Чаттағы ерегістен кейін сыныптасын атып өлтірген экс-полицейге сот үкімі шықты
243
Оқиға Қостанайда бұдан бір жыл бұрын, наурыздың 7-сінен 8-іне қараған түні болған еді. Екеуара кикілжіңнің соңы кісі өлімімен аяқталған болатын,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Руслан Қылышевке қатысты үкім шығарылды,Полиция қызметкері Руслан Қылышев пен стоматолог Ермек Омаровтың арасындағы қақтығыс сыныптастар чатындағы ерегістен туындаған. Олар екеуара жанжалды "жігітше" шешпек болады.
Ермек Омаров сыныптасына "Езуіңді тілуге барамыз. Дайындала бер. Тіпті 30 адамың аз болады" деп аудиожазба арқылы қоқаң-лоққы көрсеткен. Екеуінің ерегесі түн ортасында Руслан Қылышевтің үйінің жанында жалғасады. Жұдырығын түйіп тақай берген құрдасын полиция қызметкері өз атына тіркелген қарумен атып тастаған. Омаров сол жерде көз жұмады.
Сотта прокурор айыпталушыны 11 жылға қамауды сұрады. Алайда, Қылышевтің кәмелетке толмаған үш баласы бары ескеріліп, ол 9 жыл бас бостандығынан айырылды. Жазасын ең жоғары қауіпсіздігі бар колонияда өтейді. Сонымен қатар, жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін (марқұмның анасы) 5 миллион теңге өтеп беруі керек.