Үздік аула анықталды

1 115

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіЖетінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агентігі.

Шаһарды жасыл желекке бөлеу бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыруды мақсат еткен бұл байқау 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Биыл «Үздік аула» байқауына қатысуға 13 аула өтінім білдірген. Нәтижесінде ауласын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген «Сырдария» шағын ауданы, №4а үй тұрғыны, зейнеткер Марат Төлепбаев жеңімпаз атанды. ІІ орынды 10 жылдан астам уақыт көше бетті көгалдандырумен айналысып келе жатқан Сайыпназар ахун көшесі, №7 үй тұрғыны Бірлік Рақметов иемденсе, ал ІІІ орын  «Ақмешіт» шағын ауданы, №30 үй тұрғыны Болат Сарсаевқа бұйырды.

«Бірлігі жарасқан аула» номинациясымен Титов шағын ауданы, №28 үй тұрғыны Сауранкүл Ағыбаева, «Еңбекқор бағбан» номинациясымен «Астана-2» шағын ауданы, №50А үй тұрғыны Серік Ерімбетов және «Әсем аула» номинациясымен «Ақмешіт» шағын ауданы, №7 үй тұрғыны Мөлдір Есмахан марапатталды.

Байқау жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақы табыстады.

Шара барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де қала әкімінің Алғысымен марапатталды. Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2024» тақтайшасы орнатылды.

– «Үздік аула» – қаладағы маңызы зор әлеуметтік жобалардың бірі. Шаһарды жасыл желекпен көмкеру, халықты тазалыққа шақыру, айналамызға жанашырлықпен қарау қала тұрғындарының парызы деп білемін. Қаламыз көркейіп, гүлдене берсін, – дейді жеңімпаз Бірлік Рақметов.

Кейінгі жылдары қалада абаттандырылған аулалар қатары көбейген. Бұл – әрине, осындай игі бастамалардың нәтижесі.