Қызылордада тісін емдеткен бала мүгедек болып қалды
Қызылордада тісін емдетпек болған бала мүгедек болып қалған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Баласының ауырған тісіне ем іздеген ана орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясына барған. Тіс дәрігері балаға ем көрсетуінде тісін жұлып тастаған. Келесі күні баланың жақ сүйегі ісініп, жалпы денсаулығы нашарлай бастаған. Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесінде "Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы" диагнозын қойған. Осылайша балаға екі рет ота жасалған.
Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайталанып ісіп, іріңді жарасы жазылмай, Алматы қаласына ем іздеп барып, ақылы негізде хирургиялық араласу арқылы ауруханаға жатқызылады.
Баланың анасы стоматологиялық емханадан өзіне келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрап, сотқа жүгінген. Талап қоюда ол емхана медицина қызметкерінің салғырттығынан және алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеуінен ауру асқынып, бала 2 жылға жуық ұйықтай алмай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша мүгедек болып қалғанын көрсеткен.
Сондай-ақ оларға ақылы негізде үш операция жасауға, тіс емдеуге және дәрігерлерден кеңес алуға мәжбүр болғаны атап өтілген. Сот стоматологиялық емханадан моральдық шығын мен материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірген.