеге келді.


Ол кездері «Қазақтелефильм» Одақ бойынша үшінші орында, «Мосфильм», «Укртелефильмнен» кейінгі басты орында тұрған беделі биік, 500-ге жуық қызметкері бар мықты ұжым болған екен. Кәрім Танаевтан соң басшылық еткен Шерхан Мұртаза да, Сағат Әшімбаев та, Мұса Рахманбердиев те компартияның цензурасы адым аштырмайтын қиын кезеңнің өзінде сірескен саясаттан саңылау тауып, телеканалда ұлт жанын рухтандыратын, сананы сілкілейтін жебедей өткір бағдарламалардың беріліп тұруына жанын салып, сол жолда талай тәуекелге барған тұлғалар екеніне тарих куә.


Осы кісілердің барлығының да қамқорлығын көрді. Тіпті өтпелі кезеңдерде кино өндірісі тоқырап, өнер адамдары жұмыссыз қалып, бала-шағаны асыраудың қамымен «Плодоконсервный» жанында темекі сатып тұрған Қалиланы осы маңдағы Жандосов көшесінде тұратын бастығы Мұса Рахманбердиевтің көзі шалып қалып, үйіне барып бес мың теңгесін алып кеп, бұған ұсынып, мына жұмысын тоқтатып, қайта шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаған әкелік қамқорлығын ұмытар ма? Одан кейін де қаншама құнды дүниелерді өмірге әкелді.


Қазірде, қолы сәл қалт етсе Кеңсай зиратына барып, өзінің бір кездердегі қаҺарманы, кейінгі өмірдегі мәңгілік кумирі Бауыржан Момышұлының басына барып тәу етіп, құран бағыштап отырады. Бұл жерде Міржақыптың қызы Гүлнар, Мәриям Хакімжанова, ұстазы Әшірбек Сығай жатыр. Басқа да өзі тағдырын бес саусақтай білетін, қайғы-мұңын бірге бөлісіп, тірлігінде бір-біріне тірек бола білген қаншама жақсы мен жайсаңдар мәңгілік тыныстап, сол тыныштықтың өзімен пәктік пен ұлылықтың болмысын ұқтырып тұрғандай тағзым етіп барған сайын жаны тазарып, жұмбақ жанының бір қырын танығандай болып қайтады.


Тарихты жеке адамдар жасайды. Қай жерде жүрсін көкірегі шежіре, аузы дуалы, сөзі уәлі жанды кездестірсе болды, микрофонын ыңғайлап, айтқанын түгел жазып алуға тырысатын қасиетін қырық жылдан бері қоя алмай келеді. Сол еңбегі зая кетпеді. Кеудесі алтын сандық қариялардың аузымен қаншама қастерлі тарих хатқа түсіп қалды. Ауыздан ауызға әкеден балаға құймақұлақ арқылы жететін тарихта кінәрат болмайды. Өйткені естігенін дәлме-дәп қоспасыз, боямасыз кейінгіге аманаттау жазылмаған дала заңы. Осы орайда Қалиланың жеке қорында ел-жер тарихына, хандар мен руларға қатысты қаншама құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Оларды кезегімен, орнымен жарыққа шығару арқылы өлке тарихына зор үлес қосып келе жатқан Қалиланы 2016 жылдары ауданға әкім болып келген Руслан Рүстемұлы өзі қолдап, қаржы бөлдіріп, өз идеясымен «Туған жерге тағзым» экспедиция¬сы ұйымдастырылды. Ол аймағымызда жатқан бүкіл әулие-әнбиелерді түгел қамтумен қатар Сығанақ, Көккесене, Құмиян сынды тарихи ескерткіштерді көрерменнің көз алдына тосып, толық мәлімет алуына жағдай жасады.


Айқожа, Хиссамеддин әулиелер туралы пьесамен қатар алты атаға ұран болған Көкен батыр туралыр деректер жинағын қазір толықтыру үстінде. Көп бұрын Ноғай аталары тарихы туралы да ізденіп, біраз материал жинақтап қойған. Дағдарыс кезеңде қаржыға келіп тұсалып, өкініш білдірген сол ағайынның ақсақалдарын «ең басты асылымыз, сынықтың көзі – өздеріңізге үлгіргенімізге тәуба. Төрт құбыласы түгелденген тарихи шежірені іздеп келетін төбесі тесік ұрпақ табылады» деп жұбатқан.


Қай жерде жүрсе де жүрегінің бір түкпірінде сақтаулы тұратын аяулы балалық шағының бал мекені – Жаңақорғанына жиі ат басын бұратын адал ұл осыдан бұрын «Жаңақорған трагедиясы» деректі фильмін көп назарына ұсынды. Оны көпшілік ютуб каналынан көруіне болады. Онда отызыншы жылдары Жаңақорғанға оқу бітіріп келген гидротехник маманы Раушан Әбенқожаевтың туған жер халқына тоқшылықтың негізін қалау үшін тіршіліктің басты көзі болып табылатын су мәселесін шешу жолында жаңа каналдың гидросызбасын жасап, шаҺар асып ағайыннан дәулетті демеушілерді де тауып, Тәшкеннен адамдар шақыртып, канал қазу жұмысына бел шеше кіріскенін, канал құрылысы қызу жүріп, жиырма бес шақырымға дейін қазылып, діттеген жерге бір-екі шақырым ғана қалғанында ел ішінен көре алмайтын іштар біреулердің кесірінен астыртын қастандық ұйымдастырылып, қаншама күш-қайрат, есіл еңбек қор болып, жарқын талап аяқсыз қалғанын бүгінгі ұрпақ біле ме? Содан кейін не болды? Келер жылы-ақ аштық басталып, жеуге дән қалмағанында жергілікті халық босып, жолай өліктерден жер басып жүре алмай қалғанын сол кезде бар болғаны 4 жасар Құрбанов Садан қария баяндап берген. Ол үйлеріне келген Раушанның халықтың осы жағдайын күнібұрын ойлап, істеген еңбегінің ақталмағанына еңіреп жылағанын да өз көзімен көрген екен. Ел өткеннің осындай өкінішін ой елегінен өткізіп, одан әрқайсымыз шын сабақ ала білсек бүгін де біреудің алдыға шыққанын көре қалсақ іштарланып, етегінен тартып бітер елдікке жат надан мінезімізден арылған болар едік-ау.


Раушан қазған сол каналдың картасын жатпай-тұрмай ізденіп, таптырып алған Мұсаханов Зұлпыхар ағамыздың сол жүйені қуалап отырып, канал құрылысын қайта қолға алып, ел игілігіне қосуы сол арманның жалғасы ғана емес, өткеннің көз жасын сүрткен, елдің еңсесін тіктеген бір біткен іс болды. Оның бойынан бүгінде Сырдағы он бір мекеннің халқы су іішіп отыр.


Документалист-кинорежиссер, 50- ге тарта деректі фильмдер авторы, Қазақстан Жастар Одағы және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Бауыржан Момышұлы, Құрмет белгісінің иегері Қалила Нематуллаұлы өзі алғаш түлеп ұшқан, ең алғаш «Бір үзім нан» пьесасында ойнап, орыс Федордың ролін сомдаған киелі сахнасында өзі туралы жазылған Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Жанталас» атты психологиялық драмасына куә болды.


Иә, талант маңдайына жазылған тағдыр хиқметі, жер бетін кезіп жақсылық іздеген жүрек әмірі осылай дейді.


Баян ҮСЕЙІНОВА