Жаңақорғанда шағын кәсіпке қолдау көп

1 501

Depositphotos.comШағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерінің саны артпаса кеміген емес. Мамандар жеңілдетілген пайыздық несие, қайтарымсыз қаржы және субсидия биыл да жалғасын табады дейді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты сәл кешеуілдеген бағдарламалар келесі айдан бастап қайта жанданады. Жаңақорғанға арнайы келген сала мамандары осы тұрғыда ақпараттармен бөлісті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда облыс бойынша Жаңақорған ауданы алдыңғы қатарда. Яғни несие алу мен грантқа ие болуда аймақта көш бастап тұрмыз. Әрине қуанатын жағдай, бірақ келелі іске көлеңке түсіріп тұрған кемшіліктер де жоқ емес. Аз пайызбен несие және грант алғандар қатарында мақсат­сыз қаржы жұмсағандар анықталып, сотпен өндірілуге шешім шыққан деректер де бар. Мұндай жағдайларды аймақ басшысы да тікелей назарында ұстап келеді.


Басқосуда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес мүшелері ау­дандағы бизнес өкілдеріне түсіндірме жұмыс­тарын жүргізіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдиновтің қа­тысуымен өткен жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов модераторлық етті.


Жиынға қатысушылар алдымен жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан бұйымдарынан жасақталған көрмені тамшалады. Онда тігін және қолдан тоқылған тұрмыстық бұйымдардан бөлек бисер және сәндік әшекейлер мен қолдан пісірілген дәмге толы дастархан мәзірі, құрылысқа қажетті жабдықтардан құралған бұйым өзіндік сән-салтанатымен көз тартты. Басқосуда сөз алған Бектас Балғабайұлы жи­ынның мән-мақсатын түсіндірді. Өз кезегінде палата директоры аймақта кәсіпкерлік саласында нәтижелі жұмыс бар екенін атап өтті.


– Сыр өңірі соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында жақсы нәтиже көрсетуде. Отандық өнім өндіруде бәсіміз артып, шағын кәсіптің шырайы кіріп келеді. Бұл нәтижеге қол жеткізу­де мемлекеттен көрсетілетін қолдауды тиімді ұйымдастырып отырған кәсіпкерлер палатасын іске ынталы азаматтардың ортақ шаңырағы деуге болады. Кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, консультативті кеңес, бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Бүгінде өңірлік кеңестің құрамында жиырмаға жуық маман бар. Қолымызға келіп түскен жобаларды жан-жақты сараптап, болашағы бар бизнестің түріне барынша қолдау көрсетеміз. Екіншіден, олардың құқығын қорғауға мүдделіміз. Сайып келгенде, жергілікті өнім көлемін көбейтіп, экспортқа кең жол ашуға тиіспіз, – дейді палата директоры.


Ол одан әрі экспортқа жол тартқан бренд тауарлар жөнінде тоқталды. Осы орайда Жаңақорғанда өндіріліп өңіріміздің дүкендері сөрелеріне жайғасқан кір сабын, әжетхана қағазы, гипс өнімдеріне жоғары бағасын берді. Аграрлы саланың ауқымы кең, мал өнімдері мен егіндік дақылдардың шет ел асып жатқанына қуанамыз. Енді үлкен сұранысты ұлғайту мақсатында шағын кәсіпті кеңейту аса маңызды. Бұл іске демеу болатын бағдарламалар жөнінде «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Ізтілеуова баяндады. Бұл бағытта негізінен онлайн платформасы аса маңызды, яғни онлайн дүкендерде электронды сауда қызып тұр. Түрлі мекемелер, тіпті брендтегі компаниялар тауарларын пошта қызметі арқылы алуға толық мүмкіндік бар. Тасымалдау құны да қолжетімді.


– Онлайн сауда тек өңіраралық қана емес, әлемдік нарықта да ыңғайлы екенін көр­сетті. Осыған орай Астана қаласында үлкен логистикалық хаб ашылды. Бұл бастамасы, тағы үш-төрт аймақтан ашу жоспарда бар. Біздің тарапымыздан саудагерлерге де, тұтынушыларға да тиімді бағдарламалар, жаңа жобалар енгізілуде. Соның бірі – маркетплейс қосымшасы. Бұл арқылы сатушы да, сатып алушы да қосымша қаражат жұмсап шығындалмайды. Түйіндей айтқанда, электронды саудаға қазір алтын көпір дерліктей деңгейде қызмет жасап отырмыз, – деген «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Өмірзаққызының айтуынша, тұтынушыға тауар ұнамай қалған жағдайда кері қайтару қызметін үйлестіруді де мекеме өз жауапкершілігіне алып отыр екен.


Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімінің бас маманы Алуа Есіркеп әлеуметтік кәсіпкерлік санаттар бойынша түсінік берді. Бұл тақырыпта әлеуметтік деңгейге көбірек мән беріледі. «Әлеуметтік кәсіпкерлік санат төрт топқа бөлінеді. Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азамат­тар­ға қолдау білдіруге бағытталған. Осал топтарға жататын тұлғаларды жұмыспен қамту, олар өндіретін өнімге қолдау көрсету, демеу болу, олардың жеке бастарына жәрдемші болу жә­не психикалық-педагогикалық қолдау көр­сетуге бағытталған. Осы санаттар ішінде алғашқысы сәл жеңілірек. Өйт­кені жарымжан жандар, көпбалалы аналар, тұрғылықты жері жоқ немесе пробациядағы азаматтарды жұмысқа орналастыру өзге санаттарға қарағанда жылдам жүзеге асады. Қалай дегенде де кәсіпкер төрт санаттың біреуі бойын­ша өтінім білдіруі керек. Егер комис­сия мақұлдаса онда кәсіпкер қажетті қолдауын ала алады» дейді жауапты маман. Иә, бұл кәсіп бастауға ынталылар үшін табыс көзі, қарапайым халық үшін жұмыссыздықты шешудің тетігі болмақ.


Келесі кезекте ауылшаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында ақпаратқа қанықтырды. Қазіргі кәсіп бастаушылар мен шағын ісін ілгерілетушілерге бұл бағдарламаның берері көп. Аталмыш бағдарлама арқылы қызылордалықтар былтыр 3 млрд теңгеге қол жеткізіп, 700-ден аса жұмыс орны ашыл­­ған. Берілген рұқсат бойынша 406 жо­ба қаржыландырылыпты. Оның ішінде басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. 216 жоба агроөнім өңдеу, егіншілік, ауылшаруашылығы техни­касын алу және мал шаруа­шылығына бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруа­шылығы өндірістік кооперативтер жал­пы 716 млн теңге несиеге ие болған екен. 51 өндірістік кооператив құрылып, соның 31-і ғана төмендетілген пайыздық несие алыпты. Ал, биылғы меже қандай?


– Биыл Сыр өңіріне 4 млрд 596 млн несие беру көзделіп отыр. Бұл қаржыға 575 жоба мақұлданады. Оның ішінде ауылдарға басымдық беріледі. Былтыр 106 жоба елді мекен кәсіпкерлерне берілсе, биыл олардың саны 146-ға жетті. 600-ден аса жұмыс орны құрылып, шағын кәсіпкерлікке үлкен қолдау болады деген үміттеміз, – деді Гүлмира Рахымжанқызы.


Жауапты маман аудандардағы мәлі­метті салыстырып берді. Биыл қорға­латын жобалардың көбі Жаңақорған мен Шиелі ауданына тиесілі екен. Қос ауданға бөлінгелі тұрған қаржы көлемі 1,5 млрд теңгеге жуық. Жобаның саны 200-ден асады. Осы орайда ауданда­ғы жауапты өкілдер, сала мамандары қорғалуға ұсынылатын 305 жобаның құжаты дайын екенін айтты. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте тиімді жоба. Жобаға байланысты аймақ басшысы да қатаң талабын қойған болатын. Әсіресе, мал басын көбейтуге байланысты қатаң тексеруді талап етті. Оның себебі де жоқ емес, несие болсын, қайтарымсыз қаржы болсын мал басын көбейтуге берілген ақша өзге мақсат­қа бұрылып кетпеуі керек. Ауданға берілетін 100 жобаның тең жартысынан көбі мал бағытына ойысуы мүмкін. Аграрлы салаға бет бұрсақ ұтылмаймыз.


Қызылорда облысы бойынша мем­лекеттік кірістер департаментінің тү­сіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова салық жүйесі бойынша ережелерге тоқталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдар­ламаларды жылжыту бойынша бас менеджері Салтанат Абдуллаева «Бір­ыңғай кешенді бағдарлама» бағытында субсидия, шағын несие мен әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау туралы жан-жақты түсіндірді.


«Аграрлық несие копорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Айбек Дүйсе­нов өнімдік бағдарламаларға тоқтал­ды. Өнімдік бағдарламалар ішінде 4 бағыт қарастырылған. «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «Жастарды микроқаржыландыру».


– «Кең дала» қолдау қоры көктемгі дала жұмысы мен егін жинау науқаны­на арналған. «Агробизнес» жобасы аграрлы саланың барлық бағытына, атап айтқанда құрал-жабдық сатып алуға, айналым қаражатын толтыру мен құрылыс монтаждауға беріледі. «Іскер» қаржылай қоры Еңбек және жұмыс­пен қамту бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы аясында өнім өндіруге қолдау білдіреді. Жастарды қаржыландыру бағытына 21-мен 34 жас аралығындағы барлық кәсіп иелері тартылады, тек бағыты айқын, құжаты түгел болуы керек, – деді Айбек Малкайдарұлы.


Бұл бағдарлама ауылшаруашылы­ғы саласына арналған барлық кәсіп түрлерін қамтиды. Бұл бағытта жаңа­қорғандықтардың талапты бастамала­ры көңіл қуантады. Жиын соңында аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының инспекторы Бақтияр Нұрманов қысқаша түсіндірме жасады.


