ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕГІ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ МҰРАТ ӘБЕНОВ ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА
ҚР Парламент мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мұрат Әбенов жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болып, бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, нақты мәселелер болса тыңдауға дайын екенін түсіндірді.
Аудан әкімі Мажит Самитов жол бастап, алдымен «Қамқорлық» оңалту орталығына барды. Іргетасы 1958 жылы қаланған ескі емхана ғимаратын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 320,0 млн теңге, «Қазақстан Халқына» қорынан қондырғылар мен құрал-жабдықтар алуға 330 млн теңге бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, қондырғылары орнатылды. Шілде айында ел игілігіне беру жоспарлануда. Орталық ашылғанда 500-ге жуық ерекше күтімді қажет ететін балалар оңалту шараларымен қамтылатын болады.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов керек-жарақтармен, яғни, балаларға арнайы алынған құрылғылармен танысты. Әрбірінің қалай жұмыс жасайтынын, оны қалай қолдану керектігін көрді. Санитарлық тазалық, балалардың ем алуын, мамандардың біліктілігін, олардың арнайы оқу курсында болғаны жөнінде де жауап алды. Асханасы болмағанымен, тамақ таситын арнайы тасымалы бар. Әрбір бөлмедегі ахуалды бақылауп, Эрготерапевт кабинетіндегі құрылғыға орнатылған орыс тілді жазуды қазақ тілінде аудару мәселесін сауал етіп көтеруді айтты. одан бөлек, орталықтың сыртқы бейнесін бақылап, құрылыс жұмысына оң бағасын берді.
Келесі кезекте, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің жұмысымен танысты. Кенттегі «Саяжай» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектепке арнайы барып, құрылыс қарқынын көрді.