Партия мүшелерімен Қазалыда «Таза бейсенбі» экоакциясы жалғасын тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы бүгінде республика көлемінде кең қолдау тауып келеді. Аталған бастама аясында «AMANAT» партиясы тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бұл жолы Қазалы ауданында жалғасын тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кезекті тазалық шарасына «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Арғын Ормыбаев, сондай-ақ «Теміржолшы», «Қазалы Келешек» және «Көлік» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары белсене қатысты.
Қоғамдық белсенділік – экологиялық мәдениеттің айғағы
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі А.Елубаев көшесі тазалық жұмыстарының негізгі нысанына айналды. 30-дан астам адам қатысқан акция барысында көше бойындағы және жақын маңдағы қоғамдық аумақтар қоқыстан тазартылып, нәтижесінде 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды. Бұл – бір күндік жұмыстың нәтижесінде табиғатқа деген жанашырлық пен тұрғындар үшін таза орта қалыптастырудағы нақты қадам.
Шара барысында сөз алған аудандық мәслихат депутаты, «Теміржолшы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Арғын Ормыбаев аталған бастаманың экологиялық қана емес, тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
– Таза орта – бұл тек сыртқы көрініс емес, ол адам санасының және қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші. Бүгінгі шара – табиғатты құрметтеудің нақты көрінісі. Мұндай игі істер арқылы біз адамдардың экологиялық дүниетанымын жаңғыртып, табиғатпен үндесе өмір сүру мәдениетін қалыптастыра аламыз, – деді халық қалаулысы.
Мақсат – бір күндік тазалық емес, тұрақты мәдениет қалыптастыру
«Таза бейсенбі» акциясы – ел ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тұрақты қоғамдық бастама. Ол тек сенбілік сипатындағы тазалық шарасы емес, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, ұрпаққа таза болашақ қалдыруға үндейтін маңызды қозғалыс.
Қазалы ауданында алдағы уақытта да бұл бастама жалғасын тауып, басқа да елді мекендерде ұйымдастырылмақ. Осы арқылы табиғатқа қамқорлық – қоғамның ортақ міндеті екені тағы бір мәрте дәлелденуде.