Мемлекет басшысының қолдауымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қабылданды. Жоба аясында 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген микрокредит беріле бастады. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Микрокредит кәсіппен айналысқысы келетін 21 мен 35 жасқа дейінгі аза­маттарға беріледі. Жеңілдетілген не­сиенің жылдық өсімі 2,5 пайыз. Алуға болатын қаржының ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Несиені 5 жыл ішінде қайтару керек, ал мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер 7 жыл ішінде қайтарса болады. Несиені кез-келген адам ала алмайды. Ол үшін арнайы бизнес-жоспар жасап, ол комиссия мүшелерінен қолдау табу керек.


– Несиеге кәсіп ашқысы келген 21-35 жас аралығындағы жас үміткер бола алады. Тіпті тұрақты жұмысы бар жастар да қосымша кәсіп ашу мақсатында несиені алуға құжат тапсырса болады. Бастысы, бизнес жоспары қолдау тапса болғаны. Микронесие кәсіптің кез-келген түріне беріледі. Белгілі бір шектеу жоқ. Бірақ кепіл болуы міндетті, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.


Марлен Бақытұлының айтуынша, өткен жылы аудан бойынша 63 жас аталмыш несиені алып, бүгінде кәсіптерін жүргізіп жатыр. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету мен мал шаруашылығы саласында кәсіп жасауда. Мәселен, кент тұрғыны Ару­жан Әлібекова сұлулық салонын ашу мақсатында қажетті жабдықтарды алуға 5 миллион теңге несие алса, қожакенттік Нұрлыбек Садықбекұлы тігін цехын ашу үшін 4 млн. 820 мың теңге қаржы алған. Ал Ілесбай Азаматұлы IT орталық ашу үшін 2 млн. 445 мың теңге, Бағдат Хайбулла Темір жонатын цех ашу үшін 5 миллион теңге несие алып жұмыс жасауда.


Жоғарыда атап өткен азаматтар мемлекеттен қолдау тауып, аталмыш несие төңірегінде кәсібнен нәсібін терген жандар. Ал, кент тұрғындары Жасұлан Қайыпов пен Әлихан Сәрсеновтер болса биылғы жылы осы несиені алып кәсібін дөңгелетсек деген неиетте.


– Мен көлік жөндеумен айналысамын. Қызметіме сұраныс көп. Кейде есіктің алдына көліктер сыймай кетеді. Әзірге ескі гаражды пайдаланып отырмын. Іші тар, көлікке бояу шашқанда тіптен ыңғайсыз. Оның үстіне аядай жерде бояудың иісінен ауа тарылып, діңкең құриды. Осы кәсібімді әрі қарай дамыту үшін үлкен гараж салу мақсатында жеңілдетілген несие алсам деген ниетім бар, – дейді Жасұлан Қайыпов.


– Мен тұрмыстық техника, оның ішінде шаңсорғыштан бастап күнделікті өмірде пайдаланатын аса қажетті құралдар­дың барлығын жөндеймін. Бірақ сол заттардың қосалқы бөлшектері ауылдан табылмайды. Түркістаннан, Шымкенттен алдырамын. Оны көріп алмаған соң кейде сәйкес келмей жатады. Оның үстіне әкелу ақысы бар, жұмысымның төлемі тұрғындарға қымбатқа түсіп кетеді. Сол себептен осындай техникалардың қосалқы бөл­шектерін сататын дүкен ашып, соның жанында жөндеу жұмыстарын жүргізсем деген ниетім бар. Осы бизнес-жоспарды несие алуға ұсынып көремін, – дейді Әлихан Сәрсенов.


Хош. Несиені рәсімдеуге 21 ден 35 жасқа дейінгі кәсібінен нәсіп тергісі келген кез-келген қазақстандық қатыса алатынын түсіндік. Енді жастарды қолдауға арналған шағын несиені алу жолдарын саралап көрейік.


Несие қай банктен және қандай жобаларға беріледі?

Несиені алғысы келген адам кез-келген бизнес түрін аша алады. Бастысы, бизнес-жоспары сұранысқа ие болса болғаны. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Бизнес жоспарды қарайтын арнайы өңірлік комиссия құрылады. Ескеретіні, бизнес жоба өзінің өзектілігімен, аргументтілігімен, экономикалық және қоғамдық маңыздылығымен, бұрын атқарылған жұмыстардың болуымен және бизнес-жоспардың өміршеңдігімен бағаланады.


Несиенің шарты қандай? Бағдарламаға тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған және кәсібін енді ашатын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат барысында тексеріледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Оны алу үшін кепіл қою міндетті. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына 7 жыл. Ал, өзге кәсіп түрлеріне 5 жыл.


Үміткер құжатты қабылдау науқаны басталған соң Қызылорда қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалына өткізеді. Аталмыш мекеме құжатты өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде тексереді. Егер құжаттар микрокредиттеу шартына сай келмесе, иесіне себебін түсіндіріп қайтарады. Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде бизнес-жоспарға бағалау жүргізіледі. Жобаны бағалағаннан кейін нәтижесін 3 жұмыс күн ішінде конкурс комиссиясына ұсы­ну үшін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы мекемеге жібереді. Комиссия шешімімен үздік деп табылған жобаның кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 жұмыс күн ішінде үміткердің шотына соманы аударады.