Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір атағынан айырылды
1 687
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ғылым академиясының академигі мәртебесінен айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын атап өтті.
«Қазір бізде РҚБ (Республикалық қоғамдық бірлестігі) бар, өткен жылы Президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылды. Ол мемлекет тарапынан қаржыландырылады», – деді министр онлайн брифинг барысында.
Оның айтуынша, бұрынғы академиктердің мәртебесі алынып тасталды.
«Ғылым академиясына бірте-бірте мықты ғалымдарды қабылдайтын боламыз. Бұрын академияда болған адамдардың статусы алынды. Жаңадан сайланған академиктер өте мықты, мойындалған ғалымдар. Бұлар Қазақ нейрохирургия қауымдастығының президенті Серік Ақшолақов, Қазақстандағы репродуктологияның негізін салушылардың бірі – Вячеслав Локшин, Дурвудхан Сұраған – Назарбаев университетінің профессоры, Максим Здоровец – Ядролық физика институтының жетекшісі, Тілекқабул Рамазанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, өте атақты физик», - деп түсіндірді министр.
Бұған дейін академиктер құрамына 155 ғалым кірген, олардың қатарында Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Министр экс-президенттің енді академик емес екенін растады.