Бүгін Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылдық Мәдениет үйінде «Сенімді және экологиялық таза қуат көзі» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, физик, химик мамандары, ардагерлер, ауыл тұрғындары және жастар қатысты. Жиынды Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет жүргізіп отырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігіне тоқталды. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтеді. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Президент айтқандай алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Әрі осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қаланатынын жеткізді. Бүгінгі жиынның мақсаты АЭС – сенімді және экологиялық таза қуат көзі екенің сала мамандарымен бірге түсіндіру және талқылау», – деді жиынды ашқан аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ж.Еспенбет.
Ауыл тұрғындарымен өткен кездесу жиынында «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», ҰОС қатысушыларға теңестірілген ардагер Рысбай Кәрімов, Бұқарбай батыр ауылы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов, №33 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Ардақ Кеңбейлова сөз сөйлеп, «АЭС – сенімді және экологиялық таза қуат көзі» тақырыбында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
«АЭС – қауіпсіз ғана емес, ең сенімді энергия көзі. АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ атмосфераға парниктік газ шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзіне жатады. Атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығына да жауап береді. Өйткені АЭС үздіксіз жұмыс істейді әрі ауа райы жағдайына тәуелді емес. Заманауи технологияларды енгізу АЭС-тің жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді «СССР АтомРакета» девизиясының әскері болған, ҰОС қатысушыларға теңестірілген ардагер Рысбай Кәрімов.
АЭС технологиялардың қауіпсіздігі мен артықшылығын жан-жақты талқылаған зиялы қауым мен сала мамандары жиын соңында ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.