"Amanat" депутаты өзіне қатысты видеоны таратқан азаматтан 5 млн теңге талап еткен

1 568

Коллаж: Stan.kzЖурналист Михаил Козачков әлеуметтік желідегі арнасында Түркістан облысынан "Аманат" партиясы атынан сайланған депутат Ерғали Аманбаев өзіне қатысты тараған бейнежазба бойынша моральдық өтемақы талап етіп, сотқа арыз бергенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оқиға биыл тамыз айында басталған. Әлеуметтік желіде Шымкент қаласында Lexus көлігінің жүргізушісі жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғаны түсірілген видео тарады. Кадрларда жүргізуші қарсы жолаққа шығып, артқа жүргені және жолаушысын жолдың дәл ортасында түсіріп кеткені байқалады. Сондай-ақ ол қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Полиция дер кезінде әрекет етіп, жүргізушіні ұстаған. Тексеру нәтижесінде рөлде Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев болғаны анықталған. Құқық қорғаушылар оның үстінен алты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырған: жалған нөмір қолдану, қарсы бағытқа шығу, сақтандыру полисінің болмауы, белдік тақпау, артқа жүру және қозғалыс алдында белгі бермеу.

Сот шешімімен депутат бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Кейін "Аманат" партиясы оған қатаң сөгіс жариялады.

Біраз уақыттан соң Ерғали Аманбаев бейнероликті таратқан азаматша Джамила Джорабаеваға қарсы сотқа шағым түсірді. Депутаттың айтуынша, бейнежазба рұқсатсыз жарияланып, оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірген.

Козачковтың дерегінше, Аманбаев моральдық өтемақыны 5 миллион теңге, ал адвокат қызметіне жұмсалған шығынды 500 мың теңге деп бағалаған.

Қазір азаматтық іс судья Дидар Мұратбекұлының қарауында.