«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері қаралды
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Үкімет аппаратының қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасу үшін арнайы келді. Мәжіліске «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары, қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, жұмыспен қамту мекемелерінің басшылары, ауылдық округ және кент әкімдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саладағы негізгі мәселелердің шешілуі жолында осындай жиындардың маңызын атап өтті.
Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты - ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді. Аймаққа өткен жылы республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінсе, биыл 4 млрд. 600 млн. теңге қаржы қаралуда. Барлығы 411 жоба несиелендіріліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.
Іс-шарада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Сырдария, Шиелі аудандарының әкімдері «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы мен артықшылықтары туралы баяндады.
Мұнан бөлек, Алматы облысынан арнайы келген «Дәулет Бекет» ЖШС бас директоры Сыдық Дәулетов, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мұсағалиев, Түркістан облысынан келген жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов өз тәжірибелерін бөлісті.
Мәжілісті қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бағдарламаны іске асыру бағытында бірқатар ұсыныс айтты.