Полиция қызметкерлері көрсеткіштерін төмендетпеу үшін ауыр қылмыстарды жасырып келген

1 452

Фото: МВДПолиция қызметкерлері көрсеткіштерін төмендетпеу үшін және тәртіптік шара қолданбас үшін 11 қылмысты жасырып қалған. Тараз қаласы №2 соты үш полиция қызметкерінің ісін қарады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


2022 жылдың сәуір айынан бастап Түлкібас жол дистанциясы бастығы мен шебері теміржол апатының қаупін ескеріп, 5055 бекітпелерді ұрлаған кінәлілерді жауапқа тарту үшін бірнеше рет полиция қызметкерлеріне жүгінген. Сол кезде 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың ақпанына дейін желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған сотталушы көрсеткіштерін төмендетпеу және тәртіптік шаралар қолданбас үшін 2 орташа ауыр қылмысты және 9 ауыр қылмысты тіркемей, жасырып қалған.


“Ашылмаған 11 ұрлықты жасыру үшін ол жоспар құрып, оған желілік полиция бөлімінде басшылық қызметте болған сотталушылар Н. мен Ж.-ны тартқан. Сотталушылар кінәларын мойындамады. Алайда айыпталушылардың кінәсі іс материалдарымен расталды”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.


Прокурор сотталушыларды құқық қорғау, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ұйымдастырушылық, әкімшілік немесе басқару функцияларымен айналысумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан және 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.



“Сотталушылардың іс-әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Сот Қылмыстық кодекстің 433-бабы 3-бөлімінің 2-тармағындағы санкциясы бойынша оларға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Жазаны тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың жас балаларының бары ескерілді. Антты бұзған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылық жасауы және қылмысты қайталауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды”, – делінген хабарламада.


Қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушылар 4 жыл 8 айға сотталды. Сондай-ақ олар 5 жыл мерзімге құқық қорғау, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ұйымдастырушылық, әкімшілік немесе басқару функцияларымен айналысумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.