Дәрігерлер биіктіктен құлаған әйел адамды аман алып қалды
Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлаған 34 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Ол ауыр жағдайда түсті, сүйегі сынып, ауыр ішкі жарақаттар диагнозы қойылған. Дәрігерлер оған ми жарақаты, ауыр кеуде жарақаты, көптеген қабырғалардың сынуы, пневмоторакс және гемоторакс диагнозын қойған. Әйелдің жамбасы, сан сүйегі және иық сүйегі сынған. Әйел комаға түсіп, өлім қаупі жоғары травматикалық шок алған. Ауруханаға жатқызылмас бұрын да жедел жәрдем бригадасы интубация жасап, шокқа қарсы терапияны бастаған. Әйел ауруханаға жеткізілгеннен кейін оған қажетті жедел көмек көрсетілген. Жарақаттарының ауырлығына байланысты емдеуге әртүрлі сала мамандары тартылған. №7 қалалық клиникалық аурухананың директоры Нұрдос Қадырбеков әйел бастапқыда жансақтау бөлімінде емделгенін, онда дәрігерлер ауыр шок пен көптеген жарақаттардың салдарын емдегенін айтқан. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол көп жарақат бөліміне ауыстырылған. Науқастың аяқ-қолына, ал екі күннен кейін жамбас сүйектеріне бір уақытта операция жасалған.
"Топтық жұмыс пен сауатты емдеу стратегиясының арқасында біз оң нәтижеге қол жеткізе алдық. Жарақаттарының ауырлығына қарамастан, ауруханаға түскеннен кейінгі жетінші күні дәрігерлер науқасты арнайы жабдықты пайдаланып, көлденең қалыптан тік қалыпқа біртіндеп ауыстыра бастады", – деп мәлімдеді №7 қалалық клиникалық аурухананың көп жарақат бөлімінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.







